Президент • 30 Қараша, 2021

Тоқаев Швейцариядағы қазақтың көне жәдігерлері сақталған музейге барды

474 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Швейцария Президенттері Берн тарихи музейінің Анри Мозер топтамасындағы XIX ғасырдың қолөнер туындыларын тамашалады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

Тоқаев Швейцариядағы қазақтың көне жәдігерлері сақталған музейге барды

Келіссөздер аяқталған соң Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Швейцария Президенті Ги Пармелан белгілі дипломат және саяхатшы Анри Мозердің бірегей экспонаттар топтамасындағы керемет жәдігерлердің бірі – қазақтың барқыттан жасалған тұскілемін бірге тамашалады.

Аталған жәдігерді қазақ сұлтаны Баймұхаммед XIX ғасырда швейцариялық дипломатқа тарту еткен. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында аталған жәдігер екі ел арасындағы мәдени байланыстардың ерекше символына айналды.

Анри Мозердің топтамасында тұскілемдер, ұлттық қарудың түрлері: айбалталар, қылыштар, қанжарлар, сондай-ақ ат әбзелдері және басқа да бұйымдар бар. Қазақ даласының билеушілері аталған жәдігерлерді зерттеушіге сыйлық ретінде берген және олар Швейцарияға жеткізілген.

Экспонаттардың ішінде тұскілемдердің алатын орны ерекше. Олар қазақ халқының көркем туындысы ғана емес, сонымен қатар Қазақ хандығының тарихын ғылыми тұрғыда зерттеу үшін құнды материал болып табылады.

Мемлекет басшысы тұскілемнің бірегейлігін және оның тарихи құндылығын атап өтіп, аталған өнер туындысының Қазақстанда да көрмеге қойылатынына үміттенетінін айтты.