Қазақстан • 29 Қараша, 2021

Тоғызыншы территория: Төрт құбыласы шегенделді

927 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жер – кез келген елдің байлығы, ал заңды түрде белгіленген территория, шегенделген шекара – тәуелсіз мемлекеттің басты белгісі. Егемендіктің елең-алаң шағында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ең бірінші шекара мәселесін шешуге ерекше маңыз беруінің мәні осында жатыр. Себебі түсіне біл­ген жанға айналамыздағы елдермен ешбір соғыссыз, бейбіт түрде мемлекеттік шекарамызды заңды түрде, біржола бекіту – үлкен жетістік.

Тоғызыншы территория: Төрт құбыласы шегенделді

 Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

1991 жыл. Аласапыран кезең. «Ба­ла­пан басына, тұрымтай тұсына» кет­кен алмағайып уақыт. Осы жылы кеңес­тік республикалар басшылары Ал­маты қаласында бас қосты. Дәл осы ал­қалы жиынның нәтижесінде «ке­ңестен кейінгі республикалардың мем­лекет­тік шекаралары КСРО тара­ған кездегі бұрынғы кеңестік респуб­ликалардың әкімшілік-аумақтық ше­ка­ралары болып қалады» деген Ал­маты Декларациясына қол қойылған еді. Бұл 90-жылдардың аласапыра­нымен бет-бетімен кетудің аз-ақ алдында тұрған кеңестік республи­калар қол жеткізген зор жетістіктің бас­­тамасы болатын. Соның ішінде тәуел­сіз Қазақстанның мемлекеттік шека­раны шегендеудегі тарихы бұл ба­ғытта жүргізе білген көпвекторлы сырт­қы сарабдал саясатымен құнды. Алыс­пен де, жақынмен де тең әрі ор­нық­ты қарым-қатынасымызды сақ­тай отырып, күрмеуі қиын мәселені шешу­дің мәні де бөлек еді. Өйткені Елбасы айтқандай «Шекара мәселе­сі, яғни еліңнің сыртқы шептерінің қай мемлекетпен шектесетіндігі тіке­лей мемлекеттілігіңнің тағдырын айқын­дай алатын мәселе» болатын.

Еліміздің экономикалық саясатына тікелей ықпал ететін фактордың бірі – Қазақстанның теңізге шыға ал­май­тындығы. Осыны ескерген Ел­басы теңізге шыға алатын екі көрші – қос алып мемлекет – Ресей және Қытай­мен шекара мәселесінде сараб­дал сая­сатқа, берік дипломатияға ар­қа сүйе­ді. Өйткені дүниежүзі бойын­ша құрлықтағы ең ұзын, 7,5 мың ша­қы­рымды құрайтын Қазақстан-Ресей шекарасының нақтылануы еліміз үшін аса маңызды екені даусыз.

Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау және демаркациялау 1998 жылғы 12 қазанда басталды. Осы күні екі ел президенттері Алматыда Қазақстан Рес­публикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау туралы хаттамаға қол қойған еді. Хаттамаға сәйкес, тараптар алдымен қажетті шараларды жүзеге асыру үшін Үкімет деңгейіндегі делегациялар құрып, делегациялар 1999 жылдың соңына қарай келіссөзге кі­рісті. Бұл процестің ұзаққа созыла­тыны және көп уақыт алатыны әу бас­тан белгілі еді. Өйткені екі елді бө­ліп тұрған шекара – дүние жүзіндегі ең ұзын құрлықтағы шекара. Ал осындай аумақтағы шекараны делимитациялау мен демаркациялау жұмыстары халықаралық-құқықтық тәжірибеде бұрын-соңды болмаған еді. Ал 2005 жылдың 18 қаңтарында Мәскеуде мемлекеттер басшылары Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы Қазақстан Республикасы мен Ре­сей Федерациясының арасындағы шарт­қа қол қойған кезде Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз бәріміз маңызды тарихи оқиғаның куәгері болып отырмыз. Тарихи болып саналатыны – біз бірінші рет шекараны шарттық тәртіппен белгіледік», деген сөзіне бүкіл Қазақ елі куә болған еді.

