Технология • 21 Қараша, 2021

Ресейге танымал бренд өнімдері Ozon, Amazon маркетплейстеріне де шыға бастады

427 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Көк күртенің тұтас арқасы мен екі жан қалтасында басына қарқарадай етіп орамал салған, әлде биік етіп кимешек киген қазақтың сұлу қызы асыл тастардан сақина салған сүйрік саусақтарымен үлбіреп гүл ұсынған суреті тұр.

Ресейге танымал бренд өнімдері Ozon, Amazon маркетплейстеріне де шыға бастады

«Мен қазақтың қызымын!» деген асқақ ойды айтып, ұлттық намысың мен жігеріңді алыстан-ақ жанып жіберетін мынау принт-күртені киіп көшеде кетіп бара жатқан сәт көз алдыға елестеп, осыншама ғажап сезім сыйлайтын сәнді күртені Диананың дайындап ұсынғанын астарына жапсырылған сауда қағазы айқындап тұр.  

«Қазақстанда жасалған»! Кеудеге мақтаныш ұялататын бірауыз сөзде алтынның буы бар секілді, әп-сәтте буы­нымыз босай қалды. «DB-art Сделано в Казахстане» деген бренд белгісімен шыққан әдемі қыстық күрте әрі сәнді, әрі жылы. Этикеткасына телефон нөмірін де жазыпты, қызығып, сатып алғысы келген адамның қолма-қол қоңырау шалуына ыңғайлы. Отандық өнімді өрістетуге қосқан үлесіне рахметімізді айттық, жас кәсіпкер мезіретін білдіріп, бірден осы күртені әзірлеп жатқан тігін цехына шақырды.

Кең ауланың ішіндегі екі қабат­ты үйдің үстіңгі атшаптырым залына толық­тай тігін цехы орналасқан. Он екі тігінші бас көтермей күрте тігіп отыр. Қызыл-жасыл күртелердің дайын болғаны үтіктеліп, шетінен киім ілгішке ілініп жатыр. Күртелердің жағасында «DB-art» деген жазу жапсырылған. «DB-art деген не?» дедік. «Ол мен – Диана Базарова­мын» деп өзін қайыра таныстыр­ды кәсіпкер. «Бұл тауарлар осы жер­ден анау іргеңде орналасқан үлкен базар­ға баратын болар?» деп терезеден Алматы­ның дәу барахолкасын иекпен нұс­қап Дианаға қарадық. «Жоқ. Ресейге кете­ді». Таңырқағанымыз сұраулы жүзі­міз­ден танылған болуы керек, Диана енді ша­руасының жайын ширатып айта бастады.

Негізінен, кашемир, драп маталармен жұмыс істейтін Диана соңғы кезде сәнге шыққан принт үлгілерге басымдық берген. «Жоспар бойынша бір айдағы тауар көлемі 3500 бірлікті құрайды. Білемін, бұл соншалықты қомақты көрсеткіш болмауы мүмкін, бірақ менің мүмкіндігімде бұл өте ауқымды жұмыс. Цех шағын. Жұмысшылардың тапшылығынан осы бірліктің өзін әрең игеріп отырмыз. Тауардың бәрі Ресейге кетеді. Сізге ұнаған кимешегі бар көк күртені орыстың қыз-келіншектері пышақ үстінен таласып тұрып алады. Неге екенін білмеймін, басқа ұлттың қыздары бұл күртені арнайы іздеп келіп сұрайды. Бұл да нарықтың біз түсінбейтін бір құпиясы болар.

Цехта 12 тігінші, бір технолог, бір киім пішетін маман жұмыс істейді. Киім қандай матадан, қандай сән үлгісімен тігілуі керек, қай жерінде түймесі, қалтасы, суреті болады, синтепонның қалыңдығы қанша болуы тиіс – осының бәрін технолог екеуміз ақылдаса отырып сараптамасын жасап, сызбасын әзірлейміз. Биыл сәнге қандай түс енді, қай аймақ қандай түсті ұнатады, ұзыны керек пе, қысқасы қажет пе, жалпы сипат-сұлбасын әзірлеп алған соң ғана жұмысты бастаймыз. Осы үлгі егжей-тегжейлі талқыдан өтіп, толықтай мақұл­данғаннан кейін бір үлгісі 2-3 нұсқада тігілуге кетеді. Ол дайын болған соң қате­сі мен кемшілігін тағы да талқылап, то­лық­тырып, пысықтаймыз. Мамық күртелер екі-үш қайтара тігіліп, мінсіз қалыпқа келгеннен кейін ғана өндіріске жолдама алады» дейді Д.Базарова.

Мұндағы Жансая есімді ең шебер тігінші күніне 7 күрте тігеді, қалғандары 3 пен 5-тің аралығында тапсырыс орындайды. Диана жақында Түркияда өткен жеңіл өнеркәсіп саласына арналған халықаралық көрмеге қатысып қайтты. Былтыр Корея кәсіпкерлері «Қазақстан өндірісін өркендетуге көмектесеміз» деп елімізге арнайы келіп, мата көрмесін ұйымдастырған болатын. Қыстық күр­теге арналған соңғы сәндегі қалың мата­ларды кәсіпкер, негізінен, осындай сала­лық көрмелерден сатып алады. Бірақ ше­кара жағынан ыңғайлы болғандықтан, ма­та­ларды Түркиядан тасымалдаған тиімді.

«DB-art» бренді Ресейдің ең үлкен интернет сауда желілерінің бірі Wildberries-пен келісімшарт жасасқан. Диананың айтуынша, басқа елдермен салыстырғанда, Қазақстанда интернет дүкен желісі дамымаған, адамдар әлі де болса базардан, дүкендерден сауда жасау­ды жөн санайды, ал Ресейде екінің бірі Wildberries-тен киінетінін мақтанышпен айтатын көрінеді. «DB-art» тауарлары қазір бәсекемен ғана өмір сүретін Ozon, Amazon маркетплейстерінен де көрініс тапты. Amazon-мен келісім жасау деген сөз – бұл әлемдік сауда желісінің айналымынан табылу, шексіздік әлемімен табысу, мың бірлік тауардың миллиондармен алмасуы деген сөз. Бүгінгі 3 500 бірліктің 350 млн-ға немесе одан да көп бірлікке айналуы деген сөз. Қанша өндіргің келеді – өндір, тек нарық­тың жылдамдығына ілесе алсаң, шаң қауып, шашылып қалмасаң, болғаны. Amazon-мен келісімге отырғаннан кейін тек әйелдердің қысқы киіміне ғана бағытталған бренд компания енді ерлерге арналған күртелерді де тіге бастады.

– Біз, қыз-келіншектер, өте қызық халықпыз, – дейді Диана. – Салмағы – 80 кило, 50-52 өлшемдегі киім киетін әйел­дер интернет дүкеннің жарна­ма­сын­дағы сым­баты мен сыны келіскен 46 өлшемдегі мо­дель қыздың үстіндегі киімге тапсырыс береді. Бес биенің сабасындай жайқалған, кең пішілген денесіне қарамайды, ол өзін суреттегі 46 өлшемдегі қыз секілді елес­теді. Ал тап осы жарнамаға 52-54 өл­шем­дегі киімді пайдалансақ, тауар өтпейді. Интернет дүкеннің де жұмбағы, құпия қыры мен сыры көп, үнемі зерттеу мен сараптауды қажет ететін өзінше жатқан бір әлем екеніне енді көзім жетіп жүр.

Жанына бір тігіншіні алып, Диананың өз үйінің жертөлесінде басталған шағын кәсіп төрт жылдың ішінде «DB-art» деген атауды иеленіп Ресей нарық алаңына аяқ басқан ауқымды компанияға айналып үлгерді. Бір машинасы екеу болып, бір тігіншінің жанына тағы 4-5-еуі жайғасқан соң, жертөлеге сыймай, жер алып, бір жылдың ішінде бүгінгі екі қабатты цехты салды. Тігін машинасын алса, жұмыскерінің жалақысын төлей алмай, қымбаттау матаға қызыққанымен, қолының қысқалығынан сатып ала алмай қатал бәсекелестік жолында талай қиналса да, қайсар мінезді қыз кері шегінген жоқ. Цех шағын болған соң кіріс те аз, аз кірісті үнемдеп жинап, машиналар сатып ала отырып, бүгін, міне оның санын он екіге жеткізді. Диананың тек түйме қадайтын машинасының өзі 970 мың теңге тұрады. Киімнің етек-жеңін әдіптейтін, принт салатын, тігетін машиналарының бағасы да осы шамалас. «Бүгін үлкен көрініп тұрған бұл цех болашақта қойма ғана болып қалуы да мүмкін» дейді жас кәсіпкер. Жас кәсіп иесі үшін қиындық та жоқ емес. Ең үлкен қиындық – маманның тапшылығы. Жұмыссыз тігінші көп болғанымен, жұ­мысқа құлықтысы аз. Жоғары оқу орындары мен колледждердің жеңіл өнеркәсіп факуль­тетін тәмамдаған бойжеткендердің біра­зын жұмысқа шақырып көрді – қолына ине ұстай алмайды. Адамнан асқан төзім­ділікті қажет ететін тігін өнерін меңгеріп, күрте тіккеннен гөрі біреудің тырнағын бояғанды тәуір көріп, тайып тұрады.

Диананың жары Арғынтай да пластмасса бұйымдарын шығаратын елдегі ірі кәсіпкерлердің бірі. Ерінің табысын ұқсатып, төрт баланың тәрбиесімен үйде отырса да жарасар еді. Бірақ қар­ша­дайынан он саусағынан өнер тамған ісмер анасы Гүлғалифаның жанында жүріп еңбекпен шынығып өскен өжет қыз өз қабілетін батылдарға ғана бас иетін бизнес бәсекесінде сынап көруге бел буды. Ерте тұрып, кеш жататын Диана­ның бар мақсаты – үздіксіз даму. Кешегіге қарағанда бүгін мықтырақ болу. «Базарда сатушы емес, тұтынушы патша болуы керек» деп есептейтін Диана әр тұтынушысы риза болатындай тауар­ын талғаммен, сапалы тігуге тырысатын «DB-art» компаниясын Қазақстан нарығындағы бәсекелестікке бой алдырмайтын маңызды брендке айналдырып, өз уақытына сай түлету үшін тынымсыз еңбектенеді. Ағылшын тілінің маманы бола тұрып, өз жүрек қалауы мен өмірлік мақсатын дәл анықтаған Диананың дөңгеленген шаруасына қарап, шағын компанияның келешегінің кемел болатынына күмәнсіз сенгің келеді.