Токиодағы Паралимпия ойындарында атой салған отандасымыз араға екі ай салып жаһандық додада да қарсылас шақ келтірген жоқ. Ерлер арасында 54 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Д.Дегтярев үш мүмкіндігінде 178 кило зілтемірді еңсеріп, әлем чемпионы атанды. Ол бірінші ұмтылысында – 175, екіншісінде 178 килоны көтерді. Ал үшінші талпынысында 186 килоны бағындырғанымен, төрешілер есептемей қойды. Бұл салмақтағы күміс жүлде Қытай спортшысы Ян Джиланге бұйырса, Мысыр өкілі Абделмажид Таха үздік үштікті түйіндеді.
Айта кетейік, бұл – Давид Дегтярев қатысқан үшінші әлем чемпионаты. Бұған дейін ол 2017 жылы Мексикада өткен біріншілікте жетінші орынға табан тіресе, 2019 жылы елордада ұйымдастырылған жарыста бесінші сатыдан көрінген еді. Биылғы дүниежүзілік додаға әлемнің 68 мемлекетінен 400-ден астам спортшы қатысып жатыр. Ал жаһан біріншілігіне Қазақстан құрамасынан 26 паралимпиадашы аттанды. Оның алтауы жастар арасындағы әлем чемпионатында бақ сынайды.