Экология • 26 Қараша, 2021

Көліктерді газға ауыстыру – заман талабы

393 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Автокөліктер ағыны артып, экологиялық ахуал күрделене түскен қазіргі кезеңде мотор отыны ретінде табиғи газға көшу мәселесінің маңызы артты. Әлем елдері мұның үнемді әрі тиімді тәсіл екенін әлдеқашан мойындаған. Қазақстан үшін де табиғи газға көшу үдерісін үдету өзекті мәселе болып отыр. Осыған орай Алматыда БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссия аясында «Қазақстанда көлікті декарбонизациялауды қолдау» атты семинар өтіп, екі күнге созылған шарада бензин мен дизель отынын пайдаланудың орнына табиғи газға көшу жайы жан-жақты талқыланды.

Көліктерді газға ауыстыру – заман талабы

Әлем елдерінің сақа сарапшылары мен отандық білікті мамандар бас қосқан семинарды Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, «ҚазТрансГаз Өнімдері» ЖШС, «Жасыл Даму» АҚ және «Қазақ­стан­ның газмоторлы қа­уым­дас­тығы» ЗТБ бірлесе ұйым­дас­тырған.

 Ел Үкіметі Париж және Глазго саммит­терінде қойылған мақсат-міндеттерді, сондай-ақ БҰҰ-ның 2060 жылға қарай Парниктік газ­дар шығарын­дыларын дәйек­ті азайтуды және көміртегі бейта­рап­­тылығына қол жеткізуді қамта­масыз ету жө­ніндегі жаһандық үндеуін толық қол­даған болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экология проблемасын еңсеру үшін бұл жұмыстар елімізде жүйелі жалғасын табуы тиістігін тапсырған еді.

Сарапшылардың сөзіне қара­ғанда, Қазақстанда мотор оты­ны ретінде табиғи газды пай­да­лануға көшудің негізгі алғы­шар­ты деп соңғы онжылдық ішінде мұ­най өнімдерін өнеркәсіптік тұтыну­дың күрт өсуін атауға болады. Бұл көлік құ­рал­­дарының еселеп өсуі мен тозуына тік­е­лей байланысты. Болашақта дәстүрлі отын түрлерінің ықтимал тапшылығын бол­­­дыр­мау және ел экологиясын зиянды қал­­­дық­тармен ластамау, сондай-ақ Қазақ­­стан­да жаңа мұнай өңдеу зауытын салу­­ды не­­ғұр­лым кеш мерзімге ауыс­тыру үшін таби­ғи газға мотор отыны нары­ғын әр­та­раптан­дыру бойынша шешім қабылданды.

2018 жылы Үкімет табиғи газды мотор отыны ретінде пайдалануды кеңей­ту жөнін­дегі іс-шаралар жоспарын бекіткені­мен, жоба толық көлемде іске асырыл­маған. Оған коронавирус пандемиясы, мұнай баға­сы­­ның құл­дырауы салдарынан орын алған әлем­дік дағдарыс себеп болды. Десе де бұ­дан бөлек эконо­ми­каның газ және көлік сала­л­ары мен жергілікті атқарушы орын­дар ара­сын­дағы іс-қимыл үй­лес­­ті­­рілуінің дұрыс жолға қо­йыл­­мауы да салаға салқынын тигізген.

Екі күн бойы жалғасқан семинарда сы­ғыл­ған және сұйытылған газға көшу ар­қылы еліміздің көлік секторын декар­бонизациялау жайы кеңінен тал­қы­ланды. Бұл тұрғыда жолаушылар авто­бус паркін, темір­ жол локомотивтерін газ­дан­дыру бағ­дар­ламаларын іске асыруды қол­дау, әсіресе, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халық­аралық көлік бағытында мамандан­дырыл­ған жанармай құю бекеттері құрылысын жандандыру жайы назарға алынды.

«Қазақстанның газмоторлы қауым­дастығы» ЗТБ басқарма төрағасы­ның мін­детін атқарушы Талғат Арыстан­баев­тың пікіріне қарағанда, бұл мақсатқа қол жеткізу үшін бұдан бұрын Үкімет қау­лысымен бекітілген «Табиғи газды мотор отыны ретінде пайдалануды өрістету жөніндегі 2019-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының» қолданылу мерзімін 2030 жылға дейін ұзарту қажет.

 – Табиғи газды тұтыну – адамдар үшін де, қоршаған орта үшін де тиімді тәсіл. Бұл әсіресе экология жайы ушығып тұрған Алматы секілді мегаполис үшін ауадай қа­жет. Экономикалық тұрғыдан қарағанда да үнем­­деуге жол ашады. Шамалап айтсақ, бү­гінгі таңда Алматыда 1600-ден астам қоғам­дық көлік болса, оның 550-дейі ғана көгіл­дір отынмен жүреді. Бұл табиғи газ үлесі­нің 30 пайызын құрап отыр. Таяу жыл­дары ең болмағанда осыны 50 пайызға жеткізу жоспарымызда бар. Экология жанашырлары мен қоғам белсенділері бізді қолдайды. Же­дел жәрдем мен полиция көліктері, қала таза­лығын қамтамасыз ететін техникалар табиғи газға көшсе ауа қабаты едәуір тазарып қалар еді. Бүгінгі семинар барысында осы мә­се­ле де талқыланды. Бұл бағытта тиіс­ті жос­­парларымыз бар, – дейді «АвтоГаз Алматы» ЖШС бас директоры Асылбек Батталханов.

Бұрынғы ТМД елдері ішінде табиғи газға көшу тұрғысынан Ресей мен Өзбек­стан көш бастап тұр. Тәжікстан, Қыр­ғызстан секілді көгілдір отын пайдалану ісінде кешеуілдеп қалған мемлекеттер де бар. Бір ғана Алматының өзінде көлік­тер жылына 15 млн текше метр таби­ғи газ пайдаланады. Ал газға көшкен көлік­тер саны артқан жағдайда бұл көр­сет­­кіш 50-60 млн-нан асып жығылуы мүмкін.

Межелеген мақсатқа жету үшін халық­аралық әріптестермен тығыз байланыс ор­нату­дың маңы­зы зор. Бұл тұрғыда көгіл­дір отын тұ­тыну ісін ертерек еңсерген ел­дер­дің тәжірибесіне жүгінудің ар­тық­тығы жоқ. Семинар бары­сын­да бұл бағыттағы жұмыс­тардың ал­дағы жоспары белгіленіп, қиын­дықтар мен кедергілерді тойта­ру­дың тың тәсілдері сараланды.

 

 АЛМАТЫ