Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Алғыс арқалаған ақ халаттылар
Бас қаланың басты архитекторы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде «Халқымыз жаңа да жас мемлекетінің астанасын өзінің қалаған жеріне, өзінің қалауы бойынша орнатты. Ең бастысы, өзінің кіндік қаласының құрылысына білек сыбанып, бар күш-қайратын, ынта-жігерін салды. Әр көшеге, әр үйге жүрек мейірін, перзенттік сүйіспеншілігін, жан жылуын жұмсады. Астана осылайша халқымыздың аялы алақаны, ыстық мейірімімен тұрғызылды. Сондықтан да, бұл қала бәрімізге ерекше қымбат, айрықша аяулы. Тәуелсіздіктің негізгі мәні – тарихтың жаңа бетін өз еркіңмен, өз шешіміңмен бастауда болса керек. Тәуелсіздік бізге жаңа жолымызды, өзіміздің соны соқпағымызды табуға зор мүмкіндік ұсынды. Сол жаңа жолымызды біз Астана арқылы таптық», деген болатын.
Расымен де, бүгінгі еңселі елорда – халықтың аялы алақаны, ыстық мейірімімен тұрғызылған шаһар. Жастары – жаңашылдыққа, ересегі ерекшелікке ұмтылады. Қала тұрғындары бір үйдің баласындай бауырмал. Оған жаһанда «жаман індет» үстемдік құрған кезде барып көз жеткіздік. Енжарлық танытқан ешкім болған жоқ. Саулығымызды ойлап сақтандық. Бетперде тағып, берекемізден айырылмауға тырыстық. Бұл әрине қарапайым азаматтардың алғаусыз амал-ниеті еді. Алайда тұрғындардың «басты байлығын» көзінің қарашығындай қорғаған медицина саласы мамандарының ұлт саулығын сақтап қалу жолындағы еселі еңбегі мен өлшеусіз үлесі өз алдына ұшан-теңіз.
Осы есіл еңбекті ескерген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр «Біз біргеміз» жалпыұлттық онлайн-форумында коронавирус індетіне қарсы күреске зор үлес қосқан медицина қызметкерлеріне арнап «Алтын жүрек» ескерткішін тұрғызу туралы тапсырма берген болатын. Биыл 18 мамырда Президент тапсырмасы орындалып, елорданың сол жағалауында Алматы мен Ақмешіт көшелерінің қиылысындағы жаңа саябақтың аумағында еңселі ескерткіш бой көтерді. Оның ашылу салтанатына қатысқан Президент Қ.Тоқаев «Бұл – жаһандық дертке қарсы күрескен отандастарымызға деген ел құрметінің белгісі. Сондай-ақ халықтың адал перзенттеріне ыстық ықыласының көрінісі. Ескерткіш ел басына қиындық туған сәтте қаһармандық көрсеткен жандардың рухына тағзым ету орнына айналады», деген болатын.
Иә, «қанатымен су сепкен қарлығаштай» медицина саласының мамандары қандай құрметке болсын лайық. «Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерін қолдауға айрықша көңіл бөледі. Президенттің тапсырмасымен денсаулық сақтау саласын дамытуды жалғастырамыз: медицина мекемелерін қосымша қондырғылармен жабдықтаймыз, жаңа емханалар мен ауруханаларды салып, жөндеу жұмыстарын жүргіземіз, кезең-кезеңімен жалақыны өсіреміз, медицина қызметкерлеріне сыйақыны үзбейміз, олардың мәртебесін көтереміз», дейді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.
Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса алдымен осы дәрігерлер қауымына асығатынымыз да анық. Әсіресе, коронавирус инфекциясы адамзат баласын әуреге салып тұр. Соған қарамастан вирусқа қарсы тұру қадамдары көңіл көншітеді. Мәселен, Нұр-Сұлтанда тұрғындарды вакциналау қарқыны артты. Денсаулық сақтау саласының мамандары азаматтардың вакциналау пункттеріне белсенді келіп жатқанын атап өтуде. Бүгінде бүлдіршіндерден басқа барлық жас санаттағы тұрғындар КВИ-ге қарсы вакцина алуға асығады. Олардың арасында жүкті және бала емізетін әйелдер, 12 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер бар. Елордада барлығы 460 мыңға жуық адам екпенің бірінші компонентін алды. Бұл екпе алуға жататын тұрғындардың 64,6%-ын құрайды. Жалпы, елорда аумағындағы 711 мыңнан астам қала тұрғыны вакциналауға жатады. Қазіргі уақытта азаматтардың таңдауына екпенің үш түрі ұсынылады. Оның қатарында ресейлік «Спутник», отандық QazVac вакцинасы және қытайлық Sinofarm Verocell препараты және жүкті, бала емізетін әйелдер, 12 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер үшін америкалық Pfizer препараты бар.
Бүгінде елорда аумағындағы денсаулық сақтау саласын дамыту мақсатындағы түрлі жобаларды іске асыру үшін ауқымды жұмыс қолға алынып жатыр. 2020 жылдың қорытындысы бойынша, Нұр-Сұлтан қаласында денсаулық сақтау саласында, бірінші кезекте, коронавирус инфекциясы пандемиясына байланысты үлкен жұмыс атқарылды. Пандемия отандастарымыздың өміріне түзетулер енгізгенімен, қойылған негізгі міндеттерді іске асыруға кедергі келтірмеді.
Сапалы қызмет ұсынып келеді
Осы күні елордада 256 медициналық ұйым бар. Соның ішінде, 31-і – қала әкімдігіне ведомстволық бағынысты ұйым. Сондай-ақ Жедел медициналық жәрдем стансасы, Жоғары медициналық колледж, Арнайы медициналық жабдықтау базасы, Мамандандырылған балалар үйі, Патологоанатомиялық бюро және ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталық жұмыс істейді. Бұған қоса, 1 ведомстволық және 19 жеке медициналық ұйым халыққа алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді.
Кейінгі жылдары Нұр-Сұлтан қаласындағы тұрғындар санының өсу қарқыны жылына шамамен елу мың адамға жуықтады. Бұл ауысымына 250-ден 500 адам келуіне болатын жаңа емханалар, алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталықтары мен дәрігерлік амбулаториялар, соның ішінде ауысымына 100 адам келуіне болатын тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында орналасқан тұрғын емес үй-жайларды салуды талап етеді. Қазіргі уақытта бұл жобалар бюджет қаражаты есебінен ғана емес, жеке инвестициялар есебінен де іске асырылуда. Бұл ретте, медициналық қызметтер нарығында Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың өңірлік перспективалық жоспарына сәйкес, қаланың тез дамып келе жатқан, халық тығыз орналасқан бөліктерінде немесе оның шет аумақтарында бастапқы буын ұйымдарын ашу жоспарланып отыр.
Коронавирус инфекциясының кесірінен пайда болған күрделі эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, Нұр-Сұлтан қаласында алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары штаттық режімде жұмыс істеді. Амбулаториялық қызметтің тиімділігі пациенттердің көпшілігін үйде емдеуге, әсіресе, ауыр, күрделі науқастар үшін стационарлық төсектерді пайдалануға мүмкіндік береді. Науқастарды амбулаториялық деңгейде тұрақты бақылау инфекциялық стационарлардың жүктемесін төмендетуге ықпал етеді. Сырқаттану жағдайларының өсуіне қарамастан, биыл шілде айында күнделікті емдеуге жатқызылған пациенттердің жалпы санының 20%-дан аспады.
Мобильді бригадалардың жұмысы жедел медициналық жәрдем стансасының жүктемесін төмендетуге мүмкіндік берді. Былтыр жаз айларында жедел жәрдем бригадалары тәулігіне орта есеппен
2 700-ге жуық қоңырау шалушыға қызмет көрсетті. Соның ішінде коронавирус инфекциясына қатысты 400 қоңырау шалынды. Биыл орта есеппен 2 мың шақырту болса, соның коронавирус инфекциясына қатыстысы – 200. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында эпидемиологиялық жағдай тұрақтанды. Тәулігіне орта есеппен 200-ге жуық жаңа COVID-19 оқиғасы тіркеледі. Тиісінше, стационарлардағы төсек қорының жүктемесі 70-тен 40%-ға дейін төмендеді. Жалпы алғанда, елордалық медицинаның басты мақсаты – ұсынылатын қызметтердің сапасын арттыру, азаматтарымызға жоғары білікті медициналық көмек көрсету.
