Қазақстан • 26 Қараша, 2021

Сот кеңесі қызметін жетілдіру қағидаттары

134 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанның Жоғары Сот кеңесі мен Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссиясының (Венеция комиссиясы) мұрындық болуымен ІV халықаралық дөңгелек үстел жиыны өтті. Онлайн форматта ұйымдастырылған форум биыл «Сот жүйесіндегі сот кеңестерінің рөлі мен орны және олардың заманауи модельдері» тақырыбына арналды.

Сот кеңесі қызметін жетілдіру қағидаттары

Басқосуда судьялар корпусына кадрларды іріктеу және Еуропа мен ТМД елдерінің тәжірибесінде сот кеңестерінің қызметін жетілдірудің өзекті мәселелері талқыланды. Мұндай іс-шараны ұйым­дастыру игі дәстүр­ге айналғанын айтқан Қазақстан Жо­ғары Сот кеңесінің төрағасы Денис Шипп фо­румның Еуропа мен Азия сот кеңестерінің, ха­лықаралық инсти­тут­тардың, мемлекеттік органдардың өкіл­дері, сондай-ақ құқықтану және HR менеджмент саласындағы жетекші сарапшылар үшін маңызды тақырыптар бойынша пікір алмасатын тиімді алаң еке­нін атап өтті. «2018 жылы өткен дөңгелек үс­тел кезінде біз судьялар іріктеу жүйесін және Жоғары Сот Кеңесі жұмысын жаң­ғыр­ту мәселелеріне тоқталсақ, 2019 жылы сот жүйесіндегі кадр саясатының перспективалы бағыттары талқыланды. Жаһандық індет жағдайлары өткен жылы ұйымдас­ты­рыл­ған дөңгелек үстелдің тақырыбын анық­тап бер­ді. Судьялыққа үміткерлерді іріктеу, судья­­лардың жұмысын бағалау және жоғар­ылату­дағы заманауи цифрлы және чарт техно­логиялар да кеңінен сөз болды», деді Д.Шипп.

Жоғары Сот кеңесінің мәртебесіне арналған жиында Еуропа кеңесінің Венеция комиссиясының төрағасы Буккикио Джанни сот жүйесінің қоғам мүддесін қорғау­­да­ғы Жоғары Сот кеңестерінің тиімділігіне кеңінен тоқталса, Еуропалық сот кеңестері желісінің президенті Донатти Филиппо сот жүйесінің тұрақтылығы мен тәуел­сіздігін қамтамасыз ету мәселелерін сөз етті.

Ал Қазақстан Жоғары сотының Төраға­сы Жақып Асанов кеңестің басты миссия­сы судьялар корпусын жасақтау екеніне тоқтала келе: «Егер судья кадрлары білікті, мықты болмаса, бұл жүйедегі ешқандай реформа нәтиже бермейді. Себебі судья өзі шешім қабылдап, өзі үкім шығарады. Сондықтан да біздің салада кадр біліктілігі өте өзекті мәселе», деді. Судьяларды ірік­теу, олардың мансаптық жоғарылауына қатысты бірқатар заң қабылданғанын айтқан Ж.Асанов бұл бағыттағы үш негізгі жаңалықты атап өтті. Яғни осы заңдардың арқасында елімізде судьяларды іріктеу тәртібі өзгерді, тәжірибелі судьялардың кетуіне тосқауыл қойылып, қатардағы судьялардың тәуелділігі жойылды.

Іс-шара шеңберінде судьялар корпусын қалыптастырудағы Қазақстан Жоғары Сот кеңесінің рөлі, қалыптасу және даму перспективалары жан-жақты сөз болып, халықаралық сарапшылар Франция, Бельгия, Италия және Испания елдері тәжірибелерін үлгі ете отырып, сот кеңестерінің заманауи еуропалық модель­дерін егжей-тегжей талқылады. Соны­мен қатар басқосуда судьялардың білік­тілік алқалары, Ресейдің судьялар қауым­дас­тығы жүйесіндегі судьялар корпусын құру тәжірибесі қарастырылды.