Қазақстан • 30 Қараша, 2021

Халық тұрмысын жақсарту – басым бағыт

598 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Мемлекеттің әлеуметтік-экономи­калық жетістігі ең алдымен ха­лық­тың тұрмыс жағдайымен өлше­неді. Мұны жете түсінген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел тізгінін ұстаған жылдары осы мәселеге баса мән берді. Ауқымды жұмыс атқарылып, маңызды шешімдер қабылданды. Соның нәтижесінде бір кездері тұрмысы тұралап тұрған тұрғындардың әлеуметтік жағдайы бүгінде тұрақты дамудың соны соқпағына түсті.

Халық тұрмысын жақсарту – басым бағыт

 Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Елбасы бір сөзінде «Еліміз әлеу­меттік-экономикалық дамуда, халықтың әл-ауқатының артуында айтарлықтай жетістіктерге жетті. Нарықтық экономика басынан бастап құрылды. Түбегейлі реформалар табысты жүргізілді. Бұл соңғы 30 жылда өсіп-өнген жас ұрпақ­тың есінде болмауы мүмкін. Дегенмен біздің есімізде. Өткенді біліп, болашаққа нық қарау үшін осы нәрсені жастарға айтып, қайталап отыру – біздің міндетіміз. Осының арқасында Қазақстан қазір әлемде бәсекеге қабілетті 50 елдің жә­не орташа табысы жоғары елдер қатарына қосылып отыр», деген бола­тын. Иә, тоқсаныншы жылдары ел егемендігінің елең-алаңында тап­шылықтың тауқыметін тартқан отандастарымыздың хал-ахуалы мен бүгінгі қазақстандықтардың тұрмыс жағдайы – жер мен көктей. Бұған ең алдымен Тұңғыш Президенттің қолға алған маңызды әлеуметтік бастамалары мен көрегендігі, тәуекелден тайынбайтын ерен ерлігі серпін бергені анық.

Мәселен, еліміздегі ең төменгі күн­көріс деңгейінің көлемі 1997 жы­лы 3 505 теңгені, 2005 жылы 6 014 теңге­ні, 2021 жылы 34 302 теңгені құрады. Соң­ғы жиырма жылда бұл шамамен 10 есе өсті. Жұмыспен қамтылған халық саны 1991 жылғы 7,7 млн адамнан 2021 жылғы бірінші тоқсанда 8,8 млн адамға дейін ұлғайды. Ал жұмыссыздық деңгейі болса, 1999 жылғы 13,5%-дан 2021 жылдың бірінші тоқсанында 4,9%-ға дейін төмендеді. Сондай-ақ 1999 жылдан бастап 2020 жылға дейін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың орташа мөлшері азаматтың мүгедектігі бойынша 3 106 теңгеден 46 219 теңгеге дейін (немесе 14,9 есеге), асыраушысынан айырылуы бойынша 4 250 теңгеден 39 169 теңгеге дейін (немесе 9,2 есеге) ұлғайды. Бұған қоса 1999-2021 жылдары зейнетақы төлемдерінің елдегі орташа мөлшері 24 есеге дерлік өсіп, бүгінде 100 мың теңгеге жетті (2021 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша). Ал зейнетақының ең жоғары мөлшері 134,9 мың теңгеден асады.

Әсіресе осынау үш онжылдықта ха­лықтың әлеуметтік жағдайын жақ­сар­туда әуелгі қозғаушы күш болған Елба­сының Бес әлеуметтік бастамасын айтуға болады. Аталған бағдарламаны Елбасы 2018 жылы 5 наурызда Парламент Палаталары мен Үкі­меттің бірлескен отырысында жариялап, қазақстандықтардың әл-ауқатын әрі қарай жақсарта түсуге бағытталған жаңа әлеуметтік бастамалар қарапайым халықтың қомақты қолдауына ие болды. «Ұсыныстың бәрі – есеп-қисабы мұ­қият жасалған бағдарлама. Бұл – елдің игі­лігіне арналған ұтымды, сонымен қа­тар оптимистік жоба. Мен өркендеген Қазақстан – ең алдымен мемлекеті өзін қорғап, қолдайтынын, қамқорлық жасайтынын сезінетін, тиісінше елін жан жүрегімен сүйетін, өздеріне сенімді адамдар деп санаймын. Сол себепті біз бүгін жаңа, ауқымды әлеуметтік жобаларға жол ашамыз», деді Елбасы.

