Әдебиет • 28 Қараша, 2021

Ұлт әдебиетін ұлықтаған тұлға

883 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Ұлт руханияты кез келген мемлекеттің қалыптасуы, дамуы жолында айрықша маңызға ие. Әлемдегі алпауыт елдерді алып қарасақ, қуатты экономикасынан бөлек мәдени-әдеби ахуалы да қоғамның негізгі күшіне айналған. Отыз жыл бұрын Тәуелсіздігін жариялап, шекарасын шегендеген Қазақстанның да бүгінгідей дәрежеге жетуіне Тұңғыш Президенттің басқа салалармен қатар әдебиет пен өнердің дамуына байланысты жүргізген саясаты мен қолдауы септігін тигізгені анық.

Ұлт әдебиетін ұлықтаған тұлға

Өткенге тағзым – ұрпаққа ұлағат

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қазақ әдебиетінің жағдайы мен мәселелерін әр­қа­шан назарда ұстады. Қазақ­стан Республикасының Тұң­ғыш Пре­зиденті – Елбасы кітап­ха­на­сының архив қорынан алынған ма­­териалдар осының айқын дә­лелі.

Қазақ әрқашан Абайды құ­бы­ласына теңеді. Өз ұлтының мінезі мен болмысын, қайғы-мұңын, қуанышын Абайдай тап басып таныған ешкім жоқ. Хакімнің қазақ руханиятындағы, жалпы қазақ өміріндегі орны ерекше. Өйткені қандай анықтама айт­сақ та, Абайдың биігіне жет­пейтіні ақиқат. Абай заманынан кейін бірнеше қоғам ауысып, талай жылдар көшті. Ақын­ның халқы азаттық алып, жеке мемлекет құрды. Тәуелсіз Қазақ­станның тізгінін ұстаған Тұңғыш Президент ел басқаруда Абайға сүйенді. Абайды оқыды, Абайды ұлықтады. Жеке тұлға ретінде һәм жаһандық саясат сардарларының бірі ретінде хакімнің бай мұра­сы­на құрметпен қарап, оның есі­мін әлемге танытуға ерекше күш салды.

Мемлекет басшысы Нұр­сұл­тан Назарбаев 1993 жылы 4 мамырда Абай атындағы Алматы қалалық қорының салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, хакім Абайдың туғанына 150 жыл толуына орай өтетін мерекелік іс-шаралар үлкен мәдени оқиға ғана емес, Қазақстан егемендігінің қалыптасуына, әлемдік аренада оның беделінің артуына жәрдемдесетінін атап айтты.

«Абай – қазақ халқының рухани қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ғұлама ғана емес, сонымен қатар ол қазақ халқының ел болуына ұлан-ғайыр еңбек еткен данагөй. Осынысымен де Абай әлемдік деңгейдегі ойшылдардың қатарында.

Солай бола тұра біз Абайды әлі күнге өзге жұртқа таныта алмай келеміз. Осыны ескеріп, мен ЮНЕСКО басшыларына Абай тойын халықаралық дәрежеде атап өту туралы ұсыныс айтып, хат жаздым. Негізінде, ЮНЕСКО соңы екі немесе бірнеше нөл­дермен аяқталатын мерейтойларды ғана тіркейді.

Мысалы, 100, 200, 500, 1000 дегендей. Алайда бүгінгі Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі жастығын, әлемдік аядағы беделін ескеріп, ЮНЕСКО басшылығы біздің ұсынысымызды қолдауға ниет білдіріп отыр. Мәселе осы тамыз айында қаралады», деді. Сондай-ақ Семей қа­ласы мен Абай ауданында әлеуметтік-мә­дени құрылыс нысандары – Абай, Шә­кәрім мавзолейлері салынып, Абай шы­ғармалары мен аудармасы басылып шы­ға­тыны да осы жиында алғаш айтылды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баевтың тәуелсіздіктің ал­ғашқы жыл­дарында-ақ Абай шығармаларын ағыл­шын тіліне аударту арқылы әлемге, сонымен қатар арнайы фестиваль ұйым­дастырып, түркі дүниесіне танытуында ұлт руханияты жолындағы үлкен мақсат байқалады.

