01 Наурыз, 2014

ЭКСПО өткізу – Отанымыз үшін зор жауапкершілік

226 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
28-02-01. «Астана ЭКСПО-2017» архитектуралық жобасы тұ­жы­рымдамасының таныстырылымы өтті, деп хабарлады Пре­зиденттің баспасөз қызметі. Көрменің ең үздік жобасына арналған конкурстың жеңімпазы «Adrian Smith+Gordon Gill Architecture LLP» компаниясының Ақордада өткізген таныстырылымы барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО-2017 Астанада бұрын-соңды өтпеген ірі іс-шараға айналатынын атап көрсетті. – Бұл кешен қала келбетін түбегейлі өзгертеді. Мен конкурсқа қатысушылардың ЭКСПО-2017 негізгі ғимаратына ұсынған 50 жобасының барлығымен танысып шықтым. Содан кейін олардың арасынан үздік 10 жоба іріктелді, оның ішінде «Adrian Smith+Gordon Gill Architecture LLP» нұсқасын таңдау жөнінде шешім қабылданды. Бұл компанияның тек құрылыс қана емес, «жасыл экономика» саласында да мол тәжірибесі бары ескерілді, – деді Қазақстан Президенті.

28-02-03.

28-02-02.

Нұрсұлтан Назарбаев жеңімпаз компанияның жобасы «жасыл» энергетика саласында үлгі болатынын және алдағы құрылыстың осы тәжірибеге негізделетінін айтты. – Бір мезгілде күн, жел энергиясын, сондай-ақ, қоқысты қайта өңдеуден алынған энергияны өндіретін көрме кешені Қазақстан үшін және бүкіл өңір үшін жақсы үлгі болады. Іс жүзінде мұндай ауқымды кешен өзін өзі электр энергиясымен қамтамасыз етеді, ал күн мен жел қуаты артқан кезде оны қалалық жүйеге беретін боламыз. Бұл – бірегей жоба, біз мұны бірінші рет жүзеге асырмақпыз, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті ЭКСПО-2017 көрмесінің бар­лық орын­жайы көрмені өткіз­ген­­нен кейін халықтың игілігіне пайда­ланылуы  тиіс екеніне тағы да назар аударды. – Біз Назарбаев Университеті жағынан үсті толықтай жабық, ұзындығы 500 метр көше салу туралы уағдаласудамыз. Адамдар онда қыста да, жазда да емін-еркін серуендейтін болады. Ғимараттың бірінші қабатында сауда кешендері, қалған үш қабатында қонақ үйлер, сәулетті үй-жайлар мен кеңселер болады. Мен үсті жабық қала туралы бұған дейін де айтқанмын, сол ойым енді жүзеге асуда. Бұған қоса, онда өтетін түрлі іс-ша­раларды үш мыңнан астам адам тамашалай алатын, көрер­мендерге арналған аумағы үлкен ашық алаңдар, сондай-ақ, үш мың адамға лайықталған Конгресс-холл болады. Осының бәрі Астана мен Қазақстан тұрғындарының игілігіне айналады, – деді Нұр­сұлтан Назарбаев. Өз кезегінде «Adrian Smith+Gordon Gill Architecture LLP» архитектуралық ком­па­ния­сы­ның құрылтайшысы Э.Смит ЭКСПО-2017 кешені үшін баламалы энергияның негізгі көзі күн энергиясы екенін хабарлады. – Біздің жобамызға сәйкес, ғи­мараттың дизайны, оның контурлары, энергия үнемдейтін ма­териалдар мен панельдер есебінен энергияның 48%-ы үнем­деледі. Шын мәнінде, бұл ғи­марат энергетикалық жағынан толығымен тиімді болады. Жал­пы, біз үшін бұл – ерекше жоба, өйткені, компаниямыздың философиясы соған негізделген. Біз энергияны өзі өндіретін, энер­гиялық жағынан тиімді және энер­гиялық тұрғыда орнықты ғи­ма­рат тұрғызғымыз келеді, бұл энер­гия көздерінен тасымалдауда электр шығынын болдырмайды, – деді Э.Смит. Компанияның құрылтайшысы сфера түрінде жобаланған негізгі ғимарат «Астана ЭКСПО-2017» кешеніндегі ең басты ғимаратқа айналатынын және оған ең озық технологиялар мен материалдар пайдаланылатынын атап өтті. – Сфера құрылысында ғима­рат­ты сыртқы температура мен дыбыстан қорғайтын қос қабат­ты, жоғары технологиялық берік әйнек қолданылады. Мұн­дай технология Сеулдегі феде­ра­тивтік ғимаратты жобалау ке­зінде қолданылды. Біз іс жү­зін­де жобадағыдан да әдемі әрі жақсырақ болуы үшін ұсақ-түйекке дейін көңіл бөлетін боламыз. Бұл кешен «жасыл технологияларды» пайдалануға негізделген үлгілі жобаға айналады деп ойлаймыз, – деді Э.Смит. Қоршаған орта және су ресурс­тары министрі Нұрлан Қаппаров Э.Смиттің бұл салада 45 жылдан астам уақыт жұмыс істейтінін айтты. Осы уақыт ішінде ол әлемдегі ең биік 12 ғимараттың бесеуінің, соның ішінде Бірік­кен Араб Әмірліктеріндегі «Бурдж Халифа» және Сауд Ара­биясындағы «Кингдом Тауэрс» жобаларын жасаған. Соңында Мемлекет басшысы көрме нысандары құрылысының мерзімі мен сапасына бақылау жасайтын инжинирингтік компания қазірдің өзінде таңдап алынғанына тоқталды. – Жобаның ұсынылған тұ­жырымдамасын жалпы мақұл­дауға болады. Таңдап алынған сфераны Астана қаласының Бас жоспарымен үйлестіру қажет. 2017 жылға дейін аз уақыт қалды, енді жұмысты бастаған жөн. Жобалаушылар құрылыстың барлық кезеңіне қатысады деп үміттенемін және тиісті технология мен мамандар тартылады деп ойлаймын. Тәжірибе көрсеткендей, құрылыс тоқтап қалмас үшін сәулетшілер мен құрылысшылардың ұдайы әрі жедел өзара іс-қимылы қажет. Мұндай жобаны іске асыру – еліміз үшін зор жауапкершілік, себебі біз келетін екі миллион адамды қабылдап қана қоймай, құрылыста жоғары технологияның қолданылуын көрсететін боламыз. Көрме кешені қаланың танымалдығын арттырады. Кейін оның қала тұрғындары мен елорда қонақтарының демалып, көңіл көтеретін сүйікті орнына айналуы да маңызды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. ----------------------------------------- Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.