Қазақстан • 22 Қараша, 2021

Туған жерге ырыстан қазық қаққан

747 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сыртқа шыққанда Сыр бойы, Шиелі туралы әңгіме айтыла қалса кешегі тарих есінде қалған елдің «Е-е, жарықтық Ыбекең түлеткен топырақ қой» деп жататыны бар. Ыбекеңі – кәдімгі екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев.

Туған жерге ырыстан қазық қаққан

Еңбек бағаланатын ке­шегі кезеңде Қазақстанда осындай жоғары марапатты қатарынан екі рет иеленгендер санаулы ғана. Осындайда Жетісу өңіріндегі «Октябрьдің 40 жылдығы» ұжымшарын басқарып, Одақ­тағы алдыңғы қатарлы ша­руашылыққа айналдырған Николай Головацкий айтты деген сөз еске түседі. Ұлты поляк Николай Никитич сұраған жұртқа өзінің бес ағайынды екенін айтып, қос жұлдызды жарқырата таққан Дінмұхаммед Қонаев, Ыбы­рай Жақаев, Жазылбек Қуанышбаев, Нұрмолда Ал­дабергеновтерді бауырларым деумен өтіпті. Шиелідегі Ыбырай мен Мойынқұмдағы Жазылбектің аға-іні болып сыйласуы бір бөлек әңгіменің жүгі. Биыл еңбегімен ел алдына шығып, артына талай маржан сөз қалдырған Ыбырай Жақаевтың туғанына 130 жыл толып отыр.

Жалпы, ел аузында «Жа­қаев айтты» деген сөз көп. Қазіргі «Еңбектің көзін тап­қан, байлықтың өзін табады», «Егінші – мәрт, жер – жомарт», «Еріншек егіншіден елгезек масақшы озады» деген афоризмдердің түп иесі осы даңғайыр диқан. Аттай қалап Алматыға шақырып, Жазушылар одағының жиынына қатыстырғандағы Ыбекеңнің «Диқан кет­пеніне, қойшы таяғына, жазушы қала­мына ие болсын» деген қанатты сөзі әркім орнында отырса қоғам дамуы тежел­мейтіндігінің тұспалы еді.

Шиелі ауданының әкім­дігі даңғайыр диқанның 130 жылдығын мерекелеуді Ы.Жақаев ауылындағы С.Бо­қаев, З.Ержанова, Ә.Қоңы­р­атбаев, А.Құнанбаев, №3 кө­шелерін жөндеуден бас­тап­ты. Ы.Жақаев және Қ.Ора­зымбетов көшесі аралы­ғында жаяу жүргіншілер жо­лы салынып, біраз көше жарық­тандырылыпты.

Қазір ақ күріштің атасы рекорд орнатқан түбекке арнайы белгі эскизі дайындалуда. Иіркөл ауылдық округіндегі диқан тұрған үй ауласындағы музей жекешелендіріліп, ұрпақта­рына берілді. Жас­тар арасында құрылған «Жа­қаевшылар ізбасарлары» қозғалысы біраз жұмысты еңсеріп тастапты.

Еңбекке, еңбек адамына деген құрмет көмескіленіп бара жатқандай көрінетін қазіргі уақытта диқан өмірін дәріптеген шаралар жыл басындағы аудандық тілдерді дамыту бөлімі мен Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейі филиалының ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінде «Ақ кү­ріштен тау тұрғызған нар тұлға» атты салтанатты жиыннан басталды. Шараға қатысқандар Ы.Жақаев атын­дағы күріш өсіру тарихы музейіндегі көрмені аралап, дойбыдан өткен жарысты тамашалады.

Шиелі аудандық тари­хи-өлкетану музейі, Нар­тай Бекежановтың мемо­риал­дық өнер музейі фи­лиа­­лы жә­не аудандық орталық­тан­ды­рыл­ған кітап­хан­алар жүйесі ұйым­­дас­тыруымен онлайн лек­циялар, кент жә­не ауылдық округтегі кітап­ханаларда Ы.Жа­қаев­тың нақыл сөздері­нен жа­сақталған кітап көрмесі, биб­лиографиялық шолу, танымдық-ақпараттық са­ғат­тар өткізілді.

Дән атасының 130 жыл­­­­дығына орай ауыр ат­­лети­ка­дан республика­лық тур­нир ұйымдастырылып, оған Жамбыл, Түркістан, Ба­тыс Қазақстан, Ақтөбе, Алма­ты, Атырау облыстары мен көршілес Қырғызстан Рес­публикасынан зілтемір­шілер қатысты. Турнирдің ашылуында төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин жастарға сәттілік тіледі.

Ай соңында облыс орта­лы­ғында даңғайыр диқан­ға арналған шаралар қоры­тындыланып, ауданда «Ақ күріштен тау тұрғызған Жа­қаев» атты республикалық ақындар айтысын өткізу жос­парланып отыр.

 

Қызылорда