Медицина • 28 Қараша, 2021

Елімізде томография қызметтерін көрсету көлемі ұлғайды

590 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде компьютерлік және магниттік-резонанстық томография қызметтерін тегін көрсету көлемі артты. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қалалық филиалы мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елімізде томография қызметтерін көрсету көлемі ұлғайды

«Қазіргі уақытта МӘМС жүйесі арқылы көптеген медициналық қызметтерді алу қолжетімді. Елімізде онкологиялық және жүрек-қан тамырлары ауруларының айтарлықтай жоғары көрсеткіштерін, сондай-ақ коронавирустық инфекциясымен ауырған науқастар көрсеткішін ескерсек, компьютерлік және магниттік-резонанстық томография қызметтерінің азаматтардың диагностикалық тексеруден өтуі үшін қаншалықты сұранысқа ие екендігі белгілі. Биыл осы КТ/МРТ бойынша қызмет көрсетушілер саны 26 және 21 пайызға артты», деп атап өтеді қор филиалынан.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізгенге дейін КТ және МРТ қызметтерін ұсыну тұрақты түрде қаржыландырылмайтын. Өз аймағының ауруханасында немесе емханасында кезекте тұрған азаматтар КТ немесе МРТ-дан өту мүмкіндігін кейде бірнеше айлар бойы күтетін. Ал 2020 жылы КТ бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызмет көрсетушілері 135 медициналық ұйым болса, биыл 190 медициналық ұйым бар.

Өткен жылы МРТ қызметін жеткізушілер саны 95 болса, биылғы жылы 121 медициналық ұйым аталған диагностика бойынша қызмет көрсетеді.

«Бұл үрдіс алдағы жылдары да жалғасады, өйткені қор оларды нарыққа жақындату және жеке қызмет жеткізушілерді тарту мақсатында төлем тарифтерін көтеруді қолдайды. Қазір көптеген елді мекендерде КТ/МРТ жеке кабинеттері ашылуда, олардың кейбіреулері қызметтерге деген жоғары сұранысты ескере отырып, тәулік бойы жұмыс істейді. Елордада МӘМС жүйесінде КТ қызметтері бойынша 17 медициналық ұйым және МРТ бойынша 11 медициналық ұйым жұмыс істейді», делінген ақпаратта.