Ажал аяқ астында деген сөздің растығына осы жолы айқын көз жеткізгендей болдым. Өйткені, үстіміздегі жылдың 17 қаңтарында Алматыда ақын Қайрат Жұмағалиевтің қырқына барып келмек болып кеткен Тұрлығазы Сабырбайұлы Дуанбек ойламаған жерде жол апатына ұшырап, опат болды. Бәлкім, жер бетіндегі татар дәм таусыларда туыстарының нұрлы жүзін соңғы рет көріп қайтуға Алла нәсіп етті ме, кім білсін?!
Үш күннен кейін Астанада досымызды, әріптесімізді амалсыз жер қойнына тапсырдық. Міне, содан бері де 40 күн болып қалған екен.
Менің Тұрлығазымен таныстығым, достығым, аралас-құралас болған уақытым небәрі он үш-он төрт-ақ жылдай болды. Алайда, ол біздің жігіт ағасы болып, ақыл тоқтатқан, шағымыз болғандықтан, оның әр күні, әр жылы ұмытылмастай болып есте қалды.
2000 жылдың 20 қарашасы күні Астанадағы мемлекеттік «Елорда» баспасының табалдырығын аттағанда алғашқы болып қарсы алған баспа директоры Тұрекеңнің өзі еді. Оған дейін көп жыл аудандық газетте істеп келгендіктен, жазып-сызуға машығым болғандықтан баспадағы редакторлық міндетке тез төселіп кеттім.
Тұрлығазының негізгі мамандығы полиграфист болатын. Мәскеудегі Полиграфия институтын бітірген. Алматыдағы «Дәуір» баспасында, Республикалық Баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі комитетте, Қазақстан Республикасы Баспасөз және ақпарат министрлігінде әралуан лауазымда қызмет істеген білікті маман екен. Баспа – «Астана полиграфия» акционерлік қоғамының үйінде орналасқан. Сондықтан кітап шығару ісін қолжазбадан бастап оның басылып шыққанға дейінгі процесін түгелдей өз қолымыздан өткіземіз. Сөйтіп, кітап шығарудың барлық ерекшеліктерін түгелдей Тұрекеңнен үйрендім десем, ол ешқандай артық айтқандық емес. Оның қоластындағы қызметкерлерге ренжіп, дауыс көтергенін, орынсыз ұрысқанын ешқашан көрмеппін. Бірге қызмет істеген қызметкерлер оны әрдайым ілтипатпен еске алады.
«Елорда» баспасында Тұрлығазы Сабырбайұлының басшылығымен «Алтын қор», «Ғибраты мол ғұмыр», «Отырар кітапханасы», «Қазақстан тәуелсіздігіне 20 жыл» серияларымен көптеген көрнекті ақын- жазушылардың шығармалары жарық көрді. Оның бәрі – сырты әсем безендірілген, әдемі кітаптар еді. Бұл сериялармен шығарылған туындылар Алматыда өткен халықаралық кітап көрмесінде сан рет жүлделі дипломдармен марапатталған.
«Елорда» баспасын мемлекет, қоғам қайраткерлерінің кітаптары, Елбасының жыл сайынғы Жолдаулары әр жылы кітапша болып жарық көріп жататын. Авторлар да өз шығармаларын осы баспадан шығаруға ұмтылатын. Тұрекең тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында және одан кейін бірге қызмет істеген полиграфистердің еңбектерін жоғары бағалайтын.
Тұрлығазы Сабырбайұлы өзіне өтінішпен келген адамға қолынан келсе қол ұшын беруге, көмектесуге әрқашан әзір тұратын. Кішіпейіл, жанашыр, уәдесіне берік, бір сөзді азамат еді. Ұсақ-түйекті елеп, ескере бермейтін. Биязы мінезімен достарының құрметіне бөленіп жүріп еді. Онымен бірге қызмет істеп, аралас-құралас болған әріптестері адал да ақжарқын азаматты тәуелсіз Қазақ елінің полиграфия және баспа ісін дамытуға өзіндік үлес қосқан іскер маман, тәжірибелі баспагер ретінде жақсы біледі. Ол ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере сүйіп кетті. Оған да шүкіршілік дейміз.
Бітірген ісін ешкімге міндет қылмай, ол үшін ешкімнен мадақ, сый-сияпат күтпей, өз міндетін адал атқарып, дүниеден өткен асыл азаматтар аз емес. Тұрлығазы сондай жандардың бірі еді. «Құрдас, бәрі жақсы болады!» деген сөзі құлақтан кетер ме.
Қайырды НАЗЫРБАЕВ,
«Нұр Астана» баспасының директоры.