Қазақстан • 30 Қараша, 2021

Елбасы реформаларының маңызы жоғары

378 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елордада Nur Otan партиясының Қоғамдық саясат институты ұйымдастырған «Қазақстанның партиялық-саяси жүйесінің эволюциясы: сын-қатерлер, жетістіктер және келешегі» атты екі күндік халықаралық форум өз жұмысын бастады.

Елбасы реформаларының маңызы жоғары

600-ден астам шетелдік және отандық сарапшы, саяси партиялардың, халықаралық ұйым­дардың және 15 елдің, оның ішін­де Ресей, Қытай, АҚШ, Еуро­па, Түркия, Әзербайжан және Ор­­та­лық Азия дипломатиялық кор­пу­сының өкілдері сайлау жүйелерін дамытудың өзекті мәселелерін, заманауи электоралды тренд­терді, дәстүрлі және балама идео­логиялардың келешегін талқылау үшін панельдік сессияларға қаты­сады.

Форумға қатысушыларды құттықтай отырып, Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бұл кездесу Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатқанын атап өтті. «Біздің еліміз осы уақыт аралығында ғасырға татитын үлкен жолды жүріп өтті. Ауыр сынақтарды еңсере отырып, халқымыз мемлекеттілігін қайта жаңғыртып, өзінің ғасырлар бойғы тәуелсіздік туралы арманын ақиқатқа айналдырды. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жете ойластырылған батыл реформалары қысқа уақыт ішінде халықты ұйыстырып, болашаққа деген үміт пен сенім ұялатты. Орнықты экономикасы бар табысты, бей­біт­сүйгіш мемлекет құруға мүмкіндік берді», деді Б.Байбек.

Ол Қазақстанның 30 жылдық дамуының басты жетістіктері ретінде бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету, ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартып, Се­мей полигонын жабу, еліміздің жа­ңа астанасының салынуы мен ежел­гі Түркістанның қайта түлеуі, барлық мемлекетпен тату қа­рым-қатынас орнатып, 15 мың км мемлекеттік шекараны бекіту, экономиканы нарықтық трансформациялау бойынша жүргізілген түбегейлі реформалар және Ұлт­тық қор құру, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымына бөлін­ген ауқымды инвестициялар, ха­лық санын ұлғайту сияқты т.б. оң істерді атады. Б.Байбектің айтуынша, бұл жетістіктердің барлығы қауқарлы мемлекеттік қоғамдық-саяси институттардың, дамыған адам капиталының, қазақстандықтардың өмір сүру сапа­сының жақсаруының, сон­дай-ақ тәуелсіздік жылдарында жолға қойылған Nur Otan пар­тиясы секілді үстем саяси күші бар көппартиялы жүйенің арқасында мүмкін болып отыр. Сонымен қатар, оның пікірінше, еліміздің партиялық-саяси жүйе­сінің тәуелсіздік жылдарында қалыптасуын негізгі 3 кезеңге бөлуге болады. Бірінші онжылдық – көппартиялықты заңды тұрғыда бекіту, партиялардың институттану кезеңі. Екінші онжылдық – партияның сапалы нығаюы, мажоритарлықтан пропорционалды сайлау жүйесіне біртіндеп көшу кезеңі. Үшінші онжылдық – үстем саяси күші бар көппартиялы жүйенің қазақстандық моделінің қалыптасуы. «Осыдан 10 жылдай бұрын Елбасы көппартиялы жүйенің әрі қарайғы ұзақмер­зімді дамуына негіз қала­ған «Қазақстан-2050» страте­гия­сын, ал 2015 жылы Бес инсти­ту­ционалдық реформаны ұсынды. Конституциялық реформаның нәтижесінде Парламенттің рөлі күшейіп, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Парламенттік партиялар атқарушы билікке ықпал етудің қосымша тетіктеріне ие болды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше елдердің 60%-дан астамының тәжірибесі бойынша пропорцио­налды сайлау жүйесіне көшу толық жүзеге асырылды», деді ол.

