ANTIKOR • 29 Қараша, 2021

АШМ субсидиялауда жемқорлыққа қарсы күресті күшейтеді

265 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде ауыл шаруашылығын субсидиялау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін кешенді талдау нәтижелерін қарау жөніндегі кеңестің отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

АШМ субсидиялауда жемқорлыққа қарсы күресті күшейтеді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүргізілген ауыл шаруашылығын субсидиялау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне кешенді талдау нәтижелерін қарау жөніндегі кеңестің отырысы өтті.

Іс-шараға Қаржы, Ұлттық экономика, Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлері, Бас прокурордың, қаржы мониторингі агенттігі Төрағасының орынбасарлары, сондай-ақ ауыл шаруашылығы министрінің (АШМ) міндетін атқарушы және АШМ салалық департаменттерінің басшылары қатысты.

Сонымен қоса, кеңеске агенттіктің консультативтік-кеңесші органдарының және қоғамның өкілдері шақырылды.Е

Кеңесті ашқан агенттік Төрағасы М. Ахметжанов Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау бойынша салалық министрлік қабылдап жатқан шараларға алаңдаушылық білдірді:

«Бәрін көзбояушылық пен тапсырманы орындау туралы есеп үшін жасауға болмайды. Бұл ретте жұртшылық пен фермерлерді жұмысқа формальді түрде тартпау керек. Оларды бұл жұмысқа шынайы жұмылдыру қажет, олар өз ұсыныстарын білдіріп, егер нақты ұсыныстары болса, тіпті ережелерді «жазуы» тиіс», деп атап өтті М. Ахметжанов.

Агенттік Төрағасы мүдделі тараптарды тарта отырып, талқылау барысында жағдайды түзету бойынша оңтайлы шешімдер әзірленетін талдау қорытындылары бойынша әзірленген ұсынымдарды бірлесіп пысықтау қажеттігіне ерекше назар аударды.

«Агенттік агросаясатқа еш араласпайды. Біз маман емеспіз, фермер емеспіз. Біз үшін бюджет ақшасының ұрланбауы және онда жемқорлықтың болмауы маңызды. Ең бастысы, субсидияларды шынымен лайықты, өндірісті дамытып, жұмыс орындарын құрып, халық үшін өнімді арзандатып, ел экономикасын көтеретіндер алуы керек», деп атап өтті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство басшысы.

Өз кезегінде Агенттіктің сотқа дейінгі тергеу қызметінің басшысы А. Жұмағали талдау барысында анықталған негізгі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін белгілеп, тергеудің өзекті нәтижелерін атап өтті. Бүгінде өндірісте 54 іс бар. 22 адам күдікті деп танылып, 16 адамның іс-әрекеті сараланды. Оның 14-і қамауда, екеуі үй қамағында. Қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың арасында - 11 лауазымды тұлға, оның ішінде ҰАҒБО-ның 2 қызметкері бар. 2 адам сотталды. Бұл істер бойынша алдын ала шығын 2,6 млрд теңгеден асады.

Саладағы жымқыруды болдырмау үшін цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б.Мусин субсидиялау процесінің қарапайымдылығын, ашықтығын және дұрыстығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін шешімдерді ұсынды.

Басқа мемлекеттік органдардың өкілдерінен де бірқатар нақты ұсыныстар түсті. Оны АШМ жанынан құрылған жұмыс тобы пысықтауға алды.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі А. Сапаров өз баяндамасында агенттікке атқарған жұмысы үшін алғысын білдірді, сондай-ақ кеңеске қатысушыларды бейінді ведомствоның анықталған жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша барлық қажетті шараларды қабылдайтынын айтты.