Мадридтегі Қазақстан – Канада матчын біздің жігіттерден Михаил Кукушкин бастап берді. Швециямен болған алғашқы ойында жеңіліп қалған ол бұл бәсекеде намысқа тырысып, Қазақстан құрамасына алғашқы жеңісті сыйлады. Әлемдік рейтингте 234-орында тұрған канадалық Брейден Шнурмен кездескен Михаил бірінші партияда брейк жасап, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Екінші сетте тай-брейкте Шнурдың жолы болды – 7:6 (7:5). Үшінші, шешуші партияда әуелі канадалық спортшы брейк жасағанымен, Кукушкин алысқа ұзатқан жоқ. Ақыры матчты тағы бір брейкпен тәмамдады – 7:5. Тартысты өткен бәсеке үш сағатқа жуық уақытқа созылды.
Екінші кездесуде Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Вашек Поспишилмен шеберлік байқасты. Бірінші партияда Бублик екі рет брейк жасап, 6:2 есебімен бұл сетті өз пайдасына аяқтады. Екінші сет тартысты өтіп, тай-брейкте қазақстандық теннисші қарсыласының сетбол жасауына мүмкіндік бермеді. Сосын өзі матчболын мүлт жіберген жоқ – 7:6 (8:6). Екі сетте қарсыласынан басым түскен А.Бублик есепті 2:0-ге жеткізіп, Қазақстан құрамасын мерзімінен бұрын жарыстың ширек финалына шығарды. Осылайша, жерлестеріміз алтыншы мәрте Дэвис кубогының ширек финалына жолдама алды. Бұған дейін Қазақстан бес рет (2011, 2013, 2014, 2015, 2018) осы мәреге дейін жеткен болатын.
Екі құрама арасындағы соңғы, үшінші матч ойын тағдырына айтарлықтай әсер етпейтін болса да, жерлестеріміз бұл теке-тіресте қарсыластарына аяушылық танытқан жоқ. Жұптық сында Андрей Голубев пен Александр Недовесов канадалық Петер Полански мен Брейден Шнурды тізе бүктірді. Бірінші партияда брейк жасаған қазақстандық жұп басымдылық көрсетті – 6:4. Екінші сетте тай-брейкте канадалықтар сәтті ойнады – 7:6 (8:6). Үшінші, шешуші партияда қазақстандықтар қарсыластарына бет қаратпады – 6:1. Осылайша, Қазақстан құрамасы Канаданы 3:0 есебімен жеңді.
1 желтоқсанда өтетін ширек финалда жерлестеріміз F тобында екінші орын алған Сербия жігіттерімен кездеседі. Сербтер өз тобындағы алғашқы ойында Аустрияны 3:0 есебімен жеңсе, Германиядан 1:2 есебімен жеңіліп қалды.
Сербия – әлемдік рейтингте 7-орында тұрған азулы құрама. Олар 2010 жылы Дэвис кубогын жеңіп алған болса, 2013 жылы финалға дейін жетті. Бұл құраманың қазіргі таңдағы ең үздік ойыншысы – Новак Джокович. Ол «Үлкен дулыға» санатындағы жарыстарда 20 мәрте топ жарған.