Осылайша, Абай Құнанбай­ұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде атап өтіліп, 1995 жыл – «Абай жылы» болып жарияланды. Айта кетейік, бұл – Тәуелсіз Қазақстанның, жалпы қазақ тарихындағы әлемдік деңгейде аталған алғашқы әдеби оқиға. Оның Абайдан басталуы да заңды.

1995 жылдың 9 тамызында Елбасы Абайдың 150 жылдығына арналған жиында оқыған баяндамасы бүгінде «Абай туралы сөз» деген атаумен абайтану ғы­лы­мына енді. Нұрсұлтан Назарбаев хакім туралы тарихи баяндамасында Абай әлемін бізді жеті түнде адас­тырмас темірқазыққа теңеп, ақын жырлаған адам бойындағы ақыл, ар-намыс сынды қасиеттердің маңызына да тоқталады.

«Ерекше жағдайдың ерекше ізденістер мен ерекше әрекеттерге бастайтыны белгілі. Ерен талант пен ерен жігер де сондайда керек. Әрдайым алға ұмтылып, биікке ұмсынған адамзат нәсілі. Ешқашан толас таппаған және таппайтын рухани күресіне адастырмас нысана, алжас­тырмас бағдар сілтеп бере алатын көре­ген көсем тұлғаларды әрдайым сусай аңсаған, әрдайым төбесіне көтере құр­мет­теген. Өйткені ақыл табылмай тұрып, ештеңе табыл­майды. Ол жетілмей тұрып, ар-намыс шыңдалмайды. Ар-намыссыз азамат өзгелердің көсе­гесі түгіл, өзінің көсе­гесін көгерте алмайды. Онсыз ұлт­тық сана мен ұлттық намыс та тұл. Он­сыз қоғам дамудың даңғыл жолына түсе алмай, үйреншікті үрдістің солғын соқ­па­ғынан шыға алмай, заманалар шыр­ға­лаңында басы айналып, дағдарыс хал ке­шеді. Ондай дағдарыстан шығар жол­ды тарих пен табиғаттың айрықша пейілі түскен перзенттері ғана сілтеп бере алады.

Абай да дәл сондай балағат заманда ғаламат тәуекелге бара алған ерекше парасат пен ерекше рух иесі. Соның арқасында ол бүгін күллі адамзаттың абыройы аласармас рухани сардарларының бірі­не айналып отыр. Оны туғызған дәуірді кеңінен қарастырмайынша, одан қалған мұраның тереңіне бойлай алмаймыз», дейді Тұңғыш Президент.

Сондай-ақ жан иесі жарыққа талпынбай тұра алмайтынын, халық та қанша зор­лық көрсе де, зом­былық көрсе де үмі­тін үзбей­тіні­не мысал келтіре отырып, өз зама­нынан озып туған ақынның адам­дық һәм ақындық ерекшелігін атап өтеді.

«Абайдың адам көрмеген жанқияр­лығы мен ерен кұбылыс саналардай ерек­шелігі – отаршыл кемсітушілік бар жерде болмай қоймайтын тайсалудың орнына тайталасты, жиренудің орнына үйренуді, жарамсақтықтың орнына жарастықты, ман­сап қуған баққұмарлықтың орнына білім қуған бәсекені сіңістіріп, ұлты­мыз­дың рухани қайсарлығын атымен жаңа қасиеттерімен байқатқандығы», дейді.

«Егер Абай болмаса, осы ғасыр­дың басында-ақ азаматтық кемел­ділікке, сурет­керлік салиқа­лылыққа, стильдік әр алуандыққа, заманмен бірге аттап, замандаспен мұндас бола алатындай әлеуметтік пайымға ие болған жазба әде­биет мектебі: шын  мәніндегі Абай мектебі қалыптаспас еді. Мағ­жан Жұмабаев, Бернияз Кү­леев, Шәңгерей Бөкеев, Шәкәрім Құдайбердиев лирикасында, Әли­хан Бөкейханов, Ахмет Бай­тұрсынов, Ғұмар Қарашев, Халел Досмұхамедов, Мұхамеджан Сералиндердің саяси-ғылыми көсемсөздерінде, Сұлтанмахмұт Торай­ғыров, Спандияр Көбеев, Мір­жақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов шығар­­маларында бар бітімімен көрін­ген бұл мектеп Абай жүйе­леген жаңа ұлттық эстетикалық әлем­нің қаншалықты сындарлы екендігін айқын танытты», деп Абайдан басталған поэзия­ны саралайды.

