Үкімет • 30 Қараша, 2021

Қазақстанда сұйытылған газ өндіретін 3 зауыт салынады

483 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда сұйытылған газ өндіретін 3 зауыт салынады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда сұйытылған газ өндіретін 3 зауыт салынады

«Сұйытылған газ өндіруді арттыру мақсатында 3 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бірінші жоба – Ақтау қаласында төмен қуатты газ өңдеу зауыты. Оның қуаты жылына 60 мың тоннаны, ал инвестициялар көлемі 1,5 млрд теңгені құрайтын болады. Жобаның аяқталуы осы жылдың соңына жоспарланған. Екінші жоба - Жаңаөзен қаласында жұмыс істеп тұрған Қазақ газ өңдеу зауытының орнына жаңа газ өңдеу зауытын салу. Оның қуаты 900 млн текше метрді құрайды деп жоспарлануда. Жобаның құны – 147 млрд теңге. Құрылыстың аяқталу мерзімі - 2023 жыл», деді өңдеу өнеркәсібін дамыту туралы баяндаған министр.

Оның атап өтуінше, аталған зауыт шамамен 760 млн текше метр тауарлық газ, 232 мың тонна сұйытылған мұнай газын және 82 мың тонна көлемінде пентан-гексан фракциясын өндіретін болады.

«Үшінші жобаға келетін болсақ, осы жылы Қашаған кен орнында қуаты 1 млрд текше метрді құрайтын газ өңдеу зауытының құрылысы басталды. Жобаның құны 380,8 млрд теңгеге тең. Құрылыстың жоспарланған аяқталу мерзімі - 2023 жыл», деді ол.

Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, зауыт 800 млн текше метр тауарлық газ, 119 мың тонна сұйытылған газ, 35 мың тонна конденсат және 212 мың тонна күкірт өндіреді.

«Аталған жобаларды іске асырудың арқасында 2025 жылға қарай сұйытылған газ өндірісінің көлемі 300 мың тоннаға артып, 3,5 млн тоннаны құрайтын болады. Ал тартылатын инвестициялардың көлемі 530 млрд теңге болады деп жоспарлануда», деді министр.