Экономика • 22 Қараша, 2021

Тиімділігін дәлелдеген бағдарлама

262 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына дәл осындай баға берді. Шы­нында да, аты қарапайым болғаны­мен, заты маңызды бағдарлама пан­­демия кезінде ел азамат­та­ры мен кәсіпкерлеріне ауқым­ды әрі жедел қолдау көрсетті.

Тиімділігін дәлелдеген бағдарлама

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»

Мемлекет басшысы өз Жол­дауын­да атап өткендей, аталған бағ­дар­ламаны жүзеге асыру барысын­да 3,5  мыңнан астам жоба іске қо­сыл­ды. Сондай-ақ 70 мың жұмыс орны ашылды. Өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтің жалпы құны 3,5 трлн теңге болды.

«Жалпы экономикалық дамуы­мызда оң үрдіс бар екені сөзсіз. Алайда бүгінгі ахуалдың әлі де күрделі екенін ашық айтуы­мыз керек» деген Президент «Қара­пайым заттар экономикасы» және «Биз­нестің жол картасы» бағдарла­маларының мерзімін 2022 жылға ұластыру туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ бұл мақсатқа бөлінетін қаражаттың жалпы көлемі кемінде 1 трлн теңге болатынын айтты.

Ұлттық экономика министрлігі түсініктеме бергендей, «Қарапайым заттар экономикасы» халық тұты­натын тауарларды қолдауға бағыт­талған. Бағдарлама шеңберінде кәсіп­керлерге 6 пайыздық түпкілікті мөл­шерлемемен жеңілдетілген кре­дит беріледі. Кредит сомасы шек­телмейді. Ал субсидиялау мерзімі 10 жылды құрайды.

Әу баста 2019 жылдан 2021 жыл­ға дейін ғана іске асырылады деп жоспарланған бағдарлама өң­деу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп кешеніндегі өндірісті кеңейтуге және ішкі нарықты отандық өндіру­шілердің тауарларымен һәм қыз­меттерімен толықтыруға күш салды. «Қарапайым заттар экономикасы» отандық өндірісті дамытуға және өңірлік өнім шығару көрсеткіштерін арттыруға да септігін тигізді. Мем­ле­кет басшысының бағдарлама мерзімін ұзартуы да сондықтан.

Бағдарлама талаптарына сәйкес екін­ші деңгейлі банктер мен «Аг­рар­лық несие корпорациясына» тиіс­­ті қа­ра­жатты Ұлттық банк бере­ді. Бұл ретте бағалы қағаздарды банк­­тер мен несие корпорациясын жыл­дық 11 пайызға дейінгі сыйақы мөл­­шер­­ле­ме­сімен 10 жылға дейінгі мер­зім­ге 1 трлн теңгеге дейінгі со­ма­ға сатып алады. Осы орайда жеке кә­сіп­­кер­лік субъектілерінің жобаларын қор­­лан­дырудың жалпы сомасы 1 трлн теңгеге тең. Оның ішінде агро­­өнер­­кәсіпті қайта өңдеуге – 300 млрд тең­ге, агроөнеркәсіп өндірісіне – 300 млрд теңге, өңдеу өнеркәсібі мен қыз­­мет көрсетуге 400 млрд тең­ге көзделген.

Аграрлық несие корпорациясы екінші деңгейлі банктермен, лизингтік компаниялармен қатар агроөнеркәсіп кешенінде өндіру және қайта өңдеу жобаларын қаржы­ландыру жөніндегі оператор болып саналады. Корпорация тікелей кре­дит берумен қатар кейіннен ауыл шаруашылығы тауарын өндіру­шілерге кредит үлестіру үшін несие серіктестіктерін қорландыруға құқылы. Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші бойынша тауарлар тізбесі кредиттеу бо­йынша басым жобаларды іріктеудің негізгі критерийі саналады.

Өңдеу өнеркәсібіндегі, көр­сеті­­летін қызметтердегі және агро­өнер­­кәсіп кешеніндегі қайта өң­­деуге қатысты жобаларды «Даму» кәсіп­керлікті дамыту қоры республи­калық бюджет қара­жаты есебінен субсидиялайды. Мұн­дағы әкімші – Ұлт­тық экономика министр­лігі. Агро­өнеркәсіптегі өндіру және қай­та өңдеу жобаларын Ауыл ша­руа­шы­лығы министрлігі субсидия­лайды.

Бүгінде бағдарлама іске асырыла бастаған сәттен бастап (2019 жылдан бері) екінші деңгейлі банк­тер мен Аграрлық несие корпорациясы 803,5 млрд теңгеге 3 314 жобаны мақұлдады. Оның ішінде Аграрлық несие корпорациясы желісі бойынша 2 203 жоба (102,4 млрд теңге), «Даму» желісі бойынша 1 111 жоба (701,1 млрд теңге) қар­жыландырылды.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, «Бизнес­тің жол картасы» бағдар­ла­масы да өз жұмысын жалғастыра­ды. Бұл бағдарлама бойынша 2020 жыл­дан бастап салалық шектеусіз жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен 5 жыл мерзімге 7 млрд теңгеге дейін жеңілдетілген кредит беріледі. Бағ­дар­ламаны қолдаудың негізгі қаржы құралдарына пайыздық мөл­шер­лемені субсидиялау және кәсіп­керлердің кредиттеріне кепіл­дік беру, мемлекеттік гранттар ұсыну, сондай-ақ бизнес жобаларғ­а жетіспейтін инженерлік инфрақұ­рылымды жеткізу кіреді. Кәсіпкер­лерді қаржысыз қолдаумен бизнесті жүргізуді оқыту, болашақ және ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді кон­суль­тациялық сүйемелдеу тұрғысы­нан да жобалар кешені көзделген.

«Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларын іске асырудың барлық кезеңінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 106 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құрған. 36 трлн теңгеге өнімдер мен қызметтер шығарылып, бюджетке 2,3 трлн теңге салық төленген.