Қаржы • 24 Қараша, 2021

Мемлекет қазынасы

1288 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Салық – елді өркендетудің маңызды бөлшегі. Салық түсімдерінің есебінен мемлекет қазынасы толығып, бюджет жоспарланады. Бұл саланың да өз даму тарихы бар. Тәуелсіз Қазақстанның салық жүйесінің қалыптасқанына да биыл 30 жыл толып отыр. Оның негізі 1991 жылдың соңында қабылданған 16 жалпы мемлекеттік, 10 міндетті және 17 жергілікті салықты көздейтін заңдармен қаланды.

Мемлекет қазынасы

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Салт жүргендерге де салық міндеттелген

1991-1993 жылдары айналым салығының орнына құн салығының енгізілуі елеулі жаңалық болды. Бұл сол кезде республика бюджетін жеткілікті түрде кепілдендірілген табыс көзімен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Осылайша, акциздерді қоса алғанда, жанама салықтардың үлесі шамамен 40 пайызды құрады.

Тарихқа үңілсек, түрлі мемлекеттік бетбұрыстарға, оның ішкі және сыртқы саясатына байланысты салық жүйесі де өзгеріп отырған. Мысалы, Ұлы Отан соғысы кезеңінде соғыс салығы деген болған. Тіпті  бойдақ жүргендерге де, баласы аз шағын отбасыларға да салық салынған. Бертінде де бойдақтарға салынатын салықты қайта қолданысқа енгізу керек деген ұсыныстар айтылғаны елдің есінде болар? Әсіресе демограф-ғалымдар мұндай салық түрі ел демографиясына әсер етіп, салт жүргендердің санын азайтады деген пікірін алға тартты.  Кейін әлеуметтік наразылыққа байланысты бұл мәселе «жабулы күйінде» қалды.

60-жылдары қаржы органдары салықтық  тізімдерді қолдан жасап, онда салық төлеушілер туралы ақпарат жеке жинақталған. Әр тұрғынның атында қандай мүлкі, қанша табысы бары есепке алынып, са­лықты қолмен жинаған. Ол кезде са­­лықшылардың қызметін жалақы төлейтін кәсіпорындар мен ұйымдар
атқарған.

«Ал қайта құру кезеңінде (1985-1991жж.) салық жүйесі толықтай өз­гер­тіліп, өзін өзі қаржыландыратын және шаруашылық есептегі кәсіп­орындардың маңызы өскен. Нарықтық экономикаға көше бастаған уақытта кәсіп­керлікпен айналысуға ниет білдір­ген азаматтардың өсуіне байланысты оларды ынталандырудың жаңа салық­тық шаралары әзірлене бастаған. Сол уақытта жеке кәсіпкерлікпен ай­на­л­ысу құқығын беретін патент үшін төлем белгіленіп, ең алғаш рет кәсіп­керлікпен айналысуға рұқсат құжаты беріле бастаған. Бұл ретте салынатын салық мөлшері кәсіпкердің табысына және қоғамдық мүдделерге байланысты белгіленген, ал патент құнын төлеген азаматтар табыс салығынан боса­тылған. Мәселен, кәсіпкерлерге салы­натын табыс салығының мөлшер­лемесі 35 пайыз болса, басқа табыстардан және қызметкерлердің жалақысынан ұсталатын табыс салығының мөлшер­лемесі 50 пайыз болған. Осының барлығы сол кезде елдегі дағдарыспен, бюджет тапшылығымен, кәсіпорындардың жартысы дерлік банкроттыққа ұшырауымен тұспа-тұс келді», дейді Қаржы министр­лігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Әли Алтынбаев.

Жалпы, 1990-жылдары нарық­тық экономика негіздерін құру мақсатын­да бірқатар заң қабылданып, оның ішінде Одақтың құрамына енген рес­публикалардың бюджет және салық саласындағы құзыретін арттыратын заңдар қабылданды. Бұл заңдар одақтас елдерде дербес республикалық және жергілікті бюджеттерді қалыптастырды және осыған дейін қолданыста болған ескірген ортақ жүйені біртіндеп жоя бастады. Қазақ елі де егемендігін алған­нан кейін 1991-1995 жылдар аралы­ғында бірқатар заң қабылдап, соның негізінде жаңа салық жүйесі қалыптасты.

