Қазір бір жақсы іс бітіп, жұрт қуанса, соның артынан ши шығатыны жиі кездесіп жүр. Алайда, оған жұрттың, қарапайым жандардың қатысы болмайды. Ши сол істің айналасында жүргендерден шығады. Өткен жылы жазда Қостанай қаласын айналып ағып жатқан Тобыл өзенінің бір иінінен қостанайлықтар мен қала қонақтары демалатын саябақ салынған еді. Оның ашылу салтанаты отшашумен аталып өткен болатын. Бірақ Тобылдың сол жағалауында адамдардың көзін қарықтырып тек от шашу емес, ақша шашу да болған екен. Облыстық қаржы полициясы қызметкерлері «Қостанай қалалық мәдениет және демалыс саябағы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Андрей Толпинскийді тұтқындады. Оған өзінің лауазымдық қызметін асыра пайдаланды, қызмет бабын пайдаланып, жалған құжат жасады деген айып тағылып отыр.
Сол саябақтың шала-шарпы аяқталған жұмысына А.Толпинский 21 миллион қаржы жұмсалды деп жалған акт көрсеткен. Осынша қаржы ол басқаратын мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның есепшотына аударылып та кеткен. Ал тексере келгенде, саябақтағы атқарылған жұмыстың көлемі 721 мың теңгеден аспаған. Мемлекет 20 миллион теңге зиян шеккен. Қазір іс одан әрі тексерілу үстінде.
Айтпақшы, биыл дәл сондай саябақ Тобылдың оң қапталынан түспек. Онда қанша миллион суға батарын кім білсін?
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.