Медицина • 20 Қараша, 2021

2022 жылы созылмалы бүйрек аурулары бар науқастар регистрі құрылады

2010 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов созылмалы бүйрек аурулары бар науқастар регистрін құру жұмыстары туралы айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

2022 жылы созылмалы бүйрек аурулары бар науқастар регистрі құрылады

«2022 жылы созылмалы бүйрек ауруы бар науқастардың сатылары бойынша регистрін құру мәселесі пысықталуда, бұл пациенттерге мониторингті күшейтуге және тиісті шаралар қабылдап, көрсетілетін медициналық көмектің көлемі мен сапасына тиісті талдау жүргізуге мүмкіндік береді. Қарсы көрсетілімдері жоқ пациенттер транспланттауды күту парағында тұр», деп жазды Ералы Тоғжанов депутат сауалына берген жауабында.

Оның айтуынша, бүйрек трансплантациясын күтетін пациенттер жыл сайын артып келеді (2019 жылы – 2706, 2021 жылдың 9 айында – 3025). Бұл ретте 2019 жылы – 136, 2020 жылы – 77, 2021 жылдың 9 айында-97 транспланттау жүргізілген.

«Трансплантацияға пациенттер кезегін төмендету үшін Қазақстан Республикасында 2022-2025 жылдарға арналған орган донорлығы мен трансплантологияны дамыту тұжырымдамасында 2022 жылдан бастап әрбір облыс орталығында көпбейінді стационарлар базасында өңірлік трансплантация орталықтарын ашу көзделген. Онда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде бүйректі ауыстыру бойынша операциялар жасау жоспарланып отыр. Нефрологиялық бейіндегі пациенттерді медициналық оңалту амбулаториялық деңгейде ақуыз-энергетикалық жетіспеушілікті дәрімен түзеуден тұрады. Гемодиализдегі гиперфосфатемияның алдын алу үшін «Севеламер« препаратымен тегін қамтылады», деп атап өтті Премьер-министрдің орынбасары.

«Сонымен бірге, қазіргі уақытта «Салидат Қайырбекова атындағы денсаулық сақтауды дамыту ұлттық ғылыми орталығы» ШЖҚ РМК «Кетостерил» препаратын қазақстандық ұлттық дәрілік формулярға енгізу жөнінде кәсіби сараптама жүргізіп, кейіннен препаратты амбулаториялық деңгейде тегін беретін дәрілік заттар тізбесіне енгізеді», деді ол.