Сондай-ақ бізге дейін ешкіммен шекарасын нақтылай қоймаған алпауыт Қытаймен шекара белгілеуде тиімді қадам жасалып, екі мемлекеттің ортақ мәмілеге келуі шын мәнінде ұлт­тық қауіпсіздігімізді нығайтқан, хал­қымыздың болашаққа деген сені­мін арттырған ауқымды саяси шара болды. Естеріңізде болса, Елбасының Қытай еліне алғашқы ресми сапары 1993 жылдың қазанында жасалды. Сапар барысында жасалған екіжақ­ты келіссөздердің нәтижесінде Қытай бас­­шысы Цзян Цзэминь шекараны заң­дық тұрғыдан қағазға түсіру жө­ніндегі ұсынысты қолдаған еді. Ең бас­­тысы, ресми сапар кезінде Қытай Қазақстанға территориялық талаптар қоймайды, шекара мәселелері бізге та­рихтан мұра­ға қалған, ал олар­ды келіссөз жолы­мен, тең құқық­ты­лық қа­ғидаты, мәмілеге келу және өз­­ара жол беру негізінде шешуге бо­­лады деген өте маңызды мә­лім­де­ме жасалды. Қазақстан-Қытай ше­­ка­ра­сының осылайша келісіммен, ха­лық­­аралық заңнама талаптарына сәй­кес реттелуі де жас мемлекет үшін үл­кен дипломатиялық жетістік еді. Осы­­лайша, еліміз небәрі он жылдың ішін­де Қытаймен территориялық мә­се­лені толық реттеп алды. Қазіргі таң­да Қазақ­стан-Қытай шекарасының жалпы ұзын­дығы 1 783 километрді құрайды.

Еліміздің Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстан республикаларымен де шекарасын бекітіп, жеріміз тұтастығының қамтамасыз етілуі көңіл марқайтпай қоймайды. Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын де­ли­митациялау процесі 2000-2002, Қазақстан-Түрікменстан шекарасын делимитациялау туралы келіссөздер 2000-2001 жылдары жүргізілді. Қазақ­стан-Қырғыз шекарасын делимитациялау жөніндегі келіссөздер 1999 жылдың қарашасы мен 2001 жылдың желтоқса­ны аралығында өтті. Ал Қа­зақстан-Ре­сей мемлекеттік шекара­сын нақтылау ісі 1999 жылдың қыр­күйегінен 2005 жылдың қаңтарына дейін жалғасып, 2005 жылдың 18 қаңтарында Мәскеуде Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шартқа екі елдің президенттері қол қойды. Осылайша, еліміз өзінің құрлықтағы шекарасын құқықтық та­лапқа сәйкес ресімдеді. Құрлықта бес мем­лекетпен – Қытай (шекара ұзын­ды­ғы шамамен – 1 783 км), Қыр­ғызстан ­(1 257 км), Өзбекстан (2 351 км), Түрікменстан (458,3 км) және Ресеймен (7 548 км) шектесетін Қазақстан талайларға шекара шегендеуде үлгі бола білді.

Тәуелсіз еліміздің тарих беттерінде 2018 жылдың 12 тамызында өткен Ақтау саммитінің де алар орны ерекше. Себебі осы басқосу кезінде Каспийдің құқық­тық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылды. Қатысушы бес мемлекеттің ортақ мүдде орайын­дағы үлкен жеңісінің көрінісі болған бұл келісім Каспий маңы елдері ара­сындағы ынтымақтастық­ты одан әрі нығайтуға, экономика­лық байланыс­тарды үдетуге, аймақтық қа­уіп­сіздікті нығайтуға жол ашты. Бұл Кон­вен­цияның қабылдануы Қазақстан ше­карасын заңды түрде бекіту ісінің толық аяқталғанын көрсетті.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев БАҚ-қа берген бір сұхба­тында «Қазақстанның аумақтық тұтас­тығы мен тәуелсіздігін сақтаудан ас­қан маңызды міндет жоқ» деген еді. Ел мен халықтың мүддесі үшін ерен еңбек атқарған Елбасының шекара­лық қайшылықтарды шешудегі негіз­гі рөл атқарғанын, батыл іс-қимыл­дар жасап, шешімдер қабылдағанын нық сеніммен айтуға болады. Со­ның нәтижесінде мемлекеттік шекара мәсе­­лелері реттеліп, елдің аумақ­тық тұтас­тығына қол сұғу қаупі түпкі­лік­ті жо­йылды. Ал Қазақстанның мемле­кеттік шекарасы достық пен серік­тестік шекарасына айналды.

Шегенделген шекарамыз – Тұң­ғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев­тың тәуелсіздіктің алғашқы сәтінен бастап барлық күш-жігерін аямай, тынымсыз жүргізген жұмысының жар­қын әрі ірі жемісі. Бүкіл бір елдің бар болу, не жойылып кету тағдырын ше­шетін ең күрделі істе ағайындас елдермен дәстүрлі достыққа, алпа­уыттармен келісімге бастайтын се­німге сүйендік. Соның арқасында Қазақстан шекарасын халықаралық құқықтарға сәйкес бекіту ісінің жасампаз тарихын қалыптастырды. Сондықтан да Елбасы «Ата-баба­ларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалған байтақ жерімізді Тәуелсіздіктің арқа­сында заңдастырып, шекараны шегендеу – Мәңгілік Ел құрудың бір шарты» деген ойын ұдайы елдің есіне салып жүреді.