28 Ақпан, 2014

Жолдау – жаңаша ұғым

318 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Орал қаласында облыс активі өткізіліп, Мәдениет және ақпарат министрі, республикалық насихаттық-ақпараттық топтың жетекшісі М.Құл-Мұхаммед активке қатысушыларды сапар мақсатымен таныстырды. Бүгін Орал өңіріне орталық мемлекеттік органдардың жетек­шілері мен жауапты қызмет­керлері Елбасының биылғы Жол­дауын ел арасында түсіндіріп, талдау мақсатымен келіп отыр. Әрине, өмір болған соң  бәрі теп-тегіс, жұп-жұмыр бола бермейді. Ақжайық айма­ғын­да қандай проб­лемалар мен шешімін таба алмай жатқан мәселелер бар? Ел-жұрттың әр­түр­лі талап-тілектері мен мұң-мұқтаждарына құлақ түру де – ақпараттық-насихаттық топ мү­шелерінің басты парызы. Олар аудандарға шығып, елдің тыныс-тіршілігімен танысып, алда тұрған міндеттерді Елбасы Жолдауымен үндестіре, байла­ныстыра қарауға ден қойып отыр. Топ жетекшісі ретінде осын­дай мақсатпен өзім де қазір бір ауданға жүргелі отырмын. Кейін сапар қорытындысы бойынша жинақталған ақпараттар мен талдаулар Мемлекет басшы­сына ұсынылады, – деді министр. Мұхтар Абрарұлы бұдан әрі ол соңғы 17 жылда барша қазақ­стандықтардың тілдік қорына кеңінен енген, әрі олардың сана-сезімдерінен берік орын тепкен Жолдау ұғымы жөнінде айтып берді. Яғни, Жолдаудың өзі – мүлдем жаңаша ұғым, жаңаша түсінік. Сонау 1997 жылы Елбасы өзінің Жолдауын тұңғыш рет республика тұрғындарына жа­риялаған кезде мұндай үрдіс көптеген өзге мемлекеттер үшін бұған дейін қолданылмаған тың тәсіл еді. Оның аясын тек бір ғана ТМД мемлекеттерімен шек­­тей салуға болмайды. Содан соң топ жетекшісі Елба­сының жыл сайынғы дәстүрге айналған жолдауларының арасында тарихи маңызы айрықша жоғары, ел экономикасы мен мәдениетін дамытуға тың серпіліс әкелген үш Жолдауға ерекше маңыз берді. Мұның біріншісі, әрине, жоғарыда айтылғандай, «Қазақстан-2030» Стратегиясын қабылдаған 1997 жылғы тұңғыш Жолдау. Мұнда мемлекетті дамы­тудың ұзақ мерзімге арналған жеті бағыты мен елді тұтастай индустрияландырудың жаңа көк­жиектері белгіленді. Өзінің мәні мен маңызы жөнінен тағы бір тамыры терең құжаттың бірі – 2005 жылы жарияланған Қазақстанның саяси-экономикалық және әлеу­мет­тік даму жолдарын жеделдету мен жаңғыртуға бағытталған Жолдау. Мұнда бес мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға басымдық берілді. Бұлар – тағы да индустрия­ландыру, сонымен бірге, денсаулық сақтау, білім беру, тұрғындарды еңбекпен қамту және тілдерді дамыту бағдарламалары. Қазіргі күн биігінен қарағанда, мұның бәрі де өздерінің тарихи міндеттерін орындап шықты. Президент Нұрсұлтан Назар­баев әлемдік қауымдастық арасында алғашқылардың бірі болып жария еткен жолдаулардың арасында «Қазақстан-2050» Стра­тегиясының орны тіптен бөлек. Мұнда алдыңғы жолдау­ларға өзек болған елді тұтастай жаңғырту жөніндегі атқарылған істерге баға берілді. Тәуелсіздік жылдарында жүзеге асқан сан алуан істер сарапқа салынды. Ең бастысы, осы Жолдауда мемлекетіміздің 2050 жыл­дарға дейінгі Даму стратегиясы тайға таң­ба басқандай айқындалып берілді. Мұн­дағы бас­ты мақсат – Жолдаудың атауында тұр. Иә, тек бір мақсат, бір мүдде, бір бола­шақ жағ­дайында ғана біз алға қойылған стра­те­гиялық мақсаттарға қол жеткізе аламыз. Орал өңіріне орталық мемлекеттік орган­дардың жауапты қызметкерлерін бастап кел­ген топ жетекшісі өз ойын осылай түйіндеді. Кеше топ мүшелері өздері алға қойған міндеттерді орындау үшін облыс аудандарына аттанып кетті. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы.