27 Ақпан, 2014

Қауіпсіздік мәселесіне – басты назар

462 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
26-02-01. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төра­ға­лы­ғымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Отырыста екі мәселе – Қазақ­стан­ның Ұлттық қауіпсіздік стра­тегиясының орындалу барысы, ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық және оны өткізу кезеңінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету жайы қаралды. Қазақстан Президенті елдің Қауіпсіздік стратегиясын бекіткен кезде қазіргі заманның негізгі үрдістері ескерілгенін атап өтті. – Әлем жылдам өзгеруде, жос­парларымыз бен болашақтағы іс-қимылымызды тиісті деңгейде өзгертуге мәжбүр ететін жаңа сын-қатерлер пайда болуда. Бүгінде оларға қарсы тұратын тәсілдер, ықпал ету әдістері, ақпараттық тех­но­логиялар өзгеруде. Өзіміз көріп отырғандай, бүгінгі күні конс­ти­туциялық құрылым, егемен­дік, мемлекеттің аумақтық тұтас­тығы жаңа деструктивтік ықпал­дарға ұшырауда. Осыған байланысты Қазақстан өте қырағы және мұқият болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев ел халқына биылғы Жолдауында Қазақстанның 23 жыл ішінде көп­ұлтты, бірақ біртұтас, ел аза­мат­тарының құқықтары мен бос­тандықтарына шек қоймайтын іргелі мемлекет ретінде тұрақты дамығаны айтылғанын еске салды. – Мен біздің ешқандай да ой­ластырылмаған «бұралаңдарға» жол бермеуге тиіс екенімізді айттым. Халқымыздың әл-ауқатын бір­тіндеп жақсартып және эконо­миканы дамыта отырып, бұрын­ғыша орнықты ілгерілей беруіміз қажет. Соңғы оқиғалар кейбір арандатушылардың елдегі ахуалға ықпал ете алатындығын көрсетті. Ақпараттық техно­ло­гия­лар қазір жаңаша қолда­нылуда және біз оған сай әрекет етуіміз қажет, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы іш­кі тұ­рақ­тылықтың, толерант­тылықтың және халық сенімінің маңызды екенін атап өтті. – Еліміздегі тұрақтылық, жал­пыға бірдей теңдік, азаматтар құ­қықтарының сақталуы жұмы­сымыздың басты бағыттары бо­луға тиіс. Қалғанының бәрі осыған негізделеді. Мен мұны қатаң қада­ғалаймын және басқалар да солай жа­сауға тиіс. Осындай тәсілмен ға­­на біз кез келген қиындықты ең­се­­­ре­міз, – деді Нұрсұлтан Назар­баев. Ұлттық қауіпсіздіктің жай-күйі мен алдағы кезеңге арналған міндеттер туралы Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Қайрат Қожамжаров баян­дама жасады. Мемлекет басшысы Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының 2013 жылғы орындалу барысына жалпы оң баға берді. Қауіптер мен сын-қатерлерге қарсы тиісінше әре­кет етудің оңтайлы тәсілдері мен тетіктерін іздестіру қажеттігі атап өтілді. Орта мерзімді кезеңге арналған Қазақстан қауіпсіздігінің жаңа сын-қатерлері мен қауіптерін ескере отырып, Стратегияға түзетулер енгізу міндеті жүктелді. Екінші мәселені талқылау барысында ел Президенті оты­рыс­қа қатысушылар назарын ЭКСПО-2017 кезінде қауіпсіздік шара­ларын қамтамасыз етудің бірқатар негізгі қағидаттарының сақталуына аударды. Біріншіден, Қазақстанға қоғамдық қауіпсіздік саласындағы әлемдік озық тәжірибелерді тарту. Екіншіден, көрмеге барлық қаты­сушылар мен қонақтар үшін қолайлы жағдайдың жасалуын қам­тамасыз ету. Үшін­шіден, бірыңғай қауіп­сіздік қағидалары мен нормаларын енгізу. Төртіншіден, уәкі­летті мемле­кеттік органдардың жауап­кер­ші­лігі аясының нақты аражігін ажы­рату және олардың өзара тиіс­ті іс-қимылын қамтамасыз ету. Осыған байланысты Мемлекет басшысы алдағы көрменің қауіп­сіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар аясында мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын ұйымдастыру үшін Ішкі істер министрі басшылық ететін арнайы ведомствоаралық штаб құруды тапсырды. Қауіпсіздік Кеңесі оты­ры­сының қорытындысында тиісті мемлекеттік органдарға бір­қатар нақты тапсырмалар бе­ріл­ді. Олардың орындалуын бақы­лау Қауіпсіздік Кеңесінің Хат­шылығына жүктелді. ----------------------------------------- Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.