Үкімет • 30 Қараша, 2021

Өңдеу өнеркәсібін дамыту: Асқар Мамин бірқатар тапсырма берді

457 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Мамин Үкіметке 2025 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму тұжырымдамасының өзектендірілген жобасын енгізуді тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Өңдеу өнеркәсібін дамыту: Асқар Мамин бірқатар тапсырма берді

«2021 жылдың 10 айында өңдеу өнеркәсібі өткен жылға қарағанда 5,3% өсімді қамтамасыз етті. Жәйрем және Ақтоғай КБК қуаттарын кеңейту, алтын шығару фабрикасы мен ферроқорытпа зауытын, машина жасау өндірістерін салу жөніндегі ірі жобаларды іске асыру есебінен негізгі капиталға салынған инвестициялардың 1,8 есе айтарлықтай өсуі байқалды, олар 1,2 трлн теңгені құрады. Ең жоғары өсім фармацевтикада - 33,6%-ға, машина жасауда - 19,5%-ға, құрылыс материалдары өндірісінде - 9,3%-ға, химия өнеркәсібінде - 6,5%-ға, Тамақ өнімдері өндірісінде - 3,6%-ға байқалды», деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.

Биыл мұнай-газ химиясы саласында техникалық газдар мен октан көтеретін қосындылар өндіру жөніндегі зауыттар, сондай-ақ полипропилен өндіру жөніндегі зауыт аяқталу сатысында тұр. Бұдан басқа, ағымдағы жылы мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығы құрылды, ол тауарлар өндірісін оқшауландыруды және отандық өндірушілердің мүмкіндіктерін кеңейтуді қамтамасыз етеді.

«Биыл Индустрияландыру картасы аясында тамақ өнеркәсібінде, құрылыс индустриясында, машина жасауда, металлургияда және басқа да салаларда 12,7 мың тұрақты жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 1,3 трлн теңгеге 139 индустриялық жобаны іске қосу жоспарланған. Оның ішінде 1 трлн теңгеге жуық сомаға 83 жоба іске қосылды. Қалғандары желтоқсан айында іске қосылады. Толық қуатқа шыққан кезде осы жобалардың өндіріс көлемі 1,1 трлн теңгені құрайды, ал өндірілген өнімнің үштен бірі экспортқа кетеді. Осы жұмысты белсенді жалғастырған жөн», деп атап өтті Үкімет басшысы.

Сондай-ақ, Асқар Мамин бірқатар тапсырмалар берді.

«Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы аясында өңдеуші секторға ерекше рөл беріледі. Индустрия министрлігіне 10 желтоқсанға дейін Үкіметке индустриялық-инновациялық дамудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасының өзектендірілген жобасын енгізуді тапсырамын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет әлеуетті өсу нүктелері анықталатын және оларды дамытудың кешенді жоспарлары әзірленетін перспективалы моноқалалардың тізбесін қалыптастыруы қажет»,  деді Асқар Мамин.

Премьер-Министр индустрия, экономика министрліктеріне және әкімдіктерге 2022 жылғы 1 наурызға дейін өңірлердің ерекшелігін ескере отырып, моноқалаларда іске асыру үшін «зәкірлік» индустриялық жобалар пулын пысықтауды тапсырды.

«Салаларды дамытудың маңызды міндеті оларды өндірістік процестерге жаңа технологияларды енгізу бойынша өсіп келе жатқан трендке бейімдеу болып табылады. Сондықтан өңдеуші сектордағы цифрлық шешімдерді қолдау құралдарының тізбесін кеңейту қажет. Индустрия министрлігі 2022 жылғы 1 наурызға дейін кәсіпорындарда цифрлық шешімдерді енгізуді ынталандыру жөніндегі қажетті нормативтік-құқықтық базаны қабылдауды қамтамасыз етсін. Жалпы, Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібінің өсімін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары сапалы және белгіленген мерзімде орындалуы тиіс», деп тапсырды Премьер-Министр.