Алматыда «Мәңгілік Ел» идеясы – жастардың жарқын болашағы» атты жастардың Республикалық патриоттық форумы өтті. Оны Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті мен «Жас Отан» жастар қанатының Алматы қалалық филиалы ұйымдастырды.
Форумға «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кенжехан Матыжанов, Еңбек Ері Аягүл Миразова, «Жас Отан» ЖҚ Алматы қалалық филиалының атқарушы хатшысы Арман Халбеков, Алматы қалалық Жастар саясаты жөніндегі басқарманың өкілдері мен республиканың әр аймағынан келген жоғары оқу орындарының белсенді студенттері қатысты. Жастар «Мәңгілік Ел» идеясы – қазақстандық патриотизмнің түпқазығы», «Интеллектуалды ұлт – ел ертеңі», «Қазақстан-2050 Стратегиясы жастардың көзімен» секілді бірнеше тақырыпты талқылап, ой-пікірлерімен бөлісті. «Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында жастарға үлкен сенім артады. Елбасы Жолдауда көптеген міндет-тапсырмалармен қатар, жасыл экономиканы, инновацияны дамытып, ғылымға негізделген экономика құруды жүктеді. Осы міндеттің іске асуына жастар да атсалысуы керек», – дейді форум делегаттары.
Форум соңында республиканың әр өңірінен келген жастар Қыздар университетінің «Ақтұмар» мұражайы мен «Мәңгілік Ел» көрмесін тамашалады.
«Біздер, Қазақ елінің жастары, білімді де алғыр болуымыз қажет. Ел ертеңі жастардың қолында. Елбасы айтқандай, «Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса, ол елдің еңсесі де биік болады», – деген «Жас Отан» ЖҚ Алматы қалалық филиалының атқарушы хатшысы Арман Халбеков жастарды ұлтжанды болуға шақырды.
Айдар ӨРІСБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.