Әлем • 19 Қараша, 2021

Ресей мен Қытайдың қарулануы АҚШ-тың ұйқысын қашырды

586 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

АҚШ-тың әскери-теңіз күштері сүңгуір қайықтарда пайдалану үшін гиперсониялық зымырандарды тезірек алғысы келеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ресей мен Қытайдың қарулануы АҚШ-тың ұйқысын қашырды

Бұл туралы АҚШ Әскери-теңіз күштерінің стратегиялық жүйелер бағдарламаларының жетекшісі, вице-адмирал Джонни Вулф мәлімдеді. Ол сонымен бірге флоттың гиперсониялық жабдықтарына жауап береді.

Вулф мәлімдегендей, американдық әскери-теңіз күштерінде сүңгуір қайықтардан ұшырылған гиперсониялық зымырандарды қолдану 2025-2028 жылдарға шегерілген болатын. Соның ішінде су астындағы сынақ жабдықтарына байланысты қаржыландыру уақытша тоқтаған. АҚШ флотының гиперсониялық зымырандарды алуға деген ұмтылысының бір себебі, ҚХР-дың осы саладағы мүмкіндіктерінің артуы болып отыр.

«Біз оларды 2023 жылы Құрлық әскерлеріне орналастырмақпыз. Сондай-ақ 2025 жылы zumwalt жойғышына пайдалануға тиістіміз. Содан кейін 2028 жылы зымырандарды «Вирджиния» класының сүңгуір қайықтары үшін аламыз», деді Вулф.

Бұдан бөлек, «циркон» гиперсониялық зымырандарын Ресей әскери-теңіз күштеріне сериялық жеткізу 2022 жылы басталады деп күтілуде. Соңғы рет Ресей Қорғаныс Министрлігі олардың сынақтары туралы 18 қараша күні хабарлаған еді. Солтүстік флоттың фрегаты Ақ теңізде орналасқан теңіз нысанасына тағы бір оқ жаудырды және оны тікелей соққымен дөп тигізді. Бұл мәселе де АҚШ-тың ұйқысын қашырғаны рас.

Өткен жылдан бастап Ресей «циркон» зымырандарын сынақтан өткізді. Жалпы, Қорғаныс министрлігінің ресми мәліметтері бойынша, кеме бес рет жаңа зымырандарды атқан.

«Циркон» - әлемдегі алғашқы әлеуеті өте зор гиперсониялық зымыран. Ол өзінің қозғалтқышының тартылуын пайдаланып және атмосферада маневр жасай отырып, ұзаққа ұшуға қабілетті. Оның максималды жылдамдығы тоғыз дыбыс жылдамдығына жетеді, максималды атыс диапазоны – 1 мың шақырым. «Циркон» жер үстіндегі және су астындағы нысандарды жоюға бағытталған қару.