Теннис • 30 Қараша, 2021

Келесі қарсылас – Сербия

275 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Теннистен Қазақстан құрамасы Испанияның бас шаһары – Мадридте өтіп жатқан Дэвис кубогының ширек финалына шықты. Топтық кезеңнің алғашқы ойынында жерлестеріміз Швецияны жеңсе (2:1), екінші матчта Канада құрамасынан 3:0 есебімен басым түсті. Сөйтіп, В тобында бірінші орынға ие болған қазақстандық теннисшілер ширек финалға жолдама алды. Бұл сында отандастарымызды әлемнің бірінші ракеткасы Новак Джокович бастаған Сербия құрамасы күтіп тұр.

Келесі қарсылас – Сербия

Мадридтегі Қазақстан – Ка­нада матчын біздің жігіттерден Михаил Кукушкин бастап берді. Швециямен болған алғашқы ойында жеңіліп қалған ол бұл бәсекеде намысқа тырысып, Қазақстан құрамасына алғашқы жеңісті сыйлады. Әлемдік рейтингте 234-орында тұрған канадалық Брейден Шнурмен кездескен Михаил бірінші партияда брейк жасап, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Екінші сетте тай-брейкте Шнурдың жолы болды – 7:6 (7:5). Үшінші, шешуші партияда әуелі канадалық спортшы брейк жасағанымен, Кукушкин алысқа ұзатқан жоқ. Ақыры матч­ты тағы бір брейкпен тәмамдады – 7:5. Тартысты өткен бәсеке үш сағатқа жуық уақытқа созылды.

Екінші кездесуде Қазақстан­ның бірінші ракеткасы Александр Бублик Вашек Поспишилмен шеберлік байқасты. Бірінші партияда Бублик екі рет брейк жасап, 6:2 есебімен бұл сетті өз пайдасына аяқтады. Екінші сет тартысты өтіп, тай-брейкте қазақстандық теннисші қарсыласының сетбол жасауына мүмкіндік бермеді. Сосын өзі матчболын мүлт жі­бер­­ген жоқ – 7:6 (8:6). Екі сетте қар­сыласынан басым түскен А.Бублик есепті 2:0-ге жеткізіп, Қазақ­стан құрамасын мерзімінен бұрын жарыстың ширек финалына шығарды. Осылайша, жерлестеріміз алтыншы мәрте Дэ­вис кубогының ширек финалына жолда­ма алды. Бұған дейін Қазақ­стан бес рет (2011, 2013, 2014, 2015, 2018) осы мәреге дейін жеткен болатын.

Екі құрама арасындағы соңғы, үшінші матч ойын тағдырына айтар­лықтай әсер етпейтін болса да, жерлестеріміз бұл теке-тірес­те қар­сыластарына аяушылық таныт­қан жоқ. Жұптық сында Ан­дрей Голубев пен Александр Не­до­весов канадалық Петер Поланс­ки мен Брейден Шнурды тізе бүктірді. Бірінші партияда брейк жасаған қазақстандық жұп ба­сым­дылық көрсетті – 6:4. Екін­ші сетте тай-брейкте кана­далықтар сәтті ойнады – 7:6 (8:6). Үшінші, шешуші па­ртияда қазақ­стан­дықтар қар­сыластарына бет қа­ратпады – 6:1. Осы­лайша, Қазақ­стан құрамасы Канаданы 3:0 есебі­мен жеңді.

1 желтоқсанда өтетін ширек финалда жерлестеріміз F тобында екінші орын алған Сербия жігіт­тері­мен кездеседі. Сербтер өз то­б­ындағы алғашқы ойында Аус­­­трия­­ны 3:0 есебімен жеңсе, Гер­­­ма­ниядан 1:2 есебімен жеңіліп қалды.

Сербия – әлемдік рейтингте 7-орында тұрған азулы құрама. Олар 2010 жылы Дэвис кубогын жеңіп алған болса, 2013 жы­лы финалға дейін жетті. Бұл құра­маның қазіргі таңдағы ең үздік ойын­шысы – Новак Джокович. Ол «Үлкен дулыға» санатындағы жарыстарда 20 мәрте топ жарған.