Денсаулық сақтау министрлігінде Елбасының тапсырмасымен әзірленген республикада онкологиялық көмекті дамыту бағдарламасын іске асырудың біржылдық қорытындысы шығарылуына арналған отырыс өтті. Оған Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов, еліміздің бас онколог дәрігері Қуаныш Нұрғазиев, Астана қаласы Онкологиялық диспансерінің бас дәрігері Мұхтар Төлеутаев және өзге де сала басшылары қатысты.
Елімізде обыр дертінен болатын өлім-жітім қан айналымы жүйесі сырқатынан кейін екінші орында екен. Жыл сайын республикамызда 33 мың обыр дертіне шалдыққан адамдар анықталса, олардың қатарында бірінші орында сүт безі, одан кейін өкпе, ас қорыту ағзалары және тері қатерлі ісіктері орын алатын көрінеді. Осындай сырқатқа шалдыққан 145 мыңнан астам науқастың 10 мыңы мына өмірден өте шығады. Оның басты себебі, азаматтар ауруы үшінші, төртінші сатыға жеткенде ғана қаралады. Алдын алуға байланысты обырды ерте анықтауға бағытталған 6 скрининг енгізілген. Олар жақсы нәтижелер беруде, деді шараны ұйымдастырушылар. Мамандар Қазақстанда аталған дертті әлемдік стандарттар деңгейінде емдеу үшін барлық жағдайлар жасалып жатқанын да назардан тыс қалдырмады. Биылғы жылы 5 өңіраралық жоғары технологиялық онкологиялық орталықтар құрылмақ. Онда пациенттерді емдеу мен диагностикалаудың ең заманауи әдістері жүзеге аспақ. Бұдан басқа Астанада сүйек обырын емдеуде біраз жетістіктерге қол жеткен.
Сонымен бірге, Астана мен Алматыдағы орталықтарда лейкозға шалдығып емделген балалардың 75 пайызы оң нәтиже көрсеткен.
Қазақстан толығымен обырды емдеудің халықаралық стандарттарына көшкенін атап өткеніміз абзал. Тек былтырғы жылдың өзінде 150 жас маман Еуропа, Азия және АҚШ-тың жетекші клиникаларында білім жетілдірсе, сондай-ақ 520 маманы онкология және радиологияның өзекті мәселелері бойынша тәжірибе алмасып қайтқан.
Саладағы барлық қызметті тиімді үйлестіру үшін Денсаулық сақтау министрлігі жанында арнайы штаб құрылып, онкологиялық қызмет бойынша үлкен міндеттер жүктелген.
Қатерлі дертті ерте анықтауды насихаттау мақсатында ағымдағы жылдың 1 наурызынан 15-іне дейін еліміздің барлық онкологиялық орталықтарында әрбір адам қажетті тексерулерден өте алатынын еске сала кетсек дейміз.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
«Егемен Қазақстан».