Пікір • 26 Қараша, 2021

Көкейімізге сенім ұялатты

150 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын оқып, жылы қабылдадым. Әр тұғырдың желісін «Тәуелсіздік» ұғымынан алып өрген Елбасының жас ұрпаққа жолдаған үндеуі мен Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласының арасынан тамаша сабақтастықты, үйлесімді байқадым.

Көкейімізге сенім ұялатты

Қос саяси тұлға да Тәуелсіздік тізгінінің бас иесі жастар екеніне басымдық бере отырып, өз толғамдары арқылы біздің бағыт-бағдарымызға айнымас жол сілтеп, көкейімізге сенім ұялатар сөздерін нақты мысалдармен дәйектейді. Ал адам баласы үшін сенімнен күшті құдірет жоқ десек, бұл сенімнің талай жасқа рухани күш сыйлайтынына зәредей шүбә етпейміз. Өз мақаласында Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейтінін шегелеп айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мем­лекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз», деген болатын. Ал ұрпақтар алдындағы бұл ұлы міндет Елбасы үндеуінде: «Рухымызды қайрап, еңсемізді тіктеп, бұдан да биік асуларға жету үшін және Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы жолында тынбай жұмыс істеуге тиіспіз! Біз кез келген сынақтан сүрінбей өтіп, жеңіске бірге жетеміз», деген айшықты сөздермен көрініс табады.

Ой мен сөзде, сөз бен істе бірлік танытып, байтағының берекесін арттыру дәстүрін Керей мен Жәнібек хандарымыздан сіңірген ел едік қой. Ендеше, тұғырына қонған Тәуелсіздік Туын мәңгі ету жолында біз де аянып қалмайық!

 

Серік СЕЙІТМАН,

Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкері