Суретті түсірген Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ
Зауыт мамандарының мәліметіне сүйенсек, хош иісті көмірсутектер шығару кешенінің құрылысы 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында қолға алынды. Кешен құрылысы 2010 жылы басталды. Жобаға сәйкес кешен құрылысына 1 млрд 40 млн долларды құраған инвестициялық қаржы салынды. Бірақ бұл жобаны іске асыратын бас мердігерді таңдау оңайға түспеді. Өйткені жобаға қатысуға Еуропа елдерінен, Жапониядан, Оңтүстік Корея мен Қытайдан бірнеше компания ынта танытты. Әр компанияның іскерлік, өндірістік тәжірибесі сарапқа салынып, үшеуінің ғана ұсынысына талдау жасалды. Бұлар – жапондық Маrubeni Corporation және JGC компаниялар тобы мен қытайлық SІNOPEC Engіneerіng компаниясы.
Мәселен, Жапониядан қатысқан компаниялар тобы бұдан бұрын да АтМӨЗ-де қайта жаңғырту жобасын іске асырған еді. Сол себептен жапондық компаниялар тобының басшылары сол тәжірибесін артықшылыққа балаған болуы керек. Мұны аталған компаниялар тобының жобаны 3 млрд 400 млн долларға бағалауына байланысты айтып отырмыз. Алайда бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеуді көздеген қытайлық компания балама бағаны әлдеқайда төмендеу ұсынды. Осылайша, SІNOPEC Engіneerіng компаниясының ұсынысы 1 млрд 99 млн долларды құрады. Тапсырыс беруші тарап төмен баға ұсынған Қытай компаниясымен келіссөз жүргізді. Сөйтіп, тараптар жобаны 1 млрд 40 млн доллар көлемінде іске асыруға уағдаласты.
Әлемнің әр еліндегі компанияларды бір-бірімен бәсекелестірген жобаның нендей ерекшелігі бар? Отандық мұнай-химия өнеркәсібін жандандыруға серпін бере ме? Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиевтың мәліметінше, бұл – ТМД елдері аумағындағы ең ірі жоба. Атырау мұнай өңдеу зауыты Қазақстан үшін аса маңызды бензол мен параксилол өнімдерін шығаруға жол ашқан бірегей жобаны іске асырды. Жаңа кешеннің іске қосылуымен Қазақстанда мұнай-химия өнеркәсібінің негізі қаланды.
Зауыт басшыларының айтуынша, хош иісті көмірсутектер кешенінде біріншіден, жылына 133 мың тонна бензол мен 496 мың тонна параксилол шығару ісі жолға қойылды. Екіншіден, АтМӨЗ-де шығарылатын тауарлы бензиндердің сапасын Еуро-4 стандарты деңгейіне жеткізуге жол ашылды. Үшіншіден, жанармай түрлеріндегі бензолдың мөлшері 1 пайыздан, хош иісті көмірсутектер 35 пайыздан аспайды. Төртіншіден, бензин түрлері мен дизель құрамындағы күкірт мөлшері де, жанар-жағармайлардың қоршаған ортаға зиянды әсері де азаяды. Бесіншіден, дизель мен авиаотын өндіру көлемі ұлғайтылатыны көзделді. Дизель отынын қосымша сутегі алу есебінен молайтуға мүмкіндік мол.
Мұнай өңдеушілердің түсіндіруінше, хош иісті көмірсутектер шығару кешенінің жобасы екі технологиялық нысан құрылысын қамтыды. Оның бірі – катализаторды үздіксіз қалпына келтіретін катализдік риформинг, екіншісі – бензол алу мен хош иісті көмірсутектер шығару қондырғысы. Ірі габаритті 499 қондырғы орнатылған кешен құрылысына 4 072 адам жұмысқа тартылды. Бұл кешен екі режімде жұмыс істейді. Алғашқысын жоғары октанды (АИ-92, АИ-95 және АИ-98) тауарлы жанармай маркаларын дайындау үшін жоғары октанды компоненттер, екіншісін мұнай-химия өнеркәсібі үшін бензол мен параксилол өнімдерін шығарумен байланыстыруға болады. Ал бензол – химия өнеркәсібі өнімдерінің маңызды ондығына кіретін шикізат. Өйткені бензолды пластмассалар өндірісі мен синтетикалық резеңке, дәрі мен бояулар үшін бастапқы шикізат ретінде қолданады. Бензолдың бастауы болатын хош иісті көмірсутектер әртүрлі пластмассаның физикалық салмағында – 30, кәушіктер мен резеңкелерде – 66, синтетикалық талшықтарда 80 пайызды құрайды екен. Атырау мұнай өңдеу зауытында бензолдың алғашқы сынамасы 2015 жылғы шілдеде шығарылды. Содан бері зауыттағы жұмыс істеп тұрған катализдік риформинг қондырғысында шығарылып келеді. Бұл қондырғы 2016 жылы бензолды бөліп алатын отындық баламасына көшірілді. Сол жылы зауытта бензолды бөліп алу арқылы сапасы жақсартылған әрі экологиялық таза жоғары октанды бензин өндірісі 140 мың тоннаға артты.
Алғашында бензол шығарудың айлық жоспары 500 тоннаны құрады. Қазір жаңа индустрияландыру жобасымен шығарылып жатқан бензолға Ресей мен Қытайдан сұраныс артып отыр. Мәселен, 2016 жылы бензолдың алғашқы 300 тоннасы Ресей Федерациясының Тула облысына экспортқа жөнелтілген еді. Ал 2017 жылы шығарылған 8 951,2 тонна бензол Ресейге экспортталды. «Тазартылған бензол – 545» сертификаты бар тауар барлық халықаралық талаптарға толығымен сәйкес келеді.
– Бензол – мұнай химиясына қажетті ең құнды шикізат. Қазақстан аумағында бензол тек Атырау мұнай өңдеу зауытында қолға алынды. Біздің зауытта 2015 жылдан биылғы қарашаға дейін бензолдың 108,091 тоннасы шығарылды. Соңғы бес жылда Ресей Федерациясына 93 209,761 тонна, Қытай Халық Республикасына 11 821,054 тонна бензол экспортталды. Сондай-ақ Латвия Республикасындағы тұтынушылардың тапсырысына сәйкес 296,154 тонна бензол жіберілді, – дейді зауыт бас директорының корпоративтік функциялар жөніндегі орынбасары Дияр Қазим.