Қазақстан мен Ресей Федерациясының
мәдениет саласындағы ынтымақтастығы туралы
Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыс бірнеше ғасырға созылған, уақыт пен алма-кезек дүние талаптарымен сараланған, нығайған қарым-қатынас. Ресей – еліміздің стратегиялық серіктесі, ірі мемлекет, мәңгілік көрші ел. Әрине, екі мемлекет дербес, егемен ел болса да саяси-экономикалық, рухани-мәдени дамуы әр уақытта бір-біріне әсер берген. Кешегі Шоқан Уәлиханов пен Достоевскийдің достығы, Пушкинді қазаққа танытқан Абай мен Шәкәрім бабаларымыз, Махамбеттен әсер алған Андрей Вознесенскийлер көз алдымызға бірден келеді. Тәуелсіз ел ретінде де біз байланыс орната білдік. Мәдениет саласындағы екі елдің бүгінгі қарым-қатынасы жайлы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Асқар БӨРІБАЕВТЫ әңгімеге тарттық. – Асқар Исмайылұлы, терезесі тең елдер ретінде қазіргі кезде мәдениет саласында көрші елдер қандай жетістіктерге қол жеткізді? – «Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы ғасырлардың тереңіне тамыр жайған және бай тарихи дәстүрлермен байыған. Ежелден бері бейбітшіліксүйгіштік пен толеранттылықты қанына сіңірген біздің халықтарымыз тарихы ортақ болған ұзақ мерзім мен ұлтаралық қарым-қатынас барысында саналық діл ортақтығы мен ашық мәдениетаралық диалогтың негізін қалыптастырды» деген Елбасымыздың қанатты сөзімен әңгімемді бастағалы отырмын. Мәдениет халықтарды жақындастыра түсетін үлкен күш. Мәдениеттің қай саласын алып қарасаңыз да, музыка, театр, кино, мұражай мен кітапхана ісі бүгінгі күні Ресей мен Қазақстан арасында бір-бірімен ұштасып, бірін-бірі толықтырып, алмасып, даму үстінде. Ресей Федерациясының шығармашыл ұжымдары, жалпы өнер иелері белсенді екіжақты тығыз мәдени байланыста. Былтырғы жылдары «Астана – Достастықтың мәдени астанасы» жобасы аясында Қазақстанда Ресейдің М. Пятницкий атындағы Мемлекеттік академиялық орыс халық хоры, И. Моисеев атындағы мемлекеттік академиялық халық биі ансамблі, Санкт-Петербургтің Мариин театры, А.Чехов атындағы Мәскеу көркем театры өнер көрсетсе, өз кезегінде Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Мәскеу қаласына гастрольдік сапарға барып, М.Ю.Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры «Ресей-Қазақстан. ХХI ғасыр» фестиваліне қатысып қайтты. Сондай-ақ, Ресейдің мемлекеттік академиялық Үлкен театрының жаңа сахнасында екі елдің дипломатиялық қатынасының жиырма жылдығына орай үздік өнер шеберлерінің қатысуымен мерекелік концерт өтіп, онда халқымыздың өнер майталмандары Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева және Республикалық гвардияның Президенттік оркестрі мен «Серпер» домбырашылар ансамблі өнер көрсетті. Ресей мен Қазақстан бір-біріне тек қана өнер ұжымдарын немесе жеке орындаушыларын жіберіп қана қоймай, белгілі өнер майталмандарымен тәжірибе алмасып, кәсіби шеберліктерін толықтыруда. Осындай жұмыстың нәтижесінде көркемдік дәрежесі жоғары сапалы мәдени өнімдерге