Сондай-ақ аталған сыйлық Балалар әдебиеті бойынша Ділдар Мамырбаеваға («Бала. Робот. Вирус» атты балаларға арналған кітабы үшін), Пернебай Дүйсенбинге («Жұмбақ жұлдыз сәулесі», «Бал дәуреннің бұлтсыз аспаны» атты 2 том шығармалар жинағы үшін), Поэзия жанры бойынша Светқали Нұржанға («Жұлдыздардың жұпары» поэзиялық кітабы үшін), Сабыр Адайға («Нәзира» поэзиялық кітабы үшін), Қуат Қайранбаевқа («Көңілдің қоңырауы» поэзиялық кітабы үшін), Проза жанры бойынша Құлтөлеу Мұқашқа («Салбурын» прозалық кітабы үшін), Дидар Амантайға («Борхестің кітабы» шығармалар жинағы үшін), Тұрсынхан Зекенұлына («Аттила» тарихи романы үшін) тапсырылды.
Сонымен қатар Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы аясында «Тәуелсіз елдің тілі» тақырыбында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитеті ұйымдастырған «Мемлекеттік тіл және БАҚ» конкурсы мәресіне жетіп, «Үздік мақала» номинациясы бойынша 3-орынды «Айқын» газетінің тілшісі Абылайхан Жұмаш, 2-орынды «Egemen Qazaqstan» газетінің журналисі Думан Анаш, ал 1-орынды «Солтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі Ақмарал Есдәулетова иеленді. Айта кетейік, «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық конкурсына төрт номинация бойынша 131 журналистен 300-ге жуық материал келіп түскен. Бас жүлде «Түркістан» газетінің тілшісі Әлия Тілеужанқызына берілді.