Сол жылы 6 наурызда өткен Үкімет отырысында елдің бұрынғы Премьер-Ми­нистрі Бақытжан Сағынтаев Ұлт­­­тық экономика министрлігіне мемлекет­тік органдармен және Ұлттық банкпен бірлесіп, Елбасының бастамаларын іске асыру бойынша егжей-тегжейлі Жол картасын әзірлеуді тапсырды. Арада бір аптадан астам уақыт өтер-өтпесте Үкімет осы Бес әлеуметтік бастаманы іске асыру жөніндегі Жол картасын қабылдады. Жол картасы мүдделі мемлекеттік орган­дармен және Ұлттық банкпен бір­лесіп әзірленді. Құжат 35 шарадан тұра­ды және 7 заң жобасын, 6 Үкімет қаулы­сының жобасын және 3 Ұлттық банк басқармасы қаулысының жобасын әзір­леуді, сондай-ақ министрлердің 2 бұй­рығы мен әкімдіктердің 4 қаулысын қабыл­дауды қарастырды.

Осылайша, Ұлттық банк осы Бес әлеу­меттік бастаманың «Әрбір отбасына бас­пана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» туралы бірінші бағытының басты орындау­шысы ретінде айқындалды. Ор­ган бұған дейінгі жылдардың ең сәтті тәжірибесін пайдаланып, Елбасы анық­таған жылдық 7%, 25 жылға, бастапқы жарнасы 20% жағ­дайында «7-20-25» бағдарламасын іске қосты. Бағдарламаға ресми табысы бар Қазақстан азаматы қатыса алатын болып келісілді. Ал «Жалақысы тө­мен жұ­­мыс­­шылардың еңбекақысын кө­бейту үшін олардың салық жүктемесін азайту» туралы екінші бағыттың бас­ты орындаушысы – Ұлттық экономика министрлігі. Осы бағытта салық заң­намасының нормаларын өзгерту бойын­ша бірқатар ұсыныс әзірленді. Білім жә­не ғылым министрлігі – «Жоғары бі­лім алудың қолжетімділігі мен сапа­сын арттырып, студент жастардың жа­тақха­надағы жағдайын жақсарту» жө­ніндегі үшінші бағыттың негізгі орын­дау­шы­сы. Аталған бағыт аясында тех­ника­лық мамандықтарға екпін бере оты­рып, мемлекеттік білім беру тапсырыс­тарын ұл­ғай­­ту көзделді. Мемлекет-же­кеменшік әріп­тес­тігі қағидасындағы жатақханалар құ­ры­­лысы бойынша тетік­терді анықтау мен заңнамалық түзе­тулерді әзірлеу жос­парланды.

«Шағын несие беруді көбейту» атты төртінші бағытқа – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауапты. Аталған бағыт бойынша 2017-2021 жыл­­дарға арналған Нәтижелі жұмыспен қам­туды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына түзетулер енгізу жоспарланды. Өзгерістер қалалардағы және ауылдық жерлердегі шағын несие беруді қаржыландыруды ұлғайту және кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін қамтыды. «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» туралы бесінші бағытты іске асыруды Энергетика министрлігі қолға алды. Аталған бағыт «Сарыарқа» магис­тралды газ құбырының бірінші кезеңінің құрылысына арналды. Жобаның схемасы мен қаржыландырудың шарты белгіленді. ЕҚДБ, ЕАДБ және басқа да халықаралық қаржы ұйымдары арқылы қаржы тарту жоспарланды.

Осылайша, Үкімет Ұлттық банкпен бірлесе отырып, нақты іс-шаралар мен олар­ды орындау мерзімдері егжей-тег­жейлі қарастырылған Жол картасын әзір­леді. Тіпті сол жоспарға сәйкес 2018 жыл­дың соңына дейін 6 іс-шара орындал­ды. Қалған 3 іс-шара ұзақмерзімді кезеңге – 2019-2021 жылдар аралығында қолға алынатын болды. Сонымен ха­лықтың тұрғын үй ипотекасының қол­жетімділігін арттыруды көздейтін «Әр­бір отбасына бас­пана алудың жаңа мүм­кіндіктерін беру» туралы бірінші бас­таманың нәтижесінде әрбір жұмыс істей­тін қазақстандықтың ипотекалық қарыз алуға мүмкіндігі пайда болады. Негізгі параметрлері: несие өсімінің мөл­шерлемесі – жылына 7%-дан аспайды, бастапқы жарна 20%-дан кем болмауы тиіс, несие мерзімі 25 жылға дейін беріледі. Осылайша, «7-20-25» бағдарламасы 19 мау­сымда бекітіліп, 2018 жылғы 4 шілдеде бас­тау алды. Аталған бағдарлама аясында 8 екінші деңгейлі банк несие беруде: «ЦентрКредит банкі» АҚ, «Қазақстан­ның халықтық жинақтаушы банкі» АҚ, «Еура­зиялық банк» АҚ, «Цеснабанк» АҚ, «АТФБанк» АҚ, «Bank RBK» АҚ, «ForteBank» АҚ және «Сбербанк» АҚ.

