01 Наурыз, 2014

Тергеу амалдары жүргізілуде

250 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Жақында Қордай шекара отрядына қарасты «Сортөбе» заставасының жасағы қазақ-қырғыз шекарасы арқылы жылқылардың өткенін байқады. Нақтырақ айтқанда, әскери кезекшілік кезінде қазақстандық сарбаздар шекарадағы инженерлік қоршаудың бұзылғандығын, сол арқылы бірнеше жылқының көрші елден бері қарай өткен іздерін анықтады. Шұғыл түрде із кесу жұмыс­тары ұйымдастырылды, нәти­жесінде әлгі іздер Қаракемер ауы­лындағы мал соятын орын­ға алып келді. Із бойынша санағанда жылқылардың 15 бас екендігі анықталды. Алайда, малды қайтару кезінде жер­гілікті тұрғындар (100 шақты адам) қарсылық көрсетіп, жылқыларды соя бастады. Құқық қорғау органдарына хабар беріледі. Аталған орынға Қордай ауданының прокуроры келеді. Істің ақ-қарасын анықтау үшін Шекара қызметі орталық ап­паратының, прокуратураның өкіл­дері, Қаракемер ауылының әкімі және өздерін малдың иесі санайтын адамдармен бірге әкімдікке келіп, мал есебін жүр­гізетін кітапты тексерді, ал онда 2013-2014 жылдары тіпті ешқандай мал тіркелмеген болып шықты. Тексеру барысында ветеринария өкілі жалған анықтама бергендігі, тіркеу жұмыстары мал иелері­нің құжаттарынсыз атүсті жүр­гізілгендігі анықталды. Тексеру нәтижесінде, аман қалған 7 бас жылқыны «Қара­кемер» комендатурасына әкетуге шешім қабылданды. Аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. «Егемен-ақпарат».
Соңғы жаңалықтар