Қазақстан чемпионатына қарағанда, кубок жолындағы жарыстарда тәуір нәтижеге қол жеткізіп жүрген «Қайрат» матч алдында бұл бәсекенің айқын фавориті еді. Өйткені Алматының ұжымы Қазақстан кубогының финалына 12 мәрте шығып, оның тоғызында жеңімпаз атанған болса, «Шахтер» кубок финалына үш мәрте шығып, тек біреуінде ғана кубокты басынан асыра көтерген. Бірақ бұл жолғы финалда «Шахтердің» жеңіске жетуге деген құлшынысы зор болды. Себебі «кеншілер» ұжымы үшін бұл матчта Қазақстан кубогы жүлдесі ғана емес, келесі жылғы Еурокубок бәсекесінің жолдамасы да сарапқа салынған еді.
«Қайраттың» да өзіндік мотивациясы болды. Бұл матч клубтың бразилиялық сұрмергені Вагнер Лавтың «Қайрат» сапындағы соңғы ресми кездесуі еді. Орталық стадиондағы Конференция лигасының кезекті тур ойынында жеңіске жете алмаған соң, әріптестері кубок жолындағы бәсекеде қуантуды көздеген еді.
«Астана Аренаға» жиналған жанкүйерлер ойынның негізгі уақытында екі түрлі таймның куәсі болды. Матчтың бірінші бөлімі «Қайрат» футболшыларының басымдығымен өтті. Анығын айтқанда, алғашқы 45 минут Вагнер Лавтың бенефисіне айналды. Бразилиялық саңлақ кездесудің небәрі 6-минутында матчтың есебін ашса, 40-минутта Рикарду Алвештің бұрыштамадан асырған пасы алдымен қақпа бағанына тиіп, кейін Вагнердің аяғына дөп келді. Ал бразилиялық шабуылшы ашық қақпаны көздеуде еш қателескен жоқ. Осылайша, «Қайрат» бірінші таймда Лавтың дублі арқасында 2:0 есебімен жеңіске жақындай түскен еді.
Кездесудің екінші бөлігінде Магомед Адиев шәкірттері намысқа тырысып, еліміздің үздік клубтарының біріне қарсы тегеурінді ойын көрсетті. Матчтың 47-минутында Михаил Габышев Стас Покатилов қорғаған қақпадан саңлау тауып, есеп айырмасын қысқартты. Ал матчтың аяқталуына 15 минут қалғанда Мартин Тошев әріптесі Владимир Хозиннің әуелете асырған пасына бірінші жетіп, баспен тамаша гол соқты – 2:2. Міне, осындай теке-тіреспен өткен матчтың соңына дейін осы есеп сақталып қалды.
Негізгі уақыт тең аяқталған соң матч қосымша экстра-таймға ұласты. 30 минутқа жалғасқан овертайм да 1:1 есебімен тең аяқталды. 97-минутта Айдос Тәттібаев 11 метрлік айып добын сәтті орындаса, 110-минутта Артур Шушеначев таразы басын қайта теңестірді.
Пенальти сериясында алматылық ұжым мықтылық танытып, 9:8 есебімен жеңіске жетті. «Қайрат» сапынан шешуші он бір метрлік допты Камо Оганесян соқты. Осылайша, алматылық клуб өз тарихында 10-мәрте Қазақстан кубогын иеленді.
Ал кубоктан құр қалған «Шахтер» Еурокубок ойындарының жолдамасынан да қағылды. Қазақстан кубогын «Қайрат» иеленген соң, Еуродода ойындарының төртінші жолдамасы ел біріншілігінде 4-орынға тұрақтаған Петропавлдың «Қызылжарына» бұйырды.
Бір сөзбен айтқанда, футболдан биылғы Қазақстан кубогының финалы намыс пен жігерге қамшы басқан нағыз кубоктық ойын болды. Жанкүйерлер 3 сағатқа созылған кездесуде 4 таймның және 19 пенальтидің куәгеріне айналды. Сөйтіп, 2021 жылғы футбол маусымы жоғары нотада аяқталды.