2018 жылдың соңына дейін бағдар­ламаны іске асыру аясында 5 621 өтінім қабылданып, соның ішінде 42,4 млрд теңге сомасына несие беруге 3 542 өтінім мақұлданды. «7-20-25» бағдарламасын іске асырудың алғашқы алты айының қорытындысы осындай. Жобаны жүзеге асыруға 1 трлн теңге бөлінді. Ал 2019 жылы – 8 723 несие (99,1 млрд теңге), 2020 жылы – 10 207 несие (120,8 млрд теңге) рәсім­делді. Ал биылғы бес айда (қаңтар-мамыр) тұрғындар 73,9 млрд теңгеге 5 656 несие алған болса, 30 қыркүйектегі жағдай бойынша, «7-20-25» бағдарламасын іске асыру аясында 891,2 млрд теңге несие алуға 72 116 өтінім қа­был­данды. Соның ішінде 511,3 млрд тең­геге 41 450 несие мақұлданды.

Елбасы екінші бастамада салыстырмалы түрде жалақысы төмен қазақ­стандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олар­дың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1% ғана салық салуды, ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 есе­­­лен­ген көлемінен аз жалақы ала­тын­­дарға салынатын жеке табыс салы­ғын азайту арқылы олардың салық жүктемесін жеңілдетуді тапсырды. Бұл «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту» қадамы еді. Осылайша, 2019 жылғы 1 қаңтардан бас­тап 25 АЕК-ке дейін жалақы алатын жұмысшыларға салық жүктемесін 10 есеге төмендету қарастырылды. Әзір­ленген нормалар 2019-2021 жылда­ры жергілікті бюджеттердің 93,7 млрд теңге көлеміндегі шығынына ала келгенін айта кеткен жөн. Олар 2017-2019 жылдардағы үшжыл­дық трансфеттердің қолданысы кезеңінде республикалық бюджет қара­жаты есебінен өтелді.

Екінші бастамаға сәйкес жалақысы 25 айлық есептік көрсеткіш немесе 60 125 теңгеден төмен жұмысшылар үшін жеке табыс салығының мөлшерлемесін 10 есе төмендету ұсынылды. Жалпы, рес­публикада мұндай еңбекақыны 2 млн-нан аса адам алады. Негізінен бұл – ауыл шаруашылығы мен сауда саласында­ғы жұмысшылар. Аталған бастаманы іске асыру мақсатында мемлекеттік орган­­дармен және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер пала­та­сымен бірлескен жұ­мыс жүргізілді. Жұмыс нәтижесінде жалақысы төмен жұ­­мыс­­­шы­лар­дың жеке табыс салығын тө­мен­детудің оңтай­лы тетігі айқындалды. Мәселен, са­лық салынатын табыс 90 пайыз­ға азай­тылды. Қалған еңбекақыға 10 па­йыз мөл­шерлемемен жеке табыс салығы са­лы­­­­нады. Яғни салық жүктемесі 10 есеге тө­мендеді.

Мәселен, жалақы айына 60 125 (25 айлық есеп көрсеткіш) теңгені құрайды. Осы сомадан 10% мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналарының сомасы, яғни 6 013 теңге шегеріледі. Қалатыны – 54 112 теңге. Бұл сомадан 1 ең төмен жалақы – ең аз салық салынбайтын кіріс, яғни 28 284 теңге шегеріледі. Салық салынатын табыс (қолданыстағы механизм) – 25 828 теңге қалады. Қолданыстағы механизм бойынша салық сомасы 25 828х10% = 2 583 теңге. Ұсынылған тетікке сәйкес салық салынатын табыс мөлшері 90%-ға төмендеді: 25 828 – (25 828х90%) = 2 583 теңге. Бұл сомаға жеке табыс салығының 10% мөлшерлемесі бойынша салық салынады – 2 583х10% = 258 теңге. Яғни іс жүзінде салық мөлшері 10 есе 2 583 теңгеден 258 теңгеге дейін төмен­де­ді. Ал жалақы қосымша 2 325 теңгеге өсті. Аталған тетікті қолдану қызметкер­дің дереу және кепілдікті қосымша табыс алуын (негізгі жалақы алу кезінде) пайымдайды және жұмыс берушінің қаржылық жүктемесін ұлғайтпайды.

