27 Ақпан, 2014

Қатерлі ісік те емделеді

414 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Диспансер Аурудың жеңілі болмайды. «Қай жерің ауырса, жа­ның сол жерде» деп атам қа­зақ тегін айтпаған болар. Ал қатерлі ісік дегенді естігенде барлы­ғы­мыздың да денеміз тіксініп қалады. Алайда, қазір дәрігерлер алдын алса бұл дерттің де шипасы бар екенін айтып, алаң көңілге дем бере бастады. Соның бір дәлелі, бұдан бұрын хабарын бергеніміздей, жуырда Астанада шаһар басшысы Иманғали Тасмағамбетов пен Густав Русси атындағы француз Онкология институтының бас директоры Александр Еггермонт арасында қол қойылған стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастық туралы меморандум еді. Қатерлі ісік дерті санының артуы тек біздің елдің денсаулық сақтау саласының ғана емес, барлық дамыған мемлекеттердің басты мәселесіне айналып отыр­ғаны анық. Өйткені, бұл ауру-сырқатқа шалдыққандардың қайтыс болуы халықтың өлуі мен мүгедек болып қалуына әкеліп соғуда.  Жыл сайын әлемде атал­ған дертке ұшыраудың 10 миллион оқиғасы тіркелсе, осы аурудан көз жұму көрсеткіші 6,2 миллионнан асады екен. Мамандардың болжамдарына сүйенсек, 2020 жылға қарай жыл сайын осы дертке шалдығу оқиғасы 20 миллионға дейін артып, өлім көрсеткіші 10 миллионға жететін көрінеді. АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Жапония сынды ауқатты әрі дамыған мемлекет­терде ауру-сырқау деңгейі  әлдеқайда жоғары дейді. Ал ТМД мемлекеттерінің арасында бұл көрсеткіш елімізде Ресейге қарағанда, біршама тө­мен болғанмен Орталық Азия елдерімен салыстырғанда жоғары көрінеді. 2013 жылы республикамызда қатерлі ісікке шалдығу оқиғалары 100 мың адам­ға есептегенде 194,1-ге жет­кен, ал 2012 жылы 190,6-ны құрапты. Қазақстанда жыл сайын қатер­лі ісікке шалдығудың 30 мыңға жуық фактісі тіркеледі екен. 140 мыңға жуық онколо­гиялық науқас есепке алынса, оның ішінде 60 пайыздан ас­тамы химиотерапиядан өтуге мұқтаж. Елімізде онкологиялық науқастарды дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету толық көлемде тегін жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда Астана қала­сының онкологиялық дис­пан­серінде ем-дом жасау, қа­терлі ісікті анықтау ха­лық­аралық хаттамаларға сәй­кес жүргізіледі. Дегенмен, дис­пансердегі химиялық сәуле те­рапиясын автоматтандыру және оңтайландыру үшін ақ­параттық жүйемен қосымша жабдықтау қажет десек, кадрлар біліктілігін арттыру да маңызды саналады. Онкологиялық дис­пансер орта есеппен 6,5 мың қала тұрғындарына, соны­мен бірге, медициналық ұйым­ды таңдау бойынша өзге қа­ла тұр­ғындарына да көмек көр­сетеді. Оның базасында хи­­рургияның инновациялық әдістер арқылы оталар жасалады. 2009 жылы Астана қаласын дамыту бағдарламасы бойынша онкология орталығының заманауи жабдықтармен жаб­дықталған морфологиялық диаг­ностика блогы бар, ауысымына 380 келіп-кетушілерге арналған емхана, жаңа 245 орынды жаңа емдеу корпусы қолданысқа берілген. Жоғарыда айтылған, Густав Русси атындағы Онкология институты құрамында 11 жоғары технологиялық ғылыми зертхана, 2300-ден астам жоғары білікті маман жұмыс іс­тейді. Жыл сайын екі жүз мың­ға дейін кеңестер беріліп, шамамен 12900 стационарлық нау­қастарға қызмет көрсетіледі. Осы күндері Францияда обырмен ауырған науқастардың 70 пайызы сауығып шыққан. Бұл дерек науқастар көңілін бір серпілтіп тастары анық. Елді осы үрдіс Астана қаласында жалғасын табады деп отыр. Атының өзі айтуға ауыз бармайтын онкология ауруының алдын алуды және оны емдеп жазуға орасан септігін тигізетін игілікті іс аса құптауға тұрарлық. Жақсы нәтиже Отанымызда орнығып, Франция  жұртындай біздің елдің азаматтары да бола­шақта 70 пайыз, кейін одан да жоғары жетістікке жетіп жатса, еңселі елорда мерейі арта берері анық. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, «Егемен Қазақстан».