Әдебиеттің атаулы мерекесі қар­саңында Семейде Абай музейі, Жиде­бай шатқалында Абай, Шә­кәрім кесенелері бой көтерді. Ке­йін Ыстанбұлда Абай атын­дағы мектеп ашылып, Ресейдегі «Абай жылы» аясында Мәскеу­дегі және Таш­кенттегі ескерткіші тұр­ғызылды.

Жыр алыбы Жамбыл Жабаев­тың 150 жылдық мерейтойы да Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмай, 1996 жылы 23 тамыздағы Жамбылдың 150 жылдығына арналған алқалы жиында Тұңғыш Президент баяндама жасап, ақынның шығармашылы­ғы мен айналасына, сол кезеңдегі қоғамдық өзгерістерге тоқталды.

«Еуропа ренессансының бас­тау бұла­ғында Дантенің тұр­ғаны сияқты, ХІХ ға­сырда қазақ қоғамы­ның мәдени-руха­ни дәуір­леу кезеңінің жуан ортасынан Жам­былдың қайталанбас тұлғасы асқақ­тай көрінеді. Меніңше, бұл жай ғана әсіре теңеу емес, жан жү­ре­гі­мізбен сезіне алатын тари­хи ақиқат. Біз мұндай тарихи ақи­қатты неғұрлым терең таны­ған сайын соғұрлым тарихи тұлға­лары­­мыздың болмыс-бітімі жан-жақ­ты ашыла түседі. Ең бастысы, ұлт мә­дениетінің тарихи жетілу, шың­­далу жолдарының диалектикасы ай­қындала түседі. Демек, біз бүгін тағзым етіп отыр­ған Жам­был кез­дей­соқ құбы­лыс емес, халық тағ­ды­ры­мен тамыр­лас, тарих­тың толғағы дүниеге кел­тір­­ген лайық­ты перзенттердің бірі деп нық се­нім­мен айта аламыз», дейді Н.Назарбаев.

Сондай-ақ ақынның «Асып тұрған ақылым жоқ, Жер тесіп кеткендей шешендігім жоқ. Біліп тұрған білімім жоқ. Менің білімім сол халықтың біл­гендері. Мен халықтың сөзін айттым», дейтіні де осыдан дейді. «Ойлап қарасақ, осы сөздерде терең мағына жатыр. Оның осы айтқандары халықтың қуанышы мен қайғысына, сүйінгені мен күйінгеніне ден қойып, жалпақ елдің көкейіндегісін көре біле­тіндігіне, жатса-тұрса соның арман-тілегін, зар-мұңын терең сезінетініне айқын дәлел емес пе? Ал жалаң ақыл, салқын біліммен, ділмар шешендікпен халықтың алдына кім шығушы еді, халықтан кім биіктеп еді? Халқының бар­ша қасиетін бойына сіңіре білген Жам­былдың да алдына ешкім шыға алмаған», деп, ақынның бойындағы һәм өлеңдеріндегі мінезін тілге тиек етеді. 

Иә, әдебиетке көңіл бөлу, әде­биетті қолдау – тарих парақ­тарын­дағы атаулы есімдерді, лайықты қаламгерлерді ұлық­таудан басталады. Тәуелсіз мемлекеттің терең­нен тамыр тартатын тарихты жал­ғастырмаса, ұмытуға немесе үзіп тас­тауға хақысы жоқ. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев та уақыттың бұл қағидатын берік ұстанды.

Жыл келгендей жаңалық

1997 жылы заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің туғанына 100 жыл толды. ЮНЕСКО көлемінде атап өтілген мерей­тойға орай Алматы қаласында Әуезов үйі ашылды. Салтанатты жиын­ды ашқан Елбасы Абай, Шоқан, Құр­манғазы, Жам­был, Шәкәрім сынды жарқын есім­дердің, ға­жа­йып шоғырдың ішінде Мұхтар Әуезовтің жұл­дызы жарық екенін айтады.

