А.Маминнің айтуынша, биыл Үкімет еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етті. 10 айдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің өсу қарқыны 3,5 пайызға дейін жетті. Нақты сектор ұлттық экономиканың негізгі өсу драйвері мен орнықты дамуының факторы болып отыр. Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 5,3 пайызға өсті, бұл өңделген тауарлар экспортын 25,5 пайызға өсіруге мүмкіндік берді. Құрылыс секторында жоғары өсу қарқыны сақталуда. Жыл басынан бері 11,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл былтырғы жылдың осындай кезеңіне қарағанда 7,6 пайызға жоғары. Қабылданып жатқан жүйелі шаралар кен өндірумен айналыспайтын салалардағы жоғары инвестициялық белсенділікті қамтамасыз етеді. 10 айдың қорытындысы бойынша инвестициялардың өсуі 14 пайызды құрады.
Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 11,1 млрд доллар тікелей шетелдік инвестициялар тартылды, бұл былтырғы жылдың осындай кезеңіне қарағанда 30,4 пайызға жоғары. Халықаралық қаржылық және рейтингтік ұйымдар қазақстандық экономиканы орнықты деп таныды. Биылғы үшінші тоқсанда халықаралық жетекші кредиттік агенттіктер Қазақстанның пандемияға дейінгі егемен рейтингін растады.
Жаппай вакциналаудың нәтижесінде елімізде тұрақты эпидемиялық жағдай сақталуда. Бүгінгі күні бірінші компонентті 8,7 млн адам алды – бұл 18 жастан асқан тұрғындардың 76%-ы, екінші компонентті шамамен 8 млн адам алды – бұл халықтың 70%-ға жуығы.
Биыл жалпыұлттық халық санағы ойдағыдай өтті. Елімізде санақ тұңғыш рет электронды форматта ұйымдастырылды. Санақ нәтижелері елді одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамыту бойынша алға қойылған міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік береді.
– 1991 жылдың 16 желтоқсанында еліміз тәуелсіздік алды. Тарихи тұрғыдан аз уақыт аралығында маңызды істер атқарылды. Қазақстан өз даму жолында сапалы серпіліс жасады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айқындаған стратегиялық бағдар – мемлекетіміздің қалыптасу барысындағы барлық сын-қатерді батыл еңсеруге мүмкіндік беріп, еліміздің қарқынды дамуының кепіліне айналды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өндірістердің тоқтап, саудадағы байланыстардың үзіліп, жаппай жұмыссыздықтың болғаны, сондай-ақ жылумен және электрмен жабдықтау тұрақсыз, ал негізгі азық-түліктің жетіспегені қазір аға буын өкілдерінің ғана есінде. Осындай күрделі кезеңнен абыроймен өтіп, Қазақстанның табысқа жетуі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың елді дамыту жолын дәл таңдауының арқасында болып отыр, – деді А.Мамин.
Үкімет басшысы қазақстандық дамудың маңызды кезеңдеріне тоқталып, 1991 жылы әлемдегі ең ірі Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы ұзақ күткен тарихи шешім қабылданғанын, Қазақстан әлемдік ядроға қарсы қозғалыстың көшбасшысына айналғанын, 1992 жылғы наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымының толыққанды мүшесі болғанын, 1993 жылғы қарашада еліміздің ұлттық валютасы – теңге енгізілгенін, дәл сол жылы «Болашақ» бағдарламасы іске қосылып, оның аясында шамамен 12 мың жас шетелде білім алып, еліміздің игілігі үшін еңбек етіп жатқанын, 1995 жылы жаңа Конституция, 1997 жылы «Қазақстан-2030» даму стратегиясы қабылданғанын, бұл Қазақстанның ұзақмерзімді перспективадағы нақты даму бағдарын айқындағанын айтты.
Елбасының елорданы көшіру туралы тарихи және стратегиялық шешімі бүкіл елдің дамуына мықты әсер еткенін жеткізген Премьер-Министр тағы бір маңызды қадам ретінде 2000 жылы Ұлттық қордың құрылуы – резерв жинақтап, елдің сыртқы тәуекелдерге қарсы тұруға мүмкіндік бергенін атап өтті. Сондай-ақ 2005 жылы мемлекеттік шекараның заң жүзінде рәсімделуінің толық аяқталуы айтулы оқиға болды. 2012 жылы «Қазақстан-2050» стратегиясының қабылдануымен әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру туралы асқақ мақсат межеленді.
Елбасының интеграциялық процестерді дамыту туралы бастамасы іске асып, 2014 жылғы мамырда Еуразиялық экономикалық одақ құрылды. 2015 жылы Бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша «100 нақты қадам» ұлт жоспары бекітілді. Әлемдік экономикаға интеграцияның маңызды кезеңі Қазақстанның сол жылы қарашада Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі болды. Тәуелсіздік жылдары қол жеткізілген нәтижелер елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының елеулі көрсеткіштерін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Осылайша, 30 жылдың ішінде ішкі жалпы өнім 17 есе өсті. Сыртқы сауда айналым көлемі 100 млрд долларға дейін жетті. Жалпы, елдің халықаралық резервтері 90,9 млрд долларға дейін өсті. Елге 400 млрд долларға жуық тікелей шетелдік инвестиция тартылды.
Қазақстан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасында жан басына шаққанда шетелдік инвестицияларды тарту бойынша бірінші орында. Жеке бастамаларды қолдау мен дамыту 2021 жылы экономикадағы шағын және орта бизнес үлесін ішкі жалпы өнімнің 33 пайызына дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Бұл сектордағы жұмыспен қамту 3,4 млн адамға дейін ұлғайды. Өңдеу өнеркәсібін дамыту аясында 500-ден астам жаңа өнім түрін шығару жолға қойылды.
Үкімет басшысының айтуынша, елімізде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды салу бойынша жобалардың жүзеге асу қарқыны жоғары. Жалпы, тәуелсіздік жылдары еліміз орнықты саяси институттары мен бәсекеге қабілетті қуатты экономикасы бар демократиялық мемлекет ретінде қалыптасты.
– Сонымен қатар ішкі саяси, ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылық қамтамасыз етілді. Дүниежүзілік сауда-экономикалық жүйеге толық еніп, еліміз өзін сенімді серіктес ретінде көрсетті. Орталық Азия аймағының экономикалық көшбасшысы ретінде қалыптасты. Қазақстан – халықаралық аренада көпвекторлы және теңдестірілген сыртқы саяси бағыты бар беделді және тұрақты мемлекет ретінде нығайды. 2019 жылдың наурызында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев билік сабақтастығы туралы стратегиялық шешім қабылдады. Бұл шешім ел дамуының жаңа кезеңінің іргетасын қалады. Қазақстан Республикасының Президентін сайлау сәтті өтті. Халық сайлауда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа жоғары сенім білдіріп, қолдау көрсетіп, өз дауыстарын берді. Өткен 30 жылдағы еліміздің барлық табысы мен жеңісі – Елбасының халықтың әл-ауқатын және көпұлтты егемен Қазақстанның тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған нақты бағдарының нәтижесі! Біз Елбасы қойған мақсаттарға жетуге және партия бағдарламасын жүзеге асыруға бар күш-жігерімізді саламыз, – деді Премьер-Министр.