01 Наурыз, 2014

Сенім серпіні

228 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Бас прокуратураның инно­вациялық жобалары талқыланған осы құзырлы орган жанындағы Қоғамдық кеңестің мәжілісінде көп нәрсе айтылды. Отырысқа Парламент Сена­ты­ның депутаты Қуаныш Сұл­танов төрағалық етті. Мәжіліс барысында Қоғамдық кеңес мүше­леріне құқықтық статис­тиканы қалыптастыру жөніндегі қазіргі ақпараттық жүйенің мүм­кін­діктері көрсетілді. Осы мақсатта 6 ав­то­маттандырылған ақпараттық жүйе жасалып, ондағы ақпараттар статистикалық есеп берудің 43 түріне және арнайы есепке алу­дың 16 түріне біріктірілген екен. Қылмыстарды тіркеуден бас­тап оларды сотта қараудың нәтижелеріне дейінгі деректердің біртұтас есебі қамтамасыз етілген. Сөйтіп, осы деректер негізінде азаматтар үшін өзекті де қажетті инновациялық жобалар пайда болыпты. Мәселен, бастапқы иннова­ция­­­лық идея ретінде 2011 жылы арыздар мен ақпараттардың электронды есепке алу кітапшасы іс­к­е қосылып, онда нақты уақыт тәр­­тібінде қылмыстар туралы бар­­лық тіркелген хабарламалар жинақталған. Өтініштерді тір­­­­кеу үдерісі қарапайым және қызметкерлер үшін қолайлы, ал азаматтар үшін ашық. Бұл жүйе әр арыз бен хабарламаның қаралу барысын қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ол арыздардың жылдам да жан-жақты қаралуымен қатар, қағазбастылықты және полиция қызметкерлерінің азаматтармен қызметтен тыс байланысын барынша азайтты. Есепке алу-тіркеу саласын тәр­тіп­ке келтіру, өз кезегінде, есепке алудан жасырылған қылмыстардың санын едәуір азайтуға, тасада қалған қылмыстарды жарыққа шағарып, еліміздегі қылмыстылықтың шы­­найы көрінісін жасауға қол жеткізуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, кері байланыс орнатуды және би­лік органдарының азаматтардың өтініштеріне тиісінше назар аударуына қоғамдық бақылауды қам­тамасыз ету үшін «Айқын» жобасы іске асты. Ол өтініштердің мем­­лекеттік органдарда жылжу кезеңдерінен бастап, ол жөнінде шешім қабылданғанға дейінгі барысын Интернет арқылы көріп отыруға мүмкіндік береді. Келесі жылдан бастап бұл жүйе ауылдық деңгейдегі биліктің барлық органдарын қамтымақ. Комитет сайтынан криминогенді аймақтарды, жалпы, ел бойынша, сондай-ақ, нақты облыс орталығын, үйлер мен көшелерді кез келген уақыт аралығында кеңінен қам­тылған қылмыстылық картасынан да көруге болады. Бұл картаны полиция нарядтарын орналастыру, бейнебақылау камераларын тиімді орнату және басқа да алдын алу шаралары үшін ішкі істер органдары қазірдің өзінде жиі қолданып жүр. Жол апаты қартасы жол-көлік оқи­ғалары туралы мәліметтер негі­зінде жасалып, еліміздің жолдары мен елді мекендерінің ең қауіпті бөліктерін көрнекі түрде ескертіп тұратын жол полициясы органдарына және басқа уәкілетті қызметтерге баға жетпес көмек ретінде танылып отыр. «Бизнес тірегі» жобасын ен­гі­зу кәсіпкерлер үшін маңызды ақ­параттық қызмет көрсетудің бірі болды. Оның мақсаты – бизнесті тексеруді өткізудің айқындылығын қамтамасыз ету мен кәсіпкерлердің қызметіне мемлекеттік органдардың заңсыз араласу дерегін барынша азайту. Сервис арқылы кәсіпкерлер тексерудің тіркелуінің анықтығын өз бетінше тексеру мүмкіндігіне ие болып, тексерушілер тарапынан болған өз құқығының бұзылғаны туралы прокурорларға жедел хабарлай алады. Қылмыстың алдын алу әлеуетті құрылымдардың күш-жігерін біріктіріп, ақпараттық алмасудың біртұтас ведомствоаралық жүйесін жасау қажеттілігін тудырды, ол қазірдің өзінде қылмыстың уақтылы алдын алу және ашу үшін қажетті 61 дерек қорын біріктіріп отыр. Сонымен, бұл жаңалықтар нәтижесі барлық құқық қорғау саласы жұмысының тиімділігіне оң әсер етіп, мемлекеттік билік органдарының ашықтығын және азаматтардың әлеуметтік маңызды қызмет көрсетулерге қолжетімділігін қамтамасыз ететіндігі айқындала түскенін білдіреді. Бұл өз кезегінде олардың құқық қорғау органдарына деген сенімін одан әрі нығайтуына жәрдемін тигізбек. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».