«Әуезов туындыларының бірде-бірін тебіренбей-тол­ған­бай оқу мүмкін емес. Шығар­маларының әрқайсысынан қазақ ауылының етене таныс тыныс-тіршілігі, ғасырлар бойы қазақ жұрты шешіп келген тағдырлық, тұр­мыстық, имандылық мәселе­лері менмұндалап тұрады. Алайда бұл тек қазақтың пешенесіне ғана жазыл­ған талай ма еді? Кешегі «қилы заманда» мұндай құқайды басқа халықтар көр­ген жоқ па екен? Тегінде Әуезов шығар­машы­лығына қазақтар ғана емес, әлемнің әр шал­ғайындағы жұрттардың айрықша ықылас қоюының бір сыры осында жатса керек», дейді Президент.

Ал 2003 жыл ЮНЕСКО көле­мінде «Махамбет жылы» деп белгі­ленді. Батыр ақын­ның 200 жыл­дығында Елбасы Аты­рау облысына барып, Махамбет ауылы­ның тұрғындарымен кездесіп қайтты.

«Махамбет ел үшін жанын шүберекке түйген азаткер ақын. Халқының еркіндігі мен бос­тандығы үшін ақырына дейін күрес­кен батыр, қолбасы. Тәуел­сіздік жолындағы қасіретті де қасиетті жолды өз еркімен таңдап, осы жолда құрбан болған өр тұлға. Егер қазір еліміздің әрбір азаматы дәл Махамбеттей өз мүд­де­сін ел мүддесіне жеңдіре білсе, көптеген мәселе, сөз жоқ, емін-еркін іске асар еді деп ойлаймын» деген Мем­лекет басшысы Тәуелсіздіктен бергі он екі жыл­дағы жетістіктер мен ауыл өмі­рін жақсарту жолындағы жасалып жатқан істермен бөліседі. Мерейтой қарса­ңын­дағы Исатай-Махамбет мемориалдық кешенінің ашылуына да қатысады.

Жоғарыда аталған атаулы жыл­дар, тек мерейтой дәрежесінде ғана атап өтілген жоқ. Қазақ әде­биетінің әр қаламгерінің мерей­лі датасы, ең алдымен оның шығар­ма­ларының насихатталуына һәм қайта зерттелуіне ұйытқы болды. Мәселен, ұлы Абайдың жылын­да бүгінгі күні негізгі әдеби орта­лық­тарға айналған қаншама ауқым­ды істер қолға алынды. Мұның бәрі ақын-жазушылардың мерей­тойын тек даңғазалықпен, бір күн­нің еншісінде ғана тойламай, соның негізінде кейінгі ұрпақтың, қо­ғамның игілігіне жарайтын жобаларды ойластырған ел бас­шысының саясаты деп білеміз.

Дамушы мемлекеттің, демо­кра­тиялы қоғамда өмір сүретін мемлекеттің рухани негізі мәде­ниеті мен әдебиеті екені белгілі. Алайда қоғамдағы осы са­лалар­дың қызметі мен деңгейінің қан­дай екенін һәм оның дамуы үшін нендей жұмыстар атқарылу керектігін сол елдің Президенті бақылап отырады. Осы орайда Елбасы 1994 жылы 18 қарашада Шығармашылық ұйым­дардың өкілдерімен кездесуде: «Демократиялық қоғамға аяқ басқан жас мемлекеттің ертеңі сенімді, мықты болуы үшін, бірінші кезекте, оның рухани негізі – әдебиеті мен өнері мықты болуы керек екені дау тудырмайтын ақиқат. Мен бұл арада «рухани негіз» деген тіркесті тектен-текке айтып тұрған жоқпын. Кез келген халыққа бәрінен бұрын асқақ рух керек. Қай уақытта, қай елде болма­сын, ұлттың ұлы перзенттері мен ойшыл­дары, қайраткерлері ең алдымен өз ұл­тының, халқының рухын көтеруді ойла­ған», деген еді. Сондай-ақ осы жиында кешегі тоталитарлы жүйенің шырмауына шырматылған халықтың азат сана қалыптастыруында шығармашылық ұйымдардың міндетін де атап өтеді.