Күн сайын 80 сәбидің кіндігі кесіледі
Бүгінде елордалық денсаулық сақтау жүйесі медициналық қызметтердің кең спектрін ұсынады. Тәуелсіздік жылдарында Нұр-Сұлтан қаласындағы медицина саласының мамандары тұрғындардың денсаулығын нығайтуда, ауруларды диагностикалау мен анықтауда ең тиімді шара ретінде емдеудің заманауи әдістерін енгізуде, аурулардың алдын алуда елеулі жолдан өтті. Негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштер де тәуелсіздік жылдары оң үрдіске ие. Күн сайын елордада орта есеппен 80 бала өмірге келеді. 400-ден астам адам ауруханаға жатқызылады. Жедел жәрдем 2 мыңнан астам адамға жедел көмек көрсетіп, емханаларда күніне 8500-ден астам адам қаралады. Күніне 150-ден астам ота жасалады. Бұл – халыққа сапалы медициналық көмек көрсету кезіндегі үздіксіз жұмыстың нәтижесі.
Осы күні ел астанасында көптеген клиникалар ашылды. Солардың негізінде бүгінде бірегей медициналық технологиялар қолданылып жатыр. Тиісінше, елордалық денсаулық сақтау саласы қала мәртебесінде дамып келеді. Нұр-Сұлтан қаласындағы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы денсаулық сақтау ұйымдарының сыртқы келбетін де, ішкі мазмұнын да бірте-бірте өзгертіп, қызмет көрсетуді жақсарту және қонақжайлылық стандарттарын («қонақжай медицинаны») жолға қойып келеді. Үш онжылдықта қалада тұтас медициналық кластер, соның ішінде босандыру көмегін көрсететін кластер құрылды. Бүгінде бала туудың күрт өсуіне байланысты 1 қалалық перзентхананың орнына 3 деңгейлі көмек көрсететін 3 көпбейінді аурухана құрамында 3 акушерлік блок жұмыс істейді.
Жаңа технология – даму мен жаңғырудың белгісі
Шаһардағы мемлекеттік клиникаларда жыл сайын жаңа технологиялар енгізіліп келеді. Сонымен қатар халықты диагностикалау мен емдеуге арналған заманауи жоғары технологиялық аппараттармен жарақтандырылуда. Биыл 3 қалалық аурухана мен екі емхана КТ және МРТ жаңа аппараттарымен қамтамасыз етілді. Қазіргі жағдай – пандемия кезеңінде науқастарды уақтылы диагностикалау үшін алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымын жаңа технологиялармен қамтамасыз етудің аса қажеттілігін көрсетіп отыр. Мәселен, өткен айда №2 көпсалалы қалалық аурухана жаңа жоғары технологиялық жабдықтармен жабдықталды. Медициналық мекемеде мультиспиральды компьютерлік томограф орнатылды. Бұл – адамның ішкі мүшелерінің жағдайы туралы тез ақпарат алуға мүмкіндік беретін заманауи және дәл диагностикалық әдіс.
Орнатылған жабдықтың артықшылығы – оны пайдалану кезінде пациенттер мен қызметкерлерге радиациялық жүктеме азаяды. Сәйкесінше зерттеу уақыты қысқарады және аппараттың өткізу қабілеті артады. Осылайша, Нұр-Сұлтан қаласындағы бүгінгі медицина ұсынылатын қызметтің сапасын арттырып қана қоймай, емделушіге бағдарланған қадамдар жасап келеді. Диагностикадан өту де, медицина саласы қызметкерлерінің ұсынысын, қорытындыларын бір жерде алу да жеңілдей түсті. Ыңғайлы қызмет дәрігердің де, ем қабылдаушы азаматтың да жанына жайлы болатыны анық. Тиісінше, мұндай жаңа құрылғы кеуде қуысының ауруларын ерте кезеңде диагностикалауға мүмкіндік береді.
Ал 2021 жылы қазан айының басында №4 қалалық емханада ангиографиямен компьютерлік томографияның жаңа аппараты орнатылды. Кардио-пакеті бар заманауи жабдық жүрек-қантамыр жүйесіне толық диагностика жүргізеді.
