Жаңа пәтер сату және сатып алудың машақаты көп. Оның жарты ақшасын банктен алсаң, тіптен қиын. Жүрісің де, жұмысың да көбейеді. Құрылыс компаниясы мен банктің арасын жол қылып, одан қала берді халыққа қызмет көрсету орталығы мен нотариустың арасында сабылып жүргенде біршама уақытыңыз да зуылдап өте шығады. Егер жаңа жүйе іске қосылса, небәрі 15 минуттың ішінде пәтерді өз атыңызға рәсімдеуге болады. Бұл жөнінде арнайы өткен брифингте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты. Әзірше жоба тестілеу режімінде жұмыс істеп жатыр.
Электронды қызмет «Цифрландыру, инновациялар және ғылым арқылы технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы аясында қолға алынған. Осы қызметті іске қосу үшін Әділет министрлігінің, банктер мен құрылыс компаниясының ақпараттық жүйелері біріктірілген екен.
Жалпы, дүние жүзінде блокчейн – деректерді біріктіру және сақтау жағынан ең қауіпсіз жүйе болып саналады. Бұл технология Қазақстанда екінші рет қолданылып отыр, бүгінге дейін ол ауыл шаруашылығы саласына енгізілген еді.
«Баспаналы болу – адам өміріндегі ең маңызды оқиғалардың бірі. Біз құрылыс компаниясынан жылжымайтын мүлікті сатып алу рәсімін онлайнға көшіруді қолға алдық. Осылайша, пәтер алу рәсімін жеңілдетуді көздеп отырмыз. Жаңа технология толық іске қосылған кезде азаматтар құрылыс компаниясына, банкке, нотариуске және халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып жүрмей-ақ тұрғын үйді онлайн рәсімдей алады. Пандемияға қарамастан жылжымайтын мүлік сатылымында тұрақты өсім бар. Жыл басынан бері қазақстандықтар халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 900 мыңнан аса және нотариус арқылы 700 мың рет баспана рәсімдеген. Бұл дегеніңіз, клиенттер тұрғын үй құжаттарын рәсімдеу үшін мемлекеттік қызметтерге 3 млн мәрте жүгінді деген сөз. Ал блокчейн технологиясын енгізу арқылы біз жылжымайтын мүлік пен оның кепілін тіркеу процесін жеделдете және жеңілдете алдық. Өздеріңізге мәлім, тұрғын үйді бір адамнан екінші адамның атына аударуға, мұрагерлікке беруге немесе қайта жазуға болады. Біз құрылыс компаниясынан бастапқы тұрғын үйді сату және сатып алу жолын таңдадық, өйткені бұл жерде адамның еркіне әсер ету қаупі жоқ», дейді министр Б.Мусин.
Пәтерді онлайн сатып алу процесі мәмлені қашықтан жүргізуге мүмкіндік береді. Брифингке қатысқан құрылыс компаниясы өкілдерінің айтуынша, жылжымайтын мүлік нарығында мұндай қызмет бұрын-соңды болмаған.
«Бұл жаңалық жылжымайтын мүлікті сатып алу тәсілін жақсы жағына қарай түбегейлі өзгертетініне сенеміз. Қазір азаматтар пәтер сатып алуға 10 күндей уақытын жұмсаса, блокчейн жүйесі санаулы минуттарда сатып алу-сату шартына қолжеткізуге мүмкіндік береді. Бұл – қазақстандық тұрғын үй нарығындағы тың серпіліс. Тіпті әлемнің кез келген түкпірінде отырып, Қазақстаннан үй алуға болады. Баспана сатып алушы тек 4800 теңге көлеміндегі мемлекеттік баж салығын төлесе жеткілікті. Осылайша, клиент нотариус қызметтеріне төленетін 49 мың теңгеге дейінгі қаржыны үнемдей алады. Біз бұл жобаға эксклюзивті құқық иеленбейміз. Демек, цифрлы рәсімдеу жүйесін құрылыс саласындағы басқа әріптестеріміз де қолдана алады», дейді кәсіпкер Айдын Рахымбаев.
Әзірше онлайн ипотеканың толық циклін тіркеу жекелеген компаниялар мен банктердің сайтында жүзеге асырылады. Цифрлы ипотеканы рәсімдеу қалай жүргізіледі? Алдымен клиент құрылыс компаниясының сайтына кіріп, тұрғын үй кешендерінен қалаған пәтерін таңдайды. Содан кейін пәтер сатып алушының өтініші автоматты түрде банкке жолданады. Қарыз алушының профилін сәйкестендіру және бекіту санаулы минуттарда жүзеге асырылады. Келісім алғаннан кейін клиент банктің мобильді қосымшасына өтіп, онлайн түрде банкпен келісімшартқа отырады. Әрі қарай банк құрылыс компаниясына ақшаны өзі аударады және бұл туралы клиентті хабардар етеді. Жылжымайтын мүлікті пайдалануға бергеннен кейін клиент банктің мобильді қосымшасы арқылы кепілді онлайн тіркеу қызметін пайдалана алады.
Halyk Bank басқарма төрағасының орынбасары Жұмабек Мамутовтың айтуынша, ипотекалық несиелеу – бүгінгі таңда сұранысқа ие өнімдердің бірі. Цифрлы форматқа көшу банк клиенттеріне көптен күткен баспанасын сатып алу уақытын айтарлықтай қысқартады. Бұған қоса, кепіл шарты мен үлестік қатысу шартын тіркеу процестері де жеңілдетіліп отыр.
«Мемлекет пен бизнестің өзара ынтымақтастығы нәтижесінде дәстүрлі қызметтер онлайн режімге көшіп, азаматтардың құжаттарды рәсімдеу жұмысы қолайлы бола түсті. Мұны елге ыңғайлы қызмет қана емес, қауіпсіздік пен сенімділікке кепілдік беретін абсолютті ашық тәсіл деуге болады», деді брифингте Ж.Мамутов.
Жылжымайтын мүлікті онлайн сатып алудың тағы бір артықшылығы – клиенттерге «бір терезе» қағидатымен қызмет көрсетіледі. Мәміле нотариустың қатысуынсыз жасалады. Оны халыққа қызмет көрсету орталығы куәландырады.
Брифинг қатысушыларының сөзіне сенсек, онлайн түрде үй алу – халыққа пайдасы көп қызмет. Шынымен ол тиімді жоба бола ма? Бұл – уақыт еншісіндегі шаруа.