«Біздің, оның ішінде шығар­машылық ұйымдардың, ең бірінші кезектегі қасиет­ті парыз­дарының бірі – өз туынды­лары арқылы сананы бұлдыр тұманнан сейілтіп, рухани сауықтыруға бағыт алу деп есептеймін. Мен бұл арада «жаппай реформаны жырлаңдар, соны жазыңдар» деп отырған жоқпын. Халқы­мыздың, тарихымыздың, бәріміз куә болып отырған бүгінгі құбы­лыстың мәдени-рухани әлемі барынша кең. Осы әлемді маз­мұны жағынан байытып, түрі жағы­нан жаңарту – сіздердің енші­леріңізге тиіп отыр» деген Н.Назар­­баев әдебиет пен өнер сала­сы­ның талантты өкілдеріне айы­на 2 500 теңгеден жыл бойына беріл­е­тін Президенттің стипендия­сы тағайындалғанын хабарлады. Бұл халықтың тұрмыстық жағдайы енді тұрақталып келе жатқан тұста шы­ғармашыл адамдар үшін жыл келгендей жаңалық болды.

Тұңғыш Президенттің ақын-жазушы­ларға қарата айтылған қоғамды құлдық санадан арылту жөніндегі тапсырмасынан соң, яғни тәуелсіздіктің алғаш­қы он жылында Төлен Әбдік­тің «Парасат майданы», Әкім Тара­зи­дің «Жаза», Мұхтар Мағауин­­нің «Мен», Қалихан Ысқақ­­тың «Ақсу – жер жанаты», Шер­­хан Мұртазаның «Ай мен Айша», Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім», Әбді­жәміл Нұр­пейісовтің «Соңғы парыз», Рамазан Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы», Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз», Баққожа Мұқайдың «Өмір­зая», Оразбек Сәрсенбайдың «Шеңбер» атты шығармалары жазылып, көбісі Мемлекеттік сыйлық алды.

Тәуелсіздік Қазақстанның рухани өміріне көптеген өзгеріс алып келді. Өшкеніміз жанып, төбедегіміз келді, ұлттық салт-дәстүрлеріміз қайта оралды. Осы 1994 жылдың 14 желтоқсанында қазақтың бес арысы – Сәкен Сейфул­­линнің, Бейімбет Май­линнің, Ілияс Жансүгіровтің, Тұрар Рысқұловтың және Сұлтан­бек Қожановтың туғанына 100 жыл толу мерекесі салтанатты жағдай­да атап өтілді. Жиынға арна­йы қатысқан Тұңғыш Прези­дент бұл күнді тарихи оқиға деп бағалады.

Елбасы сол жылдары қалам­гер­­лердің материалдық жағ­дайы біршама қиын екенін біл­ді. Сон­дықтан жыл сайын шығарма­шыл адамдармен жиі кездесуге, әдебиет жайын ақылдасуға, барынша қолдау көрсетуге тырысты. Мәселен, бір кездесуінде: «Әрине, қазір жағ­дайдың біршама қиын екенін, қаржы тапшылығын алға тартатындарыңызды сезіп отырмын. Біз әдебиет, өнер және спорт саласына, оның өкілдеріне мүм­­­кіндігінше қамқорлық жасай­­мыз, жағдай туғызамыз. Бұ­ған кү­мән­­дарыңыз болмасын. Шығар­ма­шы­лық еркіндікке қолсұғ­у­шы­лық­қа, саяси қысым жасауға жол беріл­мейді», деп нығарлап айтады.

Тәуелсіздіктің алғашқы он жылы еліміз үшін әрі сынақты, әрі көптеген жаңа бастаманың басы болды. Онжылдық қарсаңында өткен Қазақстан жазушыларының ХІІ құрылтайында егемендіктің ал­ғашқы жылдарындағы әде­биет­тің ұлт руханиятына қосқан үлесі бағамдалып, сараптал­ды. Нұр­сұл­тан Назарбаев Прези­дент­тік сти­пендияны екі есеге – айына 15 000 теңгеге көтерді. Бұл әдебиет пен өнерге, мәдениет пен ғылымға азат­тық алғашқы жылдарынан – қандай қиын кезең, дағдарыстар тұсында да қолдау мен қамқорлық тоқта­тылмағанын көрсетеді.

Жоғарыда айтқанымыздай, Тұң­­ғыш Президент шығарма­шылық өкілдері­мен жиі байланыста болды: ақын-жазу­шылардың мерейтойлық кештеріне қаты­сып, әдеби ортамен әңгімелесуге, мәсе­­лелерін бетпе-бет тыңдауға тырыс­ты. Бұдан бөлек шетелдік ав­тор­ларды да қа­былдап, екіжақ­ты сабақ­тастықты ұстан­ды. Мәсе­лен, Елбасы 2001 жылы Шыңғыс Айтматовпен, 2004 жылы брази­лия­лық қаламгер Пауло Коэльомен кездесті.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назар­баевтың ақын-жазушы­лармен хат жазысқаны да белгілі. 1995 жылы Мемлекет басшысы Ұлы Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында Әзілхан Нұршайықовқа: «Құрметті Әзеке! Аман-сау болып, жүрегіңізбен де, қаламыңызбен де тәуелсіз елі­ңізге еңбек ете беріңіз зор риза­­мын сізге. 9/V- 1995 ж. Алматы» деп автограф жазып, суре­тін сыйлайды. Ал 2001 жылы Әзіл­хан Нұршайықов Елбасына «Тәуел­­сіздік туралы он ауыз сөз» атты кітабын сыйға тартқанын және Ілияс Есенберлин туралы өтініш-хат жолдағанын айтып хат жазады. Одан кейін 2003 жылы Пре­зи­денттің өзіне жазған хатын оқып, «Халима» хикаясын оқы­ғаны үшін алғыс айтып, хат жаза­ды. Онда: «Әдебиет тарихында Мемлекет басшысының жазу­шыға өз қолымен хат жазуы – өте сирек оқиға. Біреу ғана. Ол фран­­цуз жазушысы атақты Воль­терге өз қолымен хат жаз­ған Прус­сия королі Фридрих ІІ екен», делін­ген. Сонымен қатар Нұр­сұлтан Назарбаев 2003 жыл­дың 2 наурызында ақын Тұрсын­хан Әбдірахманқызына өзі туралы жазылған поэманы «Қазақ әдебиеті» газетінен оқығандығын айтып хат жолдайды.

1

«Шынымды айтсам, мадақ пен теңеу­лерге қарсымын. Мен қазақтың бірімін. Тағдыр мен халқым қиын-қыстау кезеңде осындай жауапты істі маған тапсырды. Сол тапсырманы адал орындап, халықтың ойынан шықсам – арманым жоқ», деп жазды Нұрсұлтан Әбішұлы. 

Кез келген білікті басшының арғы жағында биік деңгей тұрады. Ол деңгей көп жылдарғы тәжірибемен, парасатпен, ішкі түйсікпен, мінезбен һәм оқу-біліммен келсе керек. Бұл тұрғыда көшбасшының рухани пайымы, рухани қоры да басты рөл ойнайды. Тұңғыш Президент Нұр­сұл­тан Назарбаевтың әдебиет­ке, сөз өнеріне деген ерекше ықы­ласы­ның түп төркіні сонау бала кезін­дегі кітап­құ­мар­лығынан бас­тал­ған. Елбасы жеке кітап­хана­сын 60-жылдардағы студент күн­дерінен бастап жинады. Ол Абай мен Шәкәрімді, Мұхтар Әуезов­ті, Сәкен Сейфуллинді, Фари­за Оңғарсынованы, Ілияс Есен­бер­линді, Толстой мен Чеховті, Достоевскийді сүйіп оқиды.

Әдебиетті оқыған адамның бойында рухани тұлғалық қа­сиет қалыптасады. Ол мемлекет бас­қаруда орасан зор әсерін тигі­зеді. Тәуелсіздіктің отыз жы­лын­дағы әдебиет үшін жасалған игі бас­таманың барлығы Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың рухани дең­гейінен, тұлға­лық қасиетінен туындағаны анық.