Оқиға • 01 Желтоқсан, 2021

«ҚазМұнайГаз» және «Татнефть» бутадиен каучуктерін өндіретін бірлескен кәсіпорын құрды

248 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2021 жылғы 30 қарашада «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев және «Татнефть» ЖАҚ Бас директоры Наиль Маганов «Бутадиен» ЖШС бірлескен кәсіпорны бойынша келісімге қол қойды. Осы құжат негізінде каучук өндіру жөніндегі жоба жүзеге асырылады.

«ҚазМұнайГаз» және «Татнефть» бутадиен каучуктерін өндіретін бірлескен кәсіпорын құрды

Кәсіпорынның жоспарлы қуаты – жылына 180 мың тоннаға дейінгі бутадиен мен бута­­диен каучуктерін өндіру. ҚМГ және «Татнефть» үлестері, сәйкесінше 25% және 75%-ды құ­райды. Алдын ала есептеу бойынша жоба құны 1 млрд АҚШ долларына жуық сомаға ба­ғаланды. Тараптар жобаны қаржыландыру жол­дарын, соның ішінде қарыз алу есебінен қар­жы­лан­ды­ру­ды қарастыруда.

Аталған кәсіпорын 2026 жылы Атырау об­лысындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймақ аумағында іске қосылады деп жоспарланып отыр. Жаңа өндіріс алаңында құрылыс кезеңінде 2 мыңға жуық, ал зауыт пайдалануға берілгеннен кейін 700-ден астам жұмыс орны ашылады.

Шикізат Қазақстанның Теңіз және Королевское кен орындарынан жеткізіледі деп көзделуде. Дайын өнім Қарағанды облысындағы шина зауытына жөнелтіліп, Еуропа елдеріне, Ресей, Қытай, Түркия және басқа да мемлекеттерге экспортқа шығарылады деп жоспарланып отыр.

«Біздің компания Даму стратегиясына сәй­кес өндірілетін өнімнің қосымша құн тіз­бе­гін кеңейтуге ұмтылып, Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­­сындағы мұнай-газ химиясы саласын жан-жақты дамытып жатыр. «ҚазМұнайГаз» және «Татнефть» компанияларының бірлескен кә­сіп­орынның құрылғаны бұған дәлел болып отыр. Жоба Қазақстан мен Татарстан арасындағы серіктестікті дамытуға, сондай-ақ ел экономикасын әртараптандыруға септік ететініне сенімдімін», деп атап өтті Алик Айдарбаев.

«Татнефть» компаниясының мұнай-химия саласы бойынша үлкен жоспары бар. Бұл бағытта қазақстандық әріптестерімізбен бірлесіп жұмыс істейтінімізге қуаныштымыз. Біз үшін Қазақстан – стратегиялық серіктес ел. Қазірдің өзінде Қазақстанмен өзара іс-қимыл бойынша тәжірибеміз бар, атап айтқанда, Қарағанды облысындағы шина шығаратын зауытты бірлесіп іске қосу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл Еуразиялық одаққа кіретін елдердің экономикалық интеграция стратегиясының жүзеге асырылуының нақты көрінісі. Біз тағы бір мәрте Қазақстанда ауқымды инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына барынша қолайлы жағдайлар жасалғандығының куәсі болдық. Бутадиен каучуктерін өндіретін жаңа бірлескен кәсіпорын екі ел экономикасын ны­ғайтуға және халықтардың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізетіндігіне сенемін», деді Наиль Маганов.

Еске сала кетейік, 2021 жылғы 5 сәуірде «ҚазМұнайГаз» бен «Татнефть» арасында «Бу­тадиен» жобасы бойынша өзара іс-қимылдың негізгі шарттары бойынша келісімге келді. 2021 жылғы 28 сәуірде компаниялар жобаны іске асырудың Жол картасы мен шағын ауқымдағы шартқа қол қойды.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше