Футбол • 30 Қараша, 2021

«Қайрат» – 10 дүркін Қазақстан кубогының иегері

370 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстан кубогы жолындағы жарыстың финалында Алматының «Қайраты» Қарағандының «Шахтерін» жеңіп, өз тарихында аталған жүлдені оныншы мәрте жеңіп алды. Елордадағы «Астана Аренада» өткен тартысты бәсекенің негізгі және қосымша таймы 3:3 есебімен тең аяқталып, матч пенальти сериясына ұласты. 11 метрлік нүктеде дәлдік танытқан «Қайрат» футболшылары жеңімпаз атанды.

«Қайрат» – 10 дүркін Қазақстан кубогының иегері

Қазақстан чемпионатына қа­рағанда, кубок жолындағы жарыстарда тәуір нәтижеге қол жет­кізіп жүрген «Қайрат» матч алдында бұл бәсекенің айқын фавориті еді. Өйткені Алматының ұжымы Қазақстан кубогының финалына 12 мәрте шығып, оның тоғызында жеңімпаз атанған болса, «Шахтер» кубок финалына үш мәрте шығып, тек біреуінде ғана кубокты басынан асыра кө­терген. Бірақ бұл жолғы финалда «Шахтердің» жеңіске жетуге деген құлшынысы зор болды. Себебі «кеншілер» ұжымы үшін бұл матчта Қазақстан кубогы жүл­десі ғана емес, келесі жылғы Еурокубок бәсекесінің жолдамасы да сарапқа салынған еді.

«Қайраттың» да өзіндік мотивациясы болды. Бұл матч клуб­тың бразилиялық сұр­мергені Ваг­нер Лавтың «Қай­рат» сапын­дағы соңғы ресми кездесуі еді. Орталық стадиондағы Кон­ферен­ция лигасының кезекті тур ойынында жеңіске жете алмаған соң, әріптестері кубок жолындағы бәсекеде қуантуды көздеген еді.

«Астана Аренаға» жиналған жанкүйерлер ойынның негізгі уақытында екі түрлі таймның куәсі болды. Матчтың бірінші бөлімі «Қай­рат» футболшыларының басымдығымен өтті. Анығын айт­қанда, алғашқы 45 минут Вагнер Лавтың бенефисіне айналды. Бра­зилиялық саңлақ кездесудің небәрі 6-минутында матчтың есебін ашса, 40-минутта Рикарду Алвештің бұ­рыштамадан асырған пасы алдымен қақпа бағанына тиіп, кейін Вагнердің аяғына дөп келді. Ал бразилиялық шабуыл­шы ашық қақпаны көздеуде еш қателескен жоқ. Осылайша, «Қайрат» бірінші таймда Лавтың дублі арқасында 2:0 есебімен жеңіске жақындай түскен еді.

Кездесудің екінші бөлігінде Ма­гомед Адиев шәкірттері на­­мысқа тырысып, еліміздің үз­дік клубтарының біріне қар­сы те­геурінді ойын көрсетті. Матч­тың 47-минутында Михаил Га­бышев Стас Покатилов қорғаған қақпадан саңлау тауып, есеп айыр­ма­сын қысқартты. Ал матчтың аяқталуына 15 минут қалғанда Мартин Тошев әріптесі Владимир Хозиннің әуелете асырған пасына бірінші жетіп, баспен тамаша гол соқты – 2:2. Міне, осындай теке-тіреспен өткен матчтың соңына дейін осы есеп сақталып қалды.

Негізгі уақыт тең аяқталған соң матч қосымша экстра-таймға ұласты. 30 минутқа жалғасқан овертайм да 1:1 есебімен тең аяқталды. 97-минутта Айдос Тәт­ті­баев 11 метрлік айып добын сәтті орындаса, 110-минутта Ар­тур Шушеначев таразы басын қай­та теңестірді.

Пенальти сериясында алма­тылық ұжым мықтылық танытып, 9:8 есебімен жеңіске жетті. «Қайрат» сапынан шешуші он бір метрлік допты Камо Оганесян соқты. Осылайша, алматылық клуб өз тарихында 10-мәрте Қазақстан кубогын иеленді.

Ал кубоктан құр қалған «Шах­тер» Еурокубок ойындарының жолдамасынан да қағылды. Қазақстан кубогын «Қайрат» ие­­ленген соң, Еуродода ойын­да­рының төртінші жолдамасы ел біріншілігінде 4-орынға тұ­рақ­таған Петропавлдың «Қы­зыл­жа­рына» бұйырды.

Бір сөзбен айтқанда, футболдан биылғы Қазақстан кубогының финалы намыс пен жігерге қамшы басқан нағыз кубоктық ойын бол­ды. Жанкүйерлер 3 сағатқа соз­ылған кездесуде 4 таймның және 19 пенальтидің куәгеріне айналды. Сөйтіп, 2021 жылғы фут­­бол маусымы жоғары нотада аяқ­­талды.