Қазақстан • 24 Қараша, 2021

Жастар болашақ ұрпаққа криптокапсула арқылы Жолдау жасады

380 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елордада Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орайластырылған «Тәуелсіздік ұрпақтары» жалпыұлттық жастар форумы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz АҚДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жастар болашақ ұрпаққа криптокапсула арқылы Жолдау жасады
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы форум қатысушыларына бейнеүндеу жасады. «Баршаңызды Тәуелсіздіктің отызжылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл Тәңірдің біздің ұрпаққа берген баға жетпес үлкен сыйы. Отыз жыл - халқымыз үшін тарихи белес. Біз осы уақыт ішінде ата-бабамыз арманын орындап қана қоймай, оны баянды ете білдік. Қазақстанды әлем таныған, жаһан мойындаған, іргелі мемлекетке айналдырдық», деді Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
 
Форумның іс-шараларына ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Парламент депутаттары, сондай-ақ еліміздің барлық өңірлеріндегі Қазақстанның прогрессивті жастарының өкілдері қатысты.
 
ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев «Тәуелсіздік ұрпақтары» форумын өткізу аясында ғылыми, шығармашылық, қоғамдық қызметі, сондай-ақ жоғары спорттық жетістіктері үшін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттарына дипломдар табыс етті. Ол дарынды жастардың жаңа буыны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың жастарды қолдаудағы жоғары рөлін атай отырып, мықты және бейбітсүйгіш мемлекет құру бағытын жалғастыратынына сенім білдірді.
 
Сенат Төрағасы өз сөзінде қатысушыларды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен және Тұңғыш Президент күнімен құттықтады. Ол сондай-ақ Қазақстанның еліміздің Тәуелсіздік алғалы қол жеткізген жетістіктерге тоқтала келіп, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жастарды қолдауға арналған бастамалары туралы жан-жақты айтып берді.
 
«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап жастарымыз әлемнің ең озық жоғары оқу орындарында білім алу үшін «Болашақ» бағдарламасы іске асырылды. Бағдарлама арқылы қазақстандық жастар әлемнің ең үздік университеттерінде білім алды. Осы жылдары 1800 шамасында жаңа мектеп салынды. Ұлт денсаулығын жақсарту жолында жаңа ауруханалар мен ғылыми медицина орталықтары бой көтерді. Тәуелсіздік алғалы 1800-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып, пайдалануға берілді. Еліміздің, әсіресе, өңірлер мен ауыл-аймақтың инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған көптеген жобалар жүзеге асырылды. Мұның бәрі, ең алдымен, жастарымыздың білімді, дені сау, бәсекеге қабілетті болып қалыптасуы үшін жасалды», деді Мәулен Әшімбаев.
 
Сенат Төрағасы сонымен қатар күні кеше Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің отырысында Елбасы «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын жариялап, қазақстандықтардың жаңа дәуірдегі басты бағдарын айқындап бергенін айтты. Тұңғыш Президент сөзін тілге тиек еткен Мәулен Әшімбаев Тәуелсіздікті, бірлік пен келісімді, ата-бабадан мирас болған жерді, отбасылық құндылықтар мен салт-дәстүрді, ұлттық мәдениетті сақтап, білім мен еңбекке және прагматизмге басымдық беру арқылы жасампаз ұлт болып қалыптасатынымызды атап өтті.
 
Сенат Төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен соңғы жылдары елімізде жастар саясаты аясында ауқымды жұмыс атқарылғанын да жеткізді. Олардың қатарында Волонтер жылын өткізу, Президенттік жастар кадрлық резервін құру, саяси партиялардың сайлау тізімінде әйелдер мен жастар үшін міндетті 30 пайыздық квотаны заңмен енгізу жөніндегі бастама және тағы басқалары бар.
 
«Президентіміздің бастамасымен жастарды қолдауға арналған жүйелі жобалар іске асырылуда. Мемлекет тарапынан жастар үшін тиімді және әділетті әлеуметтік лифт қалыптастыруға баса мән берілуде. Осының негізінде Президенттік жастар кадрлық резерві жасақталып, білікті жастар іріктелді», деді Сенат Төрағасы.
 
Ел Тәуелсіздігінің 30 жыл ішіндегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жастар саясаты саласындағы бастамаларының практикалық маңыздылығы жөнінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева егжей-тегжейлі тоқталды. Атап айтқанда, Министр мемлекеттік жастар саясаты туралы заңды, «Болашақ» халықаралық стипендиясын, талантты, еңбекқор және белсенді жастарды қолдауға бағытталған «Дарын» Мемлекеттік сыйлығын; сондай-ақ «Дипломмен ауылға», «Жасыл ел» «Жастар практикасы», «Серпін» жобаларын және т.б. ерекше атап өтті.
 
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды қолдау саясатының сабақтастығын жалғастырып келеді», деді А.Балаева.
 
Атап айтқанда, Президенттің тапсырмасы бойынша Министр Қазақстан жастарын дамыту индексінің жобасы әзірленгенін, ол бойынша жергілікті органдардың жастар саясатын іске асыру жөніндегі жұмысы нақты критерийлер негізінде бағаланатындығы жөнінде айтып берді. А.Балаева аталған индекс келесі жылдан бастап Қазақстанның барлық 17 өңірінде енгізілетінін хабарлады.
 
Өткен форумның маңызды бөлігі 2041 жылғы болашақ ұрпаққа Жолдауы бар криптокапсуланың іске қосылуы болды. Бұл криптокапсула Қазақстан тәуелсіздігінің 50 жылдығына орай ашылады деп жоспарлануда. Оны ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы жастарының өкілдері атынан математика пәні бойынша халықаралық олимпиада жеңімпазы Сұлтанбек Байжанов іске қосты. Криптовалютаны жас стартапер Тимур Рысбеков арнайы әзірлегенін атап өткен жөн.
 
Форум барысында жас белсенділердің бастамашыл тобы Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа «Алғыс кітабын» табыс етуді ұсынды. Онда Қазақстан Тәуелсіздігінің арқасында кәсіби және қоғамдық маңызы бар табыстарға қол жеткізген ел жастары өкілдерінің алғыс сөздері жинақталған.
 
Қазақстан жастарының «Тәуелсіздік ұрпақтары» форумы аясында белсенді жастарға арналған форсайт-сессиялар: бизнесмендер, зерттеушілер, ҮЕҰ көшбасшылары, БҰҰ өкілдері қатарынан белгілі спикерлердің қатысуымен Қазақстан жастарын толғандыратын түрлі өзекті тақырыптар бойынша өтті.
 
Форсайт-сессиялар «Тұлғаны дамыту трендтері», «Спиральды динамика. Адамзатқа қолжетімді ойлаудың тәсілдері», «Халықаралық волонтерлік – жеке тұлғаның дамуының жаңа тренді ретінде», «Әлемдегі және Қазақстандағы кәсіпкерліктің цифрлық трансформациясы», «XXI ғасырдағы халықаралық дамуға жәрдемдесу: негізгі үрдістер» секілді тақырыптарға арналған.