Сонымен бірге жұмыс берушінің әкім­шілік шығындары минимизациялан­ды. Жалпы, республика бойынша жұ­мыс­шылар 29 млрд теңге шамасында қосымша еңбекақы алады. Салық заң­намасына тиісті түзетулер 2018 жылғы 2 шілдеде Елбасы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда көзделген. Аталған тетік 2019 жылғы 1 қаң­тардан бастап қолданысқа енді.

Үшінші бастама «Жоғары білім алу­дың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақ­ха­надағы жағдайын жақсарту» мәселесіне қатысты болды. Елбасы тапсырмала­рын орындау аясында 2018 жылғы қыр­­­күйектен бастап білім беру грантта­ры 20 мың орынға көбейтілді: 11 мыңы – техникалық мамандықтарға; 5 мыңы – еңбек нарығында сұранысқа ие маман­дықтарға; 3 мыңы – магистрлерді оқы­туға, 1 мыңы PhD докторларын даяр­лау­ға бағытталды. Осылайша, 2018 жыл­­дың өзінде мемлекеттік білім беру тап­сырысының жалпы көлемі 69 059 орынды (53 594 – жоғары білім беру, 13 220 – магистратура, 2 265 – докторантура PhD) құрады. Техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша жоғары білімді бір маманды даярлауға бөлінген шығындар 346,6 мың теңгеден 635,8 мың теңгеге дейін ұлғайтыл­ды. Техникалық және технологиялық ма­мандықтар бойынша кадрларды даяр­лауға мемлекеттік тапсырыс көлемі, соның ішінде инженерлік кадрларды даярлауға арналған көлем (ақпараттық технологиялар, роботты техника, нано-технологиялар саласында) 25 237 грантты (49,6%) құрады. Педагогика мамандарын, оның ішінде тілдік құзыреттілігі жоғары кадрларды даярлауға ерекше көңіл бөлінген (мемлекеттік тапсырыстың жалпы көлемінің 18,7%-ы).

Бұған қоса Елбасы «Бес әлеуметтік бастамасында» әлемдік стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастыра отырып, студенттердің білім алуына және тұратын жеріне жағдай жасауға тиісті назар аудару қажеттігін атап көрсеткен болатын. Соған орай 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салу тапсырылды. Бұл ретте 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап студенттердің тұратын жерлерінің жағдайын жақсарту жөніндегі жоба іс жүзінде жүзеге асырыла бастады.

2018 жылы жатақханаларға деген жалпы қажеттілік 90 366 орынды құрады (ЖОО-лар – 65 713 орын, колледждер – 24 653 орын). Бұл ретте тапшылықты жабу үшін 170 жер телімінде жаңа орындар беру көзделді. Олардың 49-ын әкімдіктер бөлген болса, 121-і оқу орындары мен инвесторларға тиесілі. Сол 2018 жылдың соңына дейін Нұр-Сұлтан (3), Алматы (5), Шымкент (2), Қарағанды (1) және Орал (1) қалаларының білім беру ұйымдарымен мемлекеттік тапсырыстың 12 келісімшартына қол қойылды. Ал 2019 жылдан бастап республикалық бюджетте құрылыс салушылардың инвестициялық және пайдалану шығындарын өтеуге қаражат (2019 жылы – 1 млрд теңге; 2020 жылы – 4 млрд теңге; 2021 жылы – 10 млрд теңге) мемлекет-жекеменшік әріптестігі схемасы бойынша қарастырылды. Алдын ала кесте бойынша жатақханалардан 2019 жылы – 5 мың орын, 2020 жылы 15 мың орынды пайдалануға беру көзделді.

Жатақхана мәселесін шешу үшін бюджеттен 118 млрд теңге қаржы қарасты­рылған болатын. Бұл ретте 2020 жылы 20 мың төсектік орынға арналған 75 нысан пайдалануға берілді. Сонымен қатар биыл жыл басынан бері 3 мың орынға арналған 15 жатақхана қолданысқа енгізілді. 2021 жылдың соңына дейін жасалған алдын ала шарттар есебінен 5,5 мың төсектік орынға ар­налған 23 жатақхананы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұған қоса 8 оқу орны тұрғын үй-жайларды жалға алу есебінен 2 мыңға жуық орынға қажеттілікті қамтамасыз етіп отыр. Ал 2022 жылы 24 мыңға жуық орындық 59 жатақхананы, 2023 жылы 11,5 мың орындық 25 жатақхананы пайдалануға беру жоспарлануда.

Елбасы «Шағын несие беруді кө­бейту» жөніндегі төртінші бастамамасы аясында 2018 жылы қосымша 20 млрд теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 млрд теңгеге жеткізуді тапсырды. Сол жылғы желтоқсандағы жағдай бойынша 59 млрд теңгеге 14 006 шағын несие берілген (қалаларда – 13,6 млрд теңгеге 1 246, ауылдық жерлерде – 45,4 млрд теңгеге 12 760, қалалардағы шағын несиенің орташа мөлшері – 11 млн теңгені, ауылдық жерлерде 3,5 млн теңгені құрады). Әрбір үшінші дерлік қарызға мемлекеттік кепілдік берілген. Стартаптарға – 8 891 (63,5%), зәкірлік коо­перацияны дамытуға – 1,007 (7,2%), жеке бизнесті кеңейтуге  4 108 (29,3%) шағын несие берілген. Шағын несие беру аясында өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қатарынан 12 325 адам және 1 681 жұмыссыз азамат кәсіпкерлікпен айналыса бастады, сондай-ақ өз қызметтерін формализациялады. Шағын несие алушылар қосымша 12 089 жұмыс орнын ашты. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 28,3 мың адам оқытылды, олардың 19,5 мың қатысушысы өздерінің бизнес-жобаларын қорғап, 6,3 мың адам шағын несие алды.

Елбасы бастамаларының арасындағы елді елең еткізген ең ірі жоба «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» туралы ұсынысы болды дер едік. Себебі нақ осы бесінші бастама Қараөзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағытында ма­гистралды газ құбырын салу жобасын қамтиды. 2018 жылы тамызда «Сары­арқа» магистралды газ құбырын салу жо­басын қаржыландыру схемасы мен шарт­тары мақұлданды. Сонымен қатар жобаның жобалық-сметалық құжат­та­масына оң тұжырым жасалды. Сол жылы 11 желтоқсанда «Сарыарқа» МГ жобасының құрылысы бас­тау алды. Осы уақыт аралығында жұмыс бір мезгілде бірнеше желілік ағынмен жүзеге асырылды. Бұл жоспарланған құрылыс мерзімін сақтауға мүмкіндік берді.

Мәселен, осы күні Қарағандыда газ тарату желілерінің 1-ші іске қосу кешенінің алғашқы кезегінің құры­лысы аяқталды. 67,3 шақырым газ құ­бы­ры өткізіліп, Михайловка шағын ауд­а­нындағы 1584 үйге көгілдір отын кел­ді. Ал мамыр айында 2-ші іске қосу ке­шені желілерінің құрылысы басталып, қазіргі уақытта
1 209 үйге газ тартылып, 36,5 шақырым желі өткізілді. Ал Нұр-Сұлтанда газға Көктал-1, Көктал-2, Теміржолшылар, Промышленный, Агро­қа­лашық, Оң­түстік-Шығыс елді ме­кендері, сондай-ақ ЖЭО-1 мен ЖЭО-2 екі жылу электр орталығы қосылды. 650 шақырым кварталішілік газбен жабдықтау желілері салынды. Осылайша, қазір елорданың 11 мың үйі газға қол жеткізе алады. Газ­бен жабдықтаудың ішкі желілерін да­йын­даған тұтынушылар «ҚазТрансГаз Ай­мақ» АҚ-ға өтініммен жүгінуі қа­жет. Жыл соңына дейін Күйгенжар, Мичу­рино, Интернациональный елді мекен­дері газбен қамтамасыз етіледі.

Елбасының ел қамын ойлаған, халық­тың тұрмысын түзеуге бағытталған ілкімді істері аяқсыз қалған жоқ. Байыпты бас­тамалар бүгін де жалғасын тауып ке­леді. Жастарға жатақхана тұрғызу, тұр­­ғын­дарға көгілдір отын жеткізу жұ­мыс­­та­ры жүйелі жүріп жатыр. Яғни Тұң­ғыш Президенттің жолға қойып кеткен әлеуметтік бағдарламалары алдағы уақытта да ел дамуына сенімді серпін береді деп сеніммен айта аламыз.