Былтыр еліміз коронавирус пандемиясымен бетпе-бет кездесті. Тіпті жоғары дамыған мемлекеттердің өзі төтеп бере алмай, денсаулық сақтау жүйесінде қиындықтарды бастан өткерді. Бірақ елорда вирусқа қарсы тұру, азаматтардың денсаулығын сақтау міндетін барынша орындады және осы күнге дейін коронавируспен күресті жалғастырып келеді. Мұның барлығы отандастарымыздың ұйымшылдығы мен медицина қызметкерлерінің кәсібилігінің, жеделдігі мен батылдығының нәтижесі. Пандемия басталғаннан бері елордада 140 мыңнан астам адам емделіп шықты (97%). Барлық күш пен ресурс осы вируспен күресуге бағытталды.
Осылайша, пандемия кезінде 4 мың төсектік орын ұйымдастырылып, 8 мың медицина қызметкері жұмылдырылды. Стационарлардың ӨЖЖ-аппараттарымен қамтамасыз етілуі 100%-ды құрады. Індетке шалдыққан науқастарды емдеу үшін 19 КТ (республикалық клиникалардан, жеке медициналық ұйымдардан және өзге ұйымдардан КТ қоса алғанда) алынды. Сонымен қатар 27 рентген-аппарат, 1 мыңнан астам оттегі концентраторы және 1,5 мыңға жуық оттегі нүктесі қолға тиді.
Бұл ретте, пандемия белең алғаннан бері шаһардың денсаулық сақтау жүйесі де айтарлықтай жаңғырды. Жедел медициналық жәрдем автокөліктерінің паркі толықтай жасақталды. Медициналық жоғары оқу орындары мен колледждердің 350-ден астам түлегі COVID-19-ға қарсы күрес жұмысына тартылды. Медицина саласының кадрлық құрамын толықтыру үшін жергілікті бюджеттен қосымша 500 грант бөлінді. Жедел жәрдем автокөліктерінің паркі 107 бірлікке толықса, соның 65 бірлігі – С класты реанимобиль.
Осының бәріне алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымына тек 2020 жылы 44 бірлік санитариялық автокөлік берілді. Бұған қоса, олардың әрқайсысы қайырымдылық қаражаты есебінен мобильді бригадаларға арналған 1 көлікпен қамтылды. Бүгінде жаңа стандарттарға сай болу және елордалық денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту мақсатында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарасты медициналық ұйымдардың ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Биыл күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 434,5 млн теңге бөлінді. Ғимараттарды қайта құру мемлекеттік емханалар мен ауруханалар үшін қолға алынды. Бұған қоса, қысқа мерзімде елордада 210 орындық қалалық жұқпалы аурулар орталығы жобаланып, салынғанын атап өту маңызды.
«Үй жанындағы дәрігер» – халыққа жақын медицина
Халыққа алғашқы медициналық-санитарлық көмекті жақын ету мақсатында 2018-2020 жылдар аралығында 20 минуттық қадамдық қолжетімділікті қамтамасыз ететін 30 «Үй жанындағы дәрігер» нысандары ашылды. Соның ішінде 260 мыңнан астам адамды қамти отырып, жеке инвестицияларды тартумен 25 нысан қолданысқа берілді. Оның 6-ы – қала шетінде. «Үй жанындағы дәрігер» нысандары негізінен тұрғын үйлердің бірінші қабаттарында орналасқан. Мұнда пациенттерге алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетіледі. Бұл жақын маңдағы үйлердің тұрғындарын тіркей алатын емдеу-амбулаториялық пункттердің бір түрі. Мәселен, Бөкейхан көшесі, 21 мекенжайы бойынша орналасқан «Аманат» отбасылық денсаулық орталығына бүгінде 14 мыңға жуық қала тұрғыны тіркелген. Өткен жылы орталық өз жұмысын енді бастаған кезде, тіркелгендердің саны шамамен 9 мың пациентті құрады. Медициналық мекеме №9 қалалық емхана базасында жұмыс істейді.