 

Жас мемлекеттің жаңа қадамдары

1991 жылдың 25 желтоқсанынан бас­тап елімізде салық жүйесі жұмыс істей бастады. Ол «Қазақстан Респуб­ликасындағы салық жүйесі туралы» Заңға негізделді. Бұл заң салық жүйесін құрудың қағидаттарын, салықтар мен алымдардың түрлерін, олардың бюджетке түсу тәртібін белгілеген алғашқы құжат еді. Осы заңға сәйкес Қазақстанда 1992 жылғы қаңтардың 1-нен бастап 13 жалпы мемлекеттік салық,18 жергілікті салық мен алым енгізді.

– Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы жылдарында жас мемлекеттің алдында тұрған сынақтар аз болған жоқ. Бұл экономикалық коллапс еді және бір кездері біртұтас экономикалық кеңіс­тік­ті құрған субъектілер арасын­да­ғы байланыстардың үзілуінен туын­даған дағдарыс болды. Осылайша, экономикамыздың нарықтық жүйеге көшу кезеңінде басқарудың барлық жүктемесі салық қызметіне түсті. Одақ­тан мұраға қалған салық жүйесі, әрине, бюджетті қалыптастыру және мем­лекеттің салық төлеушілермен қарым-қатынасын реттеу функцияларын толық орындай алған жоқ. Осыған байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдың 9 шілдесінде «Қазақ КСР Мемлекеттік салық қызметін құру туралы» №380 Жарлық қабылда­ды. Бұл шешім нарықтық жүйенің экономикалық тетігін қалыптастыратын мемлекеттік органды құру туралы дер кезінде қабыл­данған еді, – дейді Ә.Алтынбаев.

Президенттің осы Жарлығының негізінде ел Үкіметі екі ай ішінде «Қазақ КСР Мемлекеттік салық қызметінің мәселелері» деген қау­лыны әзірлеп, қабылдаған. Жаңа­дан құрылған салық қызметі мем­лекеттік орган ретінде құрылып, мем­лекеттік Бас салық инспекциясы деп атал­ды. «Тиімді салық жүйесін қалыптас­тыру үшін ең алдымен, жаңа салық заң­на­масын әзірлеу қажет болды. Ол үшін салықтандырудың халықаралық тәжі­рибесі мұқият зерттелді. Зерттеу жұ­мыс­тарына түрлі халықаралық ұйым­дар көмектескенін атап өту қажет. Олар­­дың ішінде Халықаралық валюта қоры, Халықаралық салық қоры, Эконо­микалық ынтымақтастық және даму ұйымы, сондай-ақ салық мәселелері бойынша беделді халықаралық мамандар, тағы басқалар бар. Жаңа заңнаманы әзірлеу жұмыстарының барысын сол кезде Қазақстанда қызметін жүзеге асы­рып отырған шетелдік инвесторлар бақы­лап отырды», дейді Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы.

Әрине қысқа мерзім ішінде мемле­кет­тің дамуында маңызды рөл атқаратын салық жүйесіне түбегейлі өзгерістер ен­гізу оңай емес. Дегенмен салық жүйесін жетілдіру мақсатында сол кездегі барлық мүмкін шаралар қолға алынған.

«1995 жылдың басында салық заң­на­масы Қазақстан Пре­зи­дентінің үш Жарлығынан және 45 заңнан тұрды. Осы заңнамалық акті­лердің 18-і салық қатынастарының жү­йе­сін, салық түрлері мен салық салу тәртібін, 11-і бюджеттен тыс қор­лар­дың қызмет ету тәртібін және олар­­дағы қатынастарды, қалғандары салық жеңілдіктерін қолдануды реттеу үшін қабылданды. Алайда бұл өзге­ріс­тердің бәрін «салықтық рефор­ма» деп айтуға болмайтын, себебі заңна­ма­лық база негізінен социалистік эконо­мика принциптерін қайталайтын. Са­лық жүйесінің күрделілігі, салық став­ка­ларының тым жоғары болуы қа­жет­ті экономикалық өзгерістерге кедер­гі келтірді. Сол себепті салық заң­на­­­ма­сын өзгерту қажет болды. Ол за­ман­­ға бейімделген, қарапайым, біре­гей, эко­номикалық бейтарапқа сәй­кес келе­тіндей болуы шарт еді. Міне, осы­ған байланысты Қазақстан Пре­зидентінің «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлем­дер туралы» (1995 жылғы 1 шілде) Жар­лы­ғы әзірленіп, қабылданды. Онда са­­лық төлеушілердің салық жүкте­месі тө­мен­детіліп, 43 салық­тың орнына 11 салық белгіленді», дейді Әли Сапарғалиұлы.

