Қазақстан • 26 Қараша, 2021

Тарихи мекенге саяхат

436 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кез келген ұлтты қалыптастыратын орта – оның ұлттық білім ордасы. Сондықтан қазақ мектебінің тағдыры – ел тағдыры. Ұлтымыздың болашағын ойлаған алаштың ардақтылары мұны әрқашан ескеріп отырған. Қазақ халқының ұлы перзенті Мұстафа Шоқай «Ұлттың мәдениеттен жұрдай рухпен тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жақтайтын пайдалы азамат шықпайды» деп, ұлт болашағын ұлттық білім беру ордасында, ұлттық рухта тәрбиелеу керектігін баса айтқан.

Тарихи мекенге саяхат

Тәуелсіздікке 30 жыл толуына орай білім ордасының белсенді жетек­ші­лері 5 «А» сынып жетекшісі Динара Бей­сенбиновна мен 6 «Ж» сынып жетек­шісі Меруерт Еркінбекқызы сыныбы және ата-аналармен бірлескен жұмыс төңірегінде «біз жас ұрпақ ˗ табиғат қорғаны» деген ұранды ұстана отырып тағылымдық, тәрбиелік мәні зор іс-шараны жүзеге асырды. Негізгі мақсат – көрікті жерді көпшілікке таныстыру, адамның бойына қуат, көңіліне шабыт, сезіміне ләззат шапағатын ұяла­татын сұлулық пен әсемдік әлемін ұрпақ игілігіне жарату. Туған жердің тағдырына толғанатын, жаны тебіреніп сол туралы ойлайтын ұрпақ тәрбиелеу жолында Мәшһүр Жүсіп атындағы №57 орта мектептің білім алушылары сынып жетекшілерімен бірге Бурабай табиғатын тамашалауға жол тартты.

Ақмола облысына қарасты Шор­танды қаласынан 20 шақырымдай қашық­тықтағы Бурабай көлінің жаға­сында Абылай алаңы, Оқжетпес, Бура­бай кенті, Бурабай қорымы, Жеке батыр тарихи-мәдени орындарымен оқушылар кеңінен таныс­ты және әрбір тарихи аңыздың атауы мен тыл­сым табиғаттың тіршілігі, мәңгі тозбас құтты мекен қоныс болатыны туралы терең мағлұмат алды. Әсіресе, «Абылай алаңы» оқушылардың назарын өздеріне қатты аударды. Үш жүздің басын қосып, ел ертеңі үшін келелі кеңестер мен маңызды шешім қабылдаған хан тағын, орналасқан жерді көру оқушыларға қатты әсер қалдырды. Оқушылар «Қанша ғасыр өткен ел билеушісінің тағы әлі сақталған ба?» деген сұрақтар қойып жатты.

 Табиғатқа мейірімділікпен, сүйіс­пеншілікпен, қамқорлықпен қарап, үйле­сімділік сақтағанда, адамзат баласы үшін табиғат кең сарай екені айтылды. Жалпы, тіршілік атаулының барлығы Жер-анаға, табиғатқа қарыздар екені болашақ ұрпақтың санасына беки түсті. Сондықтан да табиғатқа немқұрайлы қарау, онымен санаспау – ана сүтін ақтамағанмен пара-пар. Көзімен көріп, қолымен ұстаған ұрпақтың сезіміне селк еткізер шөкімдей ой тастап, ойланту сынып жетекшілердің басты мақсаты болатын. Шынында да аялы табиғатты аялайтын ұрпақты көру – мақтаныш.

Адам баласы табиғаттың ең ұлы перзенті болумен бірге, ең ұлы қамқор­шы­сы да екенін ешқашан естен шығар­мауымыз керек.

 

Гулфайруз ДӘУЛЕТОВА,

Нұр-Сұлтан қаласындағы

Мәшһүр Жүсіп атындағы №57 орта

мектептің қазақ тілі мен әдебиеті

пәнінің мұғалімі