Саясат • 29 Қараша, 2021

Судан Ливияның кебін кие ме?

453 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

ТЕЛЬ-АВИВ. Демократиялық дәстүрі қалыптасып үлгер­ме­ген немесе мүлде жоқ пост-колониялы елдер қатыгез дикта­торлық ре­жім­нен құтылғаннан кейін демо­кратиялы мемлекетке айналып кетуі екіталай. Оның орнына елде саяси хаос орнап, шетелдік мүдделер стратегиялық артықшылық үшін күресіп, қақтығысады. Мәселен, Ирак Саддам Хусейн құлағаннан кейін, Ливия Муаммар әл-Кад­дафи биліктен кеткеннен кейін осын­дай жағдайға тап болды. Енді Суданды да осындай тағдыр күтіп тұр ма?

Судан Ливияның кебін кие ме?

Әзірге оның жауабы «иә» се­­кілді кө­рінеді. Ливияны стра­тегиялық ойын алаңына айнал­дырған шетелдік державалар 2019 жылы Судан диктаторы Омар әл-Башир әскери төңкеріс нәтижесінде биліктен кеткен кезде Са­хара маңы елдері мен Таяу Шығыстың то­ғысқан же­рінде орналасқан аймақта өз басым­дығын көрсетуге талпынуға мүм­кіндік іздегенін байқатты.

Рас, елді азаматтық билікке көшіру арқылы басқару үшін көтерілістен кейін тез арада «Еге­мендік кеңесі» құрылды. Бі­рақ өткен айда, яғни билік тран­зитінің ауысуына бір жылдан аз уақыт қалғанда Суданның әскери басшысы, генерал Әбдел Фаттах әл-Бұрхан төңкеріс жасап, «Егемендік кеңесін» таратып, азамат­тық премьер-министр Абдалла Хамдокты қамауға алды.

Төңкеріс жасағандардың бар­лы­ғы Баширдің қол астында қызмет етті. Оның үстіне Бұр­хан көп ұзамай Ба­шир­ге тие­­сілі, бірақ қазіргі таңда та­ра­тыл­­­ған Ұлттық конгресс пар­тия­­сының жоға­­ры лауазымды тұл­ғаларын, сондай-ақ ­исламшыл жетекшілерді түрмеден босатуды бұйырды. Елдегі ахуалдың бұ­­лай өрбігені Мысыр мен Біріккен Араб Әмірліктерін алаңдатып отыр. Олар Суданның жаңа бас­шылығы құлаған диктаторды қолдап, өздерінің жауы, Қа­тар мен Түркияның досы санала­тын «Мұсылман бауырлар» ұйы­мымен ауыз жаласуы мүмкін деп қауіптенеді.

Әдетте, әскери төңкерістер­ге идео­логияның әсер етуі сирек кездеседі. Оның орнына на­­разылар корпоратив­тік және эко­­номикалық мүдделерді қор­ғау­ға талпынады. Судандағы кө­терілісті жасаған әскери же­текшілер алтын өн­діру, құрылыс және мұнай кәсіптерін қорғау­ды мақсат тұтады. Оның үсті­не, төңкерісшілер халықаралық соғыс қыл­мыстары үшін тағыл­ған айыптан жалтарып кетуден үміттенеді. Өйткені Дарфурдағы геноцидті жасағандар қата­рында Бұрхан да болған.

Бірақ Мысыр секілді мемлекеттер тыныш жатады де­генді білдірмейді. Түркияның Ба­шир­­мен қарым-қатынасы үлкен стратегиялық пайда әкелді. Осы­лайша, Қызыл теңізде орналас­қан стра­тегиялық тұрғыда маңыз­ды Суакин аралын түріктер 99 жылға жалға алды.

Түркия Суакинді тек турис­тік мақ­сат­та қалпына келтіруді ­жоспарлап отыр­ғанын бірнеше рет мәлімдеді. Бірақ со­ған қара­мастан аралда әскери бекет құру ықтималдығын да жоққа шыға­ра алмаймыз. Бұрхан үкіметі бұл жалға беруді қолдап қана қой­майды, сонымен қатар оған қо­са, ауыл шаруашылығын дамыту мақ­сатында Суданнан ауқымды жерді Түркияға жалға бермек.

Ресей де Суданның Қызыл те­ңіз жағалауына көз тігіп отыр. Өт­кен жылы Кремль «Егемен­дік ке­ңесімен» келі­сімге қол қой­­ды. Осы құжатқа сәйкес Порт-Суданда төрт әскери кеме ұс­­тауға мүмкіндік алды. «Қыр­ғи-қа­­бақ соғыс» аяқталғаннан бе­рі Ресейдің Африкада әскери-те­ңіз базасы болмаған. Соған бай­ланыс­ты Мәскеу билігі Су­дан тіз­гінін ұстаған кез келген үкі­­мет­тің келі­сімнен бас тарт­па­ға­нын қалайды.

Суданға қызығушылығын жо­ғалтқан бір ел болса, ол – Қытай. Ливиядан айыр­машылығы сол, Судан мол мұнай өн­ді­ретін мемлекет емес. 2011 жылғы саяси оқиғадан кейін, яғни Оңтүстік Судан бөлініп шыққаннан соң, елдегі барланған мұнай қоры­ның 80 пайызы көршілес елдің еншісіне бұйырды. Сөйтіп, Судан мұнай өндіруші ел тізімінен түсіп қалды. Бұл біраз мәселені түсіндіреді. Қытай 2011 жылдан 2018 жылға дейін Суданға небәрі 143 миллион доллар несие берген. Ал 2003 және 2010 жылдар аралығында 6 миллиард доллар қаржы бөлген еді. Ол қаражат негізінен электр және көлік жобаларына жұмсалды.

Шын мәнінде, Қытайдың Су­дандағы мүддесі Батыстың мүд­­­десімен айтар­лықтай сәй­кес келеді. Суданның Со­мали түбе­гіндегі (Horn of Africa) стра­те­гия­лық орнын ескере отырып, екі тарап та аталған елдің саяси тұ­рақты және экономика­лық тұр­­ғыдан тәуелсіз бол­ғанын қа­лайды.

Өңірде мүддесі бар елдің бірі – Из­раиль. Бұрханның би­лікке келуі ке­­мі теориялық тұр­ғыдан жақсы жаңа­­лық. Өткен жылы Бұрхан мен оның әскери қызметтегі серіктестері Израиль мемлекетін тану және ресми дип­ло­матиялық байланыс­тар орнату туралы келісімді қол­дады. Осылайша, Судан мұн­дай қадамға барған бесінші араб елі атанды.

Суданның ұлтшылдары бұл ке­лісімді қабылдауға аса ниет­ті емес. Дегенмен АҚШ-тың бұ­рынғы президенті Дональд Трамп әкімшілігінің Суданды терроризмге демеушілік жасайтын мемлекеттер тізімінен шығару туралы уәдесінен ке­йін оған келісті. Суданда қыр­қы­сып жатқан жергілікті тарап­тар Американың жүрегі мен әмия­нына апаратын жол Израильді мойындау екенін жақсы біледі.

Мұны тез аңғарған Башир еді. Из­раильдің жаулары Хамас пен Хезбол­ланың досы екеніне қарамастан, ол Израильмен де тату болуға талпынды. Ол дип­ломатиялық байланыс орнату арқылы АҚШ-тың қолдауын иеленіп, Халықаралық қыл­мыс­тық соттың айыптауынан құ­тылып кететініне сенді. Ливия кө­терілісшілерінің қол­басшы­­сы, фельдмаршал Ха­лифа Хафтар­дың Израильмен достасудағы бас­ты ниеті де дәл осындай еді.

Бірақ Американың Судан­да­ғы мүд­десі Израильге қолдау көрсетумен шек­­телмейді. Сон­дай-ақ ол Ливиядағы мүд­­десінен әлдеқайда маңызды. Бірін­ші­ден, тәліптер Ауғанстанды басып ал­­ғаннан кейін, АҚШ қысымға ұшы­рады. Осылайша, шетелде демократия орна­туға жасаған әрекетін тағы да жоққа шы­ғара алмайды. Түркия мен Ресейдің, сондай-ақ Қытайдың мүддесі то­ғысуы ықтимал Сомали түбегі стра­тегиялық тұрғыдан маңызға ие. Сондықтан АҚШ мұндайға жол бере алмайды.

Оның үстіне, Ливиядағы қақ­тығыс Мағрибтағы тұрақтылық­ты бұзғанымен, Судандағы со­ғыс аймақтық тәртіпке қауіп төн­діреді. Көршілес Эфиопия қа­­зірдің өзінде Суданмен аза­маттық соғыс алдында тұр. Бұл қақ­тығыс Оң­түстік Суданнан мұ­най экспорттауға ке­дер­гі кел­тіреді. Ал Эфиопияның Ніл өзе­ніне салған «Алып ренессанс» бө­геті Мысырға айтарлықтай қауіп төндіреді.

Аймақтық қақтығысқа жол бермеу үшін АҚШ Судандағы би­лікті халықтың өз қолына ұстату үшін Израиль, Египет және БАӘ-нің қолдауын пайдалануы қажет. Бұл қадам «Мұ­сылман бауыр­лар» қоз­ға­лысын тізгіндеуін, кез келген Судан үкіметінің Из­раильмен келісімді сақтауын қам­тамасыз етеді. Ніл өзеніне қа­тысты дауды шешу үшін АҚШ қазірдің өзінде Эфиопияның да­муына бөлінген қаражатты тоқтатамыз деп қорқытты.

Суданның азаматтық қоға­мы қауіп­сіздік күштерінің аяусыз қуғындауына қарамастан, қарсылық науқанын жүр­гізіп, ахуалға өз үлесін қосып отыр. Осындай талпыныстың әсерінен Ба­ширдің құлауына жол ашылды. (Ливияда мұндай науқан байқалмайды.)

Судандық наразылық біл­дірушілер жалғыз емес. Африка одағы Бұрханға саяси қысым­ды күшейтті, ал Батыс ел­дері мен Дүниежүзілік банк көмекті тоқ­татты. Бірақ әлі көп нәрсе істеу ке­рек. АҚШ бастап, Батыс қол­даса ғана Судан Ливияның тағ­дырынан құты­лып, азамат­тық басқару жолын қайта жалғасты­ра алады.

 

Шломо БЕН-АМИ,

Израильдің бұрынғы

сыртқы істер министрі,

Толедо халықаралық бейбітшілік орталығының вице-президенті,

Scars of War, Wounds of Peace:

The Israeli-Arab Tragedy кітабының авторы

 

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org