Б.Байбек атап өткендей, 2019 жылдан бастап партиялық-саяси жүйенің дамуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүзеге асырып жатқан сабақтастық сая­саты аясында жалғасуда. «Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы Жол­дауында: «Біз саяси реформаларды «асығыстыққа салынбай», керісінше, кезең-кезеңімен, табанды түрде және жан-жақты ой­ластырып жүзеге асыратын бола­мыз. Еліміздің қоғамдық-сая­си өмірін жаңғыртпай, табысты эко­номикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес. Бұл – біздің ұстанатын басты қағидатымыз» деді. Сол сәттен бастап елімізде сая­си реформалардың бірнеше пакеті жүзеге асырылды. Пар­тиялар үшін тіркеу кедергісі мен Мәжіліске өтуге арналған кедергі заңнамалық тұрғыда азайтылды, сайлауалды тізімдерде әйелдер мен жастар үшін квота белгіленді, парламенттік оппозиция институты бекітілді, митингілер өткізудің хабардар ету қағидаты, сондай-ақ ауыл әкімдерін тікелей сайлау институты енгізілді», деді партия Төрағасының бірінші орынбасары. Оның айтуынша, 2019 жылдың тамыз айында Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған партияны жүйелі «қайта жандандыру» Nur Otan-ға жыл басында Мәжіліс пен мәслихат сайла­уында тиісінше 72% және 82% жинап, айқын жеңіске жетуге мүмкіндік берді. Саяси тәжірибеде алғаш рет праймериз өткізіліп, халықтың сұранысы негізінде әр облыс, қала және аудан үшін 216 сайлауалды бағдарлама жасалды. Тұтастай алғанда, партиялық тізімдер бойынша сайлауға жүйелі түрде көшу партиялардың сай­лауалды уәделеріне жауап­кер­шіліктерін арттыра отырып, олардың барлық деңгейде инсти­ту­ционалды нығаюына жағдай жасады. «Биыл алғаш рет өткі­зілген ауыл әкімдерінің тіке­лей сайлауында Nur Otan округ­тердің 80%-дан астамында жеңіске жетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей сайлаулар халықтың 40%-дан астамын құрай­тын ауыл тұрғындарының мүд­десін қозғайтын саяси рефор­ма­лардың дәйекті бөлігі болға­нын атап өтті. Нәтижесінде, бү­гінде Қазақстанның Мәжілісте – 3, жергілікті өкілді органдар – мәслихаттарда – 5, ауылдық әкімдер деңгейінде 6 саяси партиясы өкілдік етуде. Осылайша, аталған жылдар аралығында қа­лып­тасқан Nur Otan партиясы үстем­дік ететін көппартиялы жүйе тә­уелсіздіктің маңызды жетіс­тігі деп нық айтуға болады», деді Б.Бай­бек.

Дегенмен қазіргі проблема­лар­дың жаһандық сипаты бүкіл мем­лекеттердің өзара тығыз қарым-қатынас жасап, үйлесе әрекет етуін талап етуде. Осы жағы­нан алғанда, билеуші партиялар арасындағы ынтымақтастық ерек­ше маңызға ие. Б.Байбек форум­ның партиялардың ғана емес, сонымен бірге мемлекеттер мен ха­лықтар арасындағы достық пен ын­тымақтастықты одан әрі ны­ғай­туға да өз үлесін қосатынына сенім білдірді.

Форум спикерлерінің бірі Пре­зи­денті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев болды. Ол Nur Otan-ның Лидері Нұр­сұлтан Назарбаевтың партия Төрағасы өкілеттігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру туралы таяудағы шешімі партиялық жүйе эволюциясының маңызды кезеңдерінің бірі болғанын атап өтті. «Осынау парасатты шешім Қазақ­стан халқы тарапынан қолдау тап­ты. Бүгінде біз Мемлекет басшы­сының жетекшілігімен оның «Сабақтастық. Әділдік. Өр­леу» атты саяси ұраны аясында алға қарай қарқынды қадам басуда­мыз», деді Д.Абаев.

