Бұл жөнінде Nur Otan партиясы өңірлік филиалы жанындағы Білім мен ғылымды дамытудың аймақтық қоғамдық кеңесі отырысында талқыланды. Облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, колледж және ЖОО оқытушылары, бірқатар кәсіпорын басшылары қатысқан Қоғамдық кеңестің көшпелі отырысы еліміздегі ең таңдаулы 10 колледж қатарындағы Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінде өтті. Жарты ғасырдан астам тарихы бар осы оқу орны білім сапасы, түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші жағынан алдыңғы қатарда, жақсы жабдықталған оқу-материалдық базасы бар – әрі жұмысшы мамандығына дуалды оқыту жүйесін тиімді енгізген.
Облыстық білім басқармасының дерегі бойынша, өңірдегі 42 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 23 128 студент білім алса, оның 14 880-і мемлекеттік тапсырыспен оқиды. Бүгінде осы 42 колледжде 100 мамандыққа оқытылады. Мұндағы студенттер саны да әртүрлі. Мәселен, 17 колледждің студенттер саны 300-ге жетпесе, ал 14 колледждегі білім алушылар саны 600-ден асады. Осыдан көрініп тұрғандай, игерілетін мамандық саны көп, ал сапасына келгенде сұрақ туындап тұр. Мәселен, облыстағы бірнеше колледждің оқу бағытына сай емес мамандықтармен оқытып жатқаны анықталды. Осы оқу орындары мемлекеттік тапсырыс алмаса да, ақылы негізде бейініне жатпайтын мамандықтар ашқан. Бұл мәселеге Қоғамдық кеңес мүшелері ерекше назар аударып, жергілікті еңбек нарығы сұранымына сай мамандықтарды іріктеп қалдыруды ұсыныс етті. Бір қуантарлығы, соңғы үш жылдан бері Ақтөбе облысында техникалық және кәсіптік білім алуға ықыластылар саны өскен. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуованың баяндауынша, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына мемлекеттік тапсырыс білім, медицина, фармацевтика, мәдениет және өнер, сервис, экономика және басқару, метрология, мұнай-газ өндірісі және химия өндірісі мамандықтарына берілді.
Соңғы жылдары студенттердің білім сапасын арттыру және кәсіптік дағдыларын қалыптастыру мақсатында бірнеше колледжге академиялық еркіндік берілді. Мұның мәнісі – ендігі жерде оқу бағдарламасын жұмыс берушілермен келісіп әзірлеуге болады және кей мамандық дуалды түрде оқытылады.
Бұл күндері жергілікті еңбек нарығында аспаз, құрылысшы, сылақшы, даяшы, кондитер мамандықтарына сұраныс өте жоғары. Жұмыс берушілер пандемия кезінде де осы мамандықтар бойынша диплом алған түлектерді тәжірибеден өту арқылы жұмысқа қабылдаудан бас тартқан жоқ.
Білім мен ғылымды дамытудың өңірлік кеңесі жиынына қатысушылар білім сапасы жоғары, түлектерінің жұмысқа орналасуы бойынша еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының үздік ондығына кіретін политехникалық колледж ұжымының тәжірибесін басқа оқу орындарына үлгі ретінде таратуды ұсынды. Себебі осы оқу орнының жұмыс берушілермен байланысы берік, студенттердің тәжірибеден өтуі мен жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғары. Колледж мұнай, электр өндірісі мамандарымен қоса, IT мамандарын да даярлайды.
«Партияның Ақтөбе облысы бойынша Жол картасында білімге қатысты 12 индикатор бар. Оның ішінде өңірімізде техникалық, кәсіптік білім беруді дамыту мен дуалды түрде оқитын студенттер санын 74 %-ға арттыру жоспарланған. Бүгінде өңірдегі 42 колледждің тең жартысында дуалды оқыту жүйесі енгізілген. Біздің мақсатымыз – осы оқу орындарының жұмысына мониторинг жүргізу», деді Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов.
Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі «Жас маман» жобасы бойынша жарияланған гранттың жеңімпазы. Жоба қорытындысы бойынша білім сапасы, түлектерінің жұмысқа орналасуы жағынан үздік нәтиже көрсеткен 10 колледждің оқу-материалдық базасын жаңғыртуға облыстық бюджеттен 2020 жылы 1,6 млрд, 2021 жылы 1,2 млрд теңге қаржы бөлінген еді.
Осы кезге дейін еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқу процестеріне бақылау жеткіліксіз жүргізілді. Жоғарыда айтып көрсеткеніміздей, бәсекеге қабілетсіз, кәсіби даярлығы әлсіз студенттері көп білім беру ұйымдарының жұмыстары сараланып, осы оқу орындарының рейтингі түзілгені жөн. Бұл ең алдымен оқу орнына келген студентті өмірден өз орнын таба алмаудан сақтаудың ең төте жолы. Оның үстіне, пандемиядан кейін еңбек нарығы да күрделі өзгеріске түсіп жатыр. Бүгінде қай салаға да қолынан жұмыс келетін, білімді әрі бәсекеге қабілетті маман керек. Жеткілікті түрде білім алмаған, кәсіби дағдысы жоқ, бірақ дипломы бар жас қазіргі кезде жұмыссыздар қатарына бірден енеді. Осылайша білімі төмен, өз мамандығын дұрыс таңдамаған, кәсіби дағдысы аз жастар әлеуметтік наразы топтың қатарын толтырады.
Жиын қорытындысында Білім және ғылымды дамытудың өңірлік кеңесі мүшелері облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына жүргізген мониторинг қорытындысын басшылыққа алып, бірнеше ұсыныс әзірледі. Ең алдымен студенттер саны аз, жеке ғимараты жоқ, оқу-зертханалық базасы өте әлсіз, бейініне жатпайтын мамандықтар даярлап жатқан оқу орындарының жұмысына мониторинг жүргізу қажет. Қоғамдық кеңес мүшелері алдағы уақытта өңірдегі ең әлсіз колледж базасында осы мәселені тағы бір рет талқылауға шешім қабылдады.
Ақтөбе облысы