Халықаралық тәжірибені зерделеген мамандар 2000 жылдардың басында салық жүйесіне небір жаңашылдық енгізген. Егеменді елдің жаңа ақпараттық салық жүйесі түзіліп, салық төлеушілер міндетті төлемдерін банк қызметтері арқылы төлеуге мүмкіндік алды. Бизнес-процестері де автоматтандырылды. Ал 2002-2008 жылдары Қазақстан Респуб­ли­касының заңнамасына алғашқы коди­фикацияланған актілердің бірі болып Салық кодексі қабылданды. «Қазақ­стан ТМД елдерінің ішінде алғаш­қы бо­лып Салық кодексін қабылдағанын атап өткен жөн. Салық кодексі ең алды­мен бизнесті дамыту үшін қолайлы жағ­дай туғызып, мемлекет пен салық төлеуші­лердің мүдделерін оңтайлы үйлестіруге бағытталды», дейді Комитет төрағасы.

 

Бюджетті қалыптастырудың қуатты құралы

 Қазақстанда қазір салықтың 11 түрі бар: корпоративтік табыс салығы; жеке табыс салығы; қосылған құн салығы; акциздер; экспортқа рента салығы; жер қойнауын пайдаланушылардың арнаулы төлемдері мен салықтары; әлеуметтік салық; көлікке салынатын салық; жер салығы; мүлік салығы және ойын бизнесі салығы.

Салықтардан бөлек, мүліктерді немесе әрекеттерді тіркеу барысында бюджетке төленуге тиісті тіркеу алымдары, баж алымдары мен төлемақылар бар. Олардың бюджетке түсуін осы тіркеу жұмыстарымен айналысатын уәкілетті органдар қамтамасыз етеді.

«Салық және кеден қызметтері жылдан-жылға дамып, фискалдық органнан бюджетті қалыптастырудың және мемлекеттің экономикалық қауіп­­сіздігін қамтамасыз етудің қуат­ты құ­ралына айналды. Даму жолында отандық кәсіпорындар үшін де, шетел­дік кәсіпорындар үшін де қолай­лы инвестициялық ахуал қалыптастыру мақ­сатында салық және кеден заңнамасы жетілдірілді. Оның ішінде салық жүйесі 2008-2017 жылдары қайта қаралып, экономиканы әртараптандыру, көлеңкелі экономиканы төмендету шаралары, жер қойнауын пайдаланушыларға салық жүктемесін ұлғайту және шикізаттық емес секторға салық мөлшерлемелерін төмендету шаралары жүргізілді», дейді Ә.Алтынбаев.

Қазір елімізде үшінші Салық кодексі қолданыста. Ол 2017 жылдан бастап енгізілген. Бұл заңнама мемлекеттік аппарат пен бизнестің либералды салық салумен бірлескен жұмысының нәти­жесі, дейді мамандар. Салық кодексінде шағын бизнесті салықтық рет­теу жүйесін жетілдіруге бағытталған бір­қатар прогрессивті шара көзделген. Олардың ішіндегі ең маңыздысы – шағын бизнес субъектілеріне, шаруа қожа­лықтарына, ауыл шаруашылығы өнім­дерін өндіруші заңды тұлғаларға берілген салық жеңілдіктері екен.

Қолданыстағы салық заңнамасы, бір жағынан, салық төлеушілерді салық тәртібін сақтауға шақырса, екінші жағынан, салық жүйесін неғұрлым ашық етуге, салық жүйесінің тұрақтылығы мен әділдігіне деген азаматтардың сенімін ұялатуға негізделген. Нәтижесінде, салық төлеуші мен мемлекет мүдделерінің тепе-теңдігін сақтап, бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайтуға мүмкіндік беретін жүйе қалыптасты.

Жалпы, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері салық түсімдерінің оң динамикасы байқалған. Мемле­кет­тік кірістер комитетінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда 1998 жылы мемлекеттік бюджетке түскен түсімдер 216 млрд теңгені құраған. Ал 2000 жылы – 524 млрд теңге, 2010 жылы – 5,2 трлн теңге, 2020 жылы – 10 трлн теңге ел қазынасына түскен.

Аталған кезеңде салықтық және кедендік түсімдердің 50 есеге дейін өскенін байқауға болады. Бұл – ел эко­номикасының қарыштап дамуы мен салық салынатын базаның өскенінің дәлелі.

Бүгінде мемлекеттік кірістер органдары цифрландыруға да ден қоя бас­тады. Осы салада электронды түрде көр­сетілетін қызметтердің саны жылдан­жылға өсіп келеді. Мәселен, бір жылда көрсетілген 15 млн қызметтің 98 пайызға жуығы электронды түрде көрсетілген.

Қазіргі уақытта кеден декларация­ларының – 100 пайызы, салық дек­ла­ра­цияларының 99 пайызы электрон­ды түрде тапсырылады. Ал 2020-2021 жылдары қызметтердің бірқатары Мем­­лекеттік кірістер комитетінің мобиль­­ді қосымшалары арқылы көрсетіле бас­тады.

Салық жүйесін цифрландырудың ең жемісті тетіктерінің бірі – «Электронды шот-фактуралар» ақпараттық жүйесі. Мұнда шаруашылық субъектілерінің барлық мәмілесі тіркеліп отырады.

Бұл жүйеде кәсіпорындар әртүрлі бухгалтерлік құжаттарды электрон­ды түрде рәсімдей алады. Жүйе кәсіп­кер­лердің қағаз құжаттарын жүргізу­ге байланысты жұмсалатын біраз шығын­дарын қысқартты, дейді мамандар. Әсіресе локдаун кезінде салық төлеушілер арасында аталған сервис­тің колданушылары күрт өсті. Кәсіп­керлерге ыңғайлы болу үшін жүйенің мобильді қосымшасы да әзірленіп, жұмыс істеп жатыр.

Бүгінде «ЭШФ» ақпараттық жүйе­сінде 665 мың қолданушы тіркеліп, 762 млн-нан аса электронды шот-фактура өңделген. «Біз бұрын тауарды жеткізуші мен сатып алушы арасындағы мәмілені есепті кезең біткенде ғана көретінбіз, ал қазір «ЭШФ» жүйесінің арқасында онлайн режімде барлығы қолжетімді. Жүйе енгізілген жылы қосылған құн салығынан қазынаға түскен түсімдер 1,5 есе өскен. Яғни ҚҚС бойынша әкім­шілендіруде қол жеткізілген үлкен нәтиже ретінде тауарсыз мәмілелерді жасауды, салық төлеуден жалтарып жүрген кәсіпорындарды онлайн анықтауға мүмкіндік алғанымызды атап өтер едік», дейді Комитет төрағасы

Электронды шот-фактуралардан бөлек, Мемлекеттік кірістер комитетінде 14 млрд-тан астам цифрлы құжат өңделген. Оның ішінде бақылау-касса машиналарының түбіртектері, үшінші тұлғалардан алынатын 15 деректер қоры, салық есептілігі мен кедендік декларациялар да бар.

Әр отбасы өз бюджетіне, табысы­на қарай күнделікті тұрмыс-тіршілігін, жүріс-тұрысын жоспарлайтыны бел­гілі. Мемлекет те сол сияқты. Салық түсім­дері мен төлемдері елдің әрі қарай дамуы­на әсер етеді. Бірде-бір мемлекет эконо­микалық мүдделерін қорғамай, салық және кеден заңнамасының сақталуын бақыламай және бюджет түсімін қам­тамасыз етпей, өмір сүре алмайды. Осы тұрғыдан алғанда мемлекеттік кіріс­тер органдарына миллиондаған қазақ­стандықтың әл-ауқаты үшін үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Ел тұрғындары да ұлттың болашағы үшін жауапты. Сондықтан салықты уақтылы төлеу – азаматтардың да маңызды міндеті.