Азиялық саяси партиялардың халықаралық конференциясының Бас хатшысы Чо Бён Чжэ Қазақ­станның сыртқы саясат сала­сын­дағы жетістіктеріне тоқталды. «Қазақстан көршілерімен ға­на емес, сонымен бірге Батыс ел­дерімен де жақсы қарым-қаты­наста. Қазақстан халықаралық ұйым­дармен, басқа да партиялар­мен сындарлы диалог орнатты. Осылайша, Nur Otan партия­сы халықаралық қатынастар локомотивтерінің бірі қызметін атқаруда», деді Чо Бён Чжэ.

«Единая Россия» партиясы Бас кеңесі хатшысының орынбасары Андрей Климов Қазақстан мен Ресейдің билеуші партиялары арасындағы достық байланыстарды атап өтті. «Біз өз тарапымыздан Nur Otan партиясының праймериз өткізу тәжірибесін, жастар қанатын дамытуын, азаматтардың өтініштерін қабылдау үшін онлайн-ресурстарды пайдала­нуын және алаңында осы форум өтіп жатқан Қоғамдық саясат институтының жұмысын мұқият қарап отырамыз», деді А.Климов.

Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті халықаралық бөлімінің меңгерушісі Цянь Хун­шань екі елдің билеуші партиялары арасындағы ынтымақтастықты әрі қарай нығайтуға сенім білдірді. «Nur Otan партиясы құрылған сәті­нен бастап шын мәнінде бірқатар та­рихи реформаны іске асырды. Біздің мемлекеттеріміз екі­жақты қарым-қатынастарды, оның ішінде партиялық деңгейде дамытуды жалғастыра беретініне сенімдімін», деді ҚКП өкілі.

Түркияның Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары Эфкан Ала: «Қазақстанның аты тұрақтылықпен астасып жатыр. Әрине, мұнда партияның рөлі зор. Біздің бәріміз елдің эко­но­микалық игіліктеріне Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында қол жеткізілгенін байқап отырмыз. Жаңа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жалғастырылып жатқан реформалар бұдан да зор жетістіктерге бастайтынына сенімдімін», деді Э.Ала.

Еуропа Кеңесінің Парла­мент­тік Ассамблеясындағы (ЕКПА) Еуропалық консерватор­лар мен демократиялық альянс топтарының Бас хатшысы Том Ван Дайк Nur Otan партиясының елдің партиялық-саяси жүйесін қалып­тастырудағы рөліне өз бағасын берді. «Партия құрылғаннан бергі 20 жылдан астам уақыт ішінде Қазақстанның саяси ландшафтында нық орнықты. Саяси қызметте әйелдер мен жастарға барынша қолдау көрсетіліп, партиялық тізімдерде 30% квота көзделген. Еуропа Кеңесінің 15 мемлекетінің парламенттерінде ген­дерлік теңдік деңгейі Қазақ­стан­да­ғыдан төмен деп айта аламын», деді Том Ван Дайк.

АҚШ Өкілдер палатасының экс-мүшесі, Республикашылар партиясының өкілі Курт Уэлдон саяси партиялардың және басқа да қоғамдық-саяси ұйымдардың рөлі өте маңызды екенін атап өтті. «Олардың арасында Қазақстанның ең ірі партиясы – Nur Otan-ға же­тек­­ші рөл беріледі», деді К.Уэл­дон.

Ұлыбританияның Консер­ва­тивтік партиясының өкілі, Лорд­тар палатасының мүшесі Джей­мс Уортон Nur Otan партия­сының демократия мен ортақ құн­дылықтарды дамытудағы жетіс­тіктері бойынша өз әсерімен бөлісті.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше