Сұхбат • 26 Қараша, 2021

Ербол Өстеміров: Бизнесті қорғау «таза парақтан» басталады

481 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында рет­теу­шілік саясаттың база­лық қағидаттарын өзгертіп, соның аясында бизнесті «таза парақтан» реттеуді тапсырды. Қазір осыған байланысты заң жобасы әзірленіп жатыр. Бұл құ­жат­ты кәсіпкерлер де күтіп жүргені анық. Өйткені заң ең бірінші солардың құқын қорғауға тиіс. Осы жөнінде «Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміровке бірнеше сауал қойған едік.

Ербол Өстеміров: Бизнесті қорғау «таза парақтан» басталады

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

– Ербол Лесбекұлы, әзір­леніп жатқан жаңа заң жобасында қандай жаңашылдық қарас­тырылған? Кәсіпкерлік сала­сын «таза парақтан» рет­теу­дің бизнесмендер үшін пайдалы тұсы қандай?

– Елімізде бизнесті дамытуға, нәсібін кәсіптен тауып жүрген азаматтарды қолдауға бағытталған көптеген мемлекеттік бағдарлама қолға алынғанын өзіңіз де білесіз. Бизнесті реттеуді «таза парақтан» бастау да – соның бірі. Кейде кәсіпкерлердің мұң-мұқтажын шешу кезінде біраз мәселе заң тұрғысынан шешілмегенін көріп жүрміз. Сондықтан бизнесті қор­ғауды осы реттеу заңынан бас­та­мақшымыз. Бизнес қызметі­нің жаңа реттеушілік саясаты бо­йынша заң жобасын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Ұлттық экономика министрлігі отандық және шетелдік сарапшыларымен ақылдаса отырып әзірледі.

Заң мемлекеттік реттеудің қағи­даттары мен негізгі ереже­лерін белгілеуге мүмкіндік бере­ді және бизнеске қойылатын талаптар қандай болу керектігін нақ­­ты­лайды. Реттеудегі қағи­дат­­тар міндетті түрде орын­да­­ла­ды; кәсіпкерлерге талап қояр­да олардың жағдайы, бұл талап­тарды орындай алу мүмкін­дігі ескеріледі, олар цифрландырыл­ған, ыңғайлы және бизнесмендер­ге салмақ салмауы тиіс; мемле­кет­тік жоспарлау құжаттарға сәйкес келуі шарт; мемлекеттік реттеудің қатаңдық деңгейі тәуе­кел деңгейіне байланысты болады. Міне, осы негізгі қағидат­тар орындалған жағдайда ғана кәсіп­керлерге жаңа талаптар белгі­ленуі мүмкін. Мемлекет тарапынан бір жаңа талап енгізілген жағдайда қолданыстағы екі талап жойылып отырады.

Заңда реттеуші апелляция инс­титутын енгізу де жоспарланған. Бизнес-омбудсмен мемлекеттік органдардың талаптарын қайта қарау мақсатында шағым мен ұсыныстарды жинайды. Ал оны Ұлттық экономика министрлігі қарайды. Министрлік талқылауға ұсыныл­ған шағымдарды қарас­тыра отырып, реттегіш тетіктің күшін жою немесе оған жан-жақты талдау жүргізу жөніндегі шешімді кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі са­­рап­­тама тобының, болмаса ведомствоаралық комиссияның талқылауына шығарады.

Заңға енгізілетін тағы бір жаңа­шылдық – мемлекеттік бақы­­лау жүйесі жетілдіріледі. Жаңа тәсіл тек рұқсат беру талап­тары­на сәйкестігін тексеруді және нақты фактілер бойынша таға­­йын­далатын жоспардан тыс тек­серулерді көздейді. Ерекше тәртіп бойынша жүргізілетін тексерулер жойылады. Бұл ретте кәсіпкерлікті қауіпсіздікті қадаға­лау шараларымен қамта­ма­сыз ете отырып, профилактикалық бақы­лауды күшейтуге ерекше маңыз беріліп отыр. Яғни әкім­шілік істерді қозғамас бұрын алдымен жедел ден қою шараларын қол­данылу ұсынылды.

– Сонда жаңа заң кәсіпкердің құқығын қорғап, ретсіз тексеруден босатуға ықпал етеді деу­ге болады ғой?

– Иә, бұл заң алдымен кәсіпкер­дің құқын қорғауға бағытталған. Ұлттық палата бизнеспен айналысып жүрген азаматтардың құқын қорғау үшін міндетті та­лап­тардың тізілімін енгізуді ұсы­нып отыр. Бұл – бизнеске қойы­латын барлық талаптың толық тізбесін қамтитын бірың­ғай база. Мұндай ортақ дерек­тер орталығы кәсіпкерге биз­нес­­ті жүргізудің барлық құқық­тық­ негіздерімен танысуға мүм­кін­дік береді. Соның ішінде мем­ле­кет­тік реттеудің талаптары да анық көрсетіледі. Егер талап тізі­лімде болса, онда ол бойын­ша мемлекеттік орган тексеру­ге және жазалауға құқылы еке­нін кәсіпкер білуі керек. Егер тізі­лімде талап болмаса, онда жаза да жоқ. Бұл жерде – заңды білген жаза баспайды деген қағидат.

Тағы бір өзгеріс, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап реттеуші «гильотина» іске қосылады. Яғни мемлекеттік реттеудің жаңа қағидаттарына жауап бермейтін талаптар заңсыз деп танылады.

Жалпы, талаптарды қайта қарау­ды кәсіпкерлердің көбі жұ­мыс істейтін төрт саладан баста­дық. Еліміздегі бизнеспен айналысып жүрген азаматтардың 60%-дан астамы – сауда, ауыл шаруа­шылығы, қоғамдық тамақ­тан­дыру, көлік саласында қыз­мет етеді. Сондықтан заң қабыл­данғанға дейін біз қанатқақты режімде қоғамдық тамақтан­дыру және сауда-саттық, көлік қыз­мет­тері сияқты салаларда реви­зия бас­та­дық. Жұмысқа тәуел­сіз са­­рап­­шылар мен салалық қа­уым­­­дас­тықтар тартылған. Қа­зір қо­­ғамдық тамақтандыру сала­сын­­дағы талаптарды тексеру аяқталды.

Бақылаудың жаңа форма­сын енгізу – кәсіпкерлік субъекті­лерін заңсыз жауапкершілік­ке тарту мүмкіндігін болдыр­май, шынайы заң бұзушылар­ды анықтауға мүмкіндік беретін тергеу деуге болады. Бақылау­шы мемлекеттік органдар алдымен профилактикалық бақылауды нысанға бармай-ақ жүргізеді, содан кейін соның қорытындысы негізінде қажет болса, объектіге барып, бақылауды жүргізу мін­детін бекітеді.

– Заң нақты қашан қабыл­дануы мүмкін?

– Мемлекет басшысының ҰКП съезінде берген тапсырмасына сәйкес, заң жобасын 2021 жылдың соңына дейін қабылдау жоспарланып отыр. Парламент Мәжілісінде бірінші оқылым 3 қарашада өтті.

Әзірше кәсіпкерлер палатасы Ұлттық экономика министрлігі­мен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін ауыл шаруашылығы, көлік, сауда, тұру салаларында міндетті талаптарды қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Осы бойынша кәсіпкерлердің пікір-ұсынысы да ескерілмек.

 

Дайындаған

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,

«Egemen Qazaqstan»