Руханият • 25 Қараша, 2021

Тіл - тұтқа

7432 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Күні кеше Елбасы «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығында «мемлекеттік тілді білу, ұлттық құндылықтарды қадірлеу – әр азаматтың парызы» деп атап көрсетті. Қазақстанның Тұңғыш Президенті бұған дейін де: «Қазақстанның келешегі – қазақ тілінде», дегені белгілі. Бұдан артық қалай айтуға болады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Жолдауында: «Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі», деп салиқалы ойын білдірген болатын. Мемлекет басшысы күні кеше ғана Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында сол ойын тиянақтап, «Қазақстан атынан шет мемлекеттерде қызмет істеп жүрген дипломаттарымыз алдымен мемлекеттік тілді білуі керек», деп ана тілінің абыройы баршадан асқақ болуын үлгі етті.
Бұл ретте елге қызмет етемін дейтін азаматтар алдымен тілге қызмет ету қажеттігін ұғынуы керек. Бұл – уақыт талабы, мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен ұлттық қауіпсіздігіміз үшін маңызды қадам.
Расында, ұлттың алтын діңгек арқауы, рухани өмір-тіршілігінің өзегі, қадір-қасиетінің қалқаны – ана тілі. Ол – ұлтымыздың ар-намысының мөлдір айнасы. Біздің халықтық қалпымыз да, дәстүр-салтымыз да тіліміз арқылы сақталып, бүгінге жетті. Сондықтан ана тілі – біздің бойтұмар тарихымыз ғана емес, болашақ тағдырымыз. Ендеше, тілдің тағдыры бос байбалам емес, байыпты байламмен реттелуге тиіс. Өйткені бұл – арандатып, арзан ұпай жинайтын алаң емес, бұл – әрбір азаматтан намыс пен терең жауапкершілік, ішкі мәдениет пен шынайы ізгілікті талап ететін нәзік нүкте.
Арайлы азаттықпен шаттанып қауышқан халқымыз кеңестік қоғамның кінәсінен өз тілінен жұрдай болған буынға кешіріммен қарады. Төзімділік танытып, болашақ күндерден үміт күтті. Бір қарасаңыз, мемлекеттік тіл туралы атаулы заң-қарарлар қабылданды, оны дамытатын жүйе қалыптасты, қазақтілді оқу орындары молынан ашылып, кәсіби мамандар даярланды, ең маңыздысы ұлтымыздың саны қаулап өсті. Мұндай жағдайда ана тілінің абыройы асқақтап, өрісті өркен жаюы керек-ті.
Десек те, тәу етер тәуелсіздігімізге отыз жыл толғанымен тіліміз төрге оза алмай, босағаны сағалап, тұрмыстық аяда қолданыста қалғанын мойындамасқа тағы амалымыз жоқ. Мемлекеттік мәртебесі болғанымен қазақ тілінің тұғырына қона алмай, көбіне аударма санатында қолданылатыны да баршаға аян. Еліміздің екі шылбыр, бір тізгінін уысында ұстап отырған элита, қазына иесі қаржыгерлер, бизнестегі біліктілер, шешім қабылдайтын шенділер мен шенеуніктер қазақ тіліне келгенде кібіртіктеп қорғалап, өзге тіл дегенде жорғалап кететіні – бүгінгі рухани кембағал халіміздің көрінісі.
​ Енді мемлекеттік қызметшілер тағдырын отанының болашағымен байланыстырғысы келсе, мемлекеттік тілді меңгеруге міндетті. Президенттер де сайланар алдында мемлекеттік тілден емтихан тапсыруы – барша мемлекеттік қызметшіге үлгі. Әсіресе бұқараға қызмет көрсететін салалар ұлт тілінен алшақ болмауы керек, бұл – мемлекеттің ұлттық тартымды ажарын қалыптастыруға алғышарт.
Тілдің тағдыры алаңда емес, заң шеңберінде шешілуге тиіс. Сондықтан «Тіл туралы» заңның 23-бабында қызмет көрсету салалары мен кәсіп, мамандық, лауазым иелерінің мемлекеттік тілді білу тізбесі жөнінде арнайы бап бар, соны қабылдайтын уақыт келген сияқты.
Қабырғалы жұртымызды жұмылдырып, ұлтымызды ұйытып, ұлысқа ұстын болған қастерлі қазынамыз – тіліміз. Біздің тіліміз бай, құнарлы, қастерлі ғана емес, кең әрі мейірбан. Ұлы дала төсінде көсіле жортқан ұлыстардың бүгінде диалектісіз тұтас тілдің төңірегіне топтасқан ұлағатты ұлтқа айналуы – соның көрінісі. Бұл орайда қазақ тілін үйренуге ниет танытып, бірақ бір-екі ауыз жаңсақ сөйлегенді келемеж еткеннен ұтарымыз шамалы. Өзі аз қазақты «таза қазақ, шала қазақ» деп бөлу де опа бермейді. Мәселен, шетелде жүріп сол елдің тілінде бір-екі ауыз сөйлесең, айтарыңды ұқса болғаны, қолдап құрмет білдіреді.
Түркістанда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайы өтпек екен. Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өтетін алқалы басқосуда толғақты тақырып төңірегіндегі түйткілдер шешімін таппақ. Бұл қазақ тілін мемлекет шындап қолға алды деген сөз болса керек.
Өліп қалған иврит тілін тірілтіп алған – ниет, намыс, білім және ұлттық жігер. Түптеп келгенде, біздің тіліміздің тағдыры да ұлттық намысқа келіп тіреледі. Ендеше, ендігі бізге керегі де – жанашыр жұрттың жігерлі әрекеті!