Маңғыстау өңіріне Астанадан арнайы топ келді. Түрлі министрліктердің өкілдерінен құралған топтың мақсаты – Мемлекет басшысының биылғы Жолдауын насихаттау, түсіндіру және осы орайда өз салаларында атқарылуға тиіс жұмыстар мен жоспарлар жайлы құлағдар ету.
Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің төрағасы М.Әзілханов бастаған делегация Ақтауға келісімен өзара бөлініп, Маңғыстау облысының Маңғыстау, Қарақия және Мұнайлы аудандарының ауылдарын аралап, жұртшылықпен кездесті. Мұнайлыдағы «Қазақстан темір жолы» АҚ, Қарақиядағы «Ерсай» ЖШС, Ақтау қаласындағы «Қазақтелеком» АҚ, Ақтау халықаралық теңіз-сауда порты, Ш.Есенов атындағы КМТжИУ ұжымы, білім беру саласы қызметкерлерімен кездесіп, Жолдау жайлы ой өрбітті, «Мәңгілік Ел» идеясының негізін түсініп, өміршеңдігі үшін атсалысуға әрбір қазақтың атсалысуы тиіс екенін айтты.
– Жыл сайынғы Жолдаулардың әрқайсысының өзінің арқалаған жүгі мен жауапкершілігі бар. Тәуелсіз еліміздің берік болашағы үшін жасалуы тиіс жұмыстарды айқын көрсетіп, қадау-қадау тапсырмаларды екшеп беретін бұл құжаттар – біздің егемен елімізді келешекке бастап келеді. Экономикалық-әлеуметтік тұрғыдағы басым бағыттар мен бағдарларды, түрлі қолдауларды айтпағанда, биылғы Жолдаудың ең басты ерекшелігі – «Мәңгілік Ел» идеясының ұсынылуы болды. Бұл біздердің бабаларымыз аңсаған арман, идея біздің заманымызда айтылды, қызығын көретін болашақ ұрпақ. Елбасы Жолдауының мақсаты бүгінді ғана емес, болашақты бағамдауға, күніне мың түрлі құбылып, күтпеген жаңалықтар мен өзгерістер туындап жатқан әлем елдері арасынан өз орнымызды ойып тұрып алуға ұмтылдырады, – деген еліміздің Білім және ғылым вице-министрі Т.Балықбаев Ақтаудағы Ш.Есенов атындағы КМТжИУ студенттері мен оқытушылық-профессорлық құрамы алдында министрліктің Жолдауды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстары туралы әңгімеледі. Делегация басшысы М.Әзілханов облыстағы Бекет ата мешітінде, орыс православие шіркеуінде болып, аймақтағы бірқатар басқармалар басшыларымен жүздесті. Өңірде теолог мамандардың жетіспейтіндігін біліп, халыққа діни насихат жүргізудегі молдалардың жауапкершілігі туралы айтқан агенттік басшысы аймақтағы діни ахуалды тұрақты деп бағалады.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.