Бұған қоса жыл соңына дейін тағы 10-ға жуық нысанды ашу жоспарланып отыр. Олардың бір бөлігі жұмыс істеп тұр. Мәселен, «Салауатты Астана» ЖШС (Қордай көшесі, 85, н. п. 32,8,7,6); «Салауатты Астана» ЖШС (Ә.Бектұров көшесі, 1/2, н. п. 10); «Жанұя» қазақстандық әлеуметтік-медициналық компаниясы ЖШС (Әнет баба к-сі, 13); «Жанұя» қазақстандық әлеуметтік-медициналық компаниясы» ЖШС филиалы (Бараев к-сі, 13); «ӨНЕГЕ» отбасылық денсаулық және бақыт орталығы ЖШС (Тұран даңғылы 7); «Шипагер» отбасылық денсаулық орталығы ЖШС (Әлихан Бөкейхан көшесі, 6).
Сондай-ақ «ӨНЕГЕ» отбасылық денсаулық және бақыт орталығы» ЖШС (Т.Жүргенов көшесі, 18/2); «Шипагер» отбасылық денсаулық орталығы» ЖШС (Тұран даңғылы, 55); «Шипагер» отбасылық денсаулық орталығы ЖШС (Сауран көшесі, 15); «Кирпичный т.а. «Достық» ПҚЖБО сынды мекенжайларда орналасқан «Үй жанындағы дәрігер» нысандарында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Сонымен қатар 2020 жылдың соңында «Сарыарқа» және «Байқоңыр» аудандарында 2 жаңа ірі емхананың құрылыс жобасы мақұлданды. Сондай-ақ жеке инвесторлар тарапынан «Есіл» және «Алматы» аудандарында осындай нысандарды салуға қызығушылық байқалады. Нысандар 2022-2023 жылдары қолданысқа беріледі деп күтілуде. Алдағы жылдары №1 Көпбейінді қалалық аурухана аумағында 250 төсектік орынға арналған перзентхана блогы салынады. Бүгінде патологоанатомиялық бюроға арналған жаңа ғимаратқа ұқсас жағдай жасалған эскиздік жоба келісілді.
Кадрлар қатары қалай толықтырылады?
Бүгінгі таңда елордалық денсаулық сақтау ұйымдарында 12 мыңға жуық дәрігер мен 6 мың орта қызметкер жұмыс істейді. Соған қарамастан кадр жетіспеушілігі мәселесі де бар. Тапшылық жалпы практика дәрігерлеріне, педиатрлар мен терапевтерге қатысты болып отыр. Сонымен қатар реаниматологтер мен акушер-гинекологтердің де қажеттілігі байқалады. Жалпы, елордада бүгінде 289 медицина қызметкері тапшы. Осы мәселені шешу мақсатында тиісті шаралар қабылданып жатыр. Мәселен, кадрларды кәсіби тұрғыда дамыту үшін бюджетте мамандардың біліктілігін арттыруға, ел ішінде және шетелде қайта даярлауға қаражат көзделген. Осылайша, жыл басынан бері шетелде 24 адам, ел ішінде 108 адам оқытылды.
Алайда мамандарды тұрақтандырудың төте жолы – олардың тұрғын үй мәселесін шешіп беру екені анық. Бұл ретте, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі түрлі тұрғын үй бағдарламаларын іске асырып келеді. Мәселен, елордада «Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы»; Қазақстан ипотекалық бағдарламасы желісі бойынша тұрғын үй бағдарламасы және бірқатар басқа да тұрғын үй бағдарламалары қолға алынып жатыр. Сонымен қатар қазір қаланың үш ауданында елордалық медицина қызметкерлеріне арналған жатақханалар салу жұмыстары бастау алды.
Бұған қоса, 293 орынға бөлінген медициналық кадрларды (резиденттерді) даярлауға арналған мемлекеттік грантқа өткізілген конкурс қорытындысы бойынша 283 резидент қабылданғанын айтты. Бүгінде олардың 274-і білім алып жатыр. Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында 2023 жылға дейін дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру көзделген. Осылайша, 9 айда жалақыны көтеру мониторингінің қорытындысы бойынша дәрігерлердің жалақысы орта есеппен 30%-ға, орта медициналық қызметкерлердің жалақысы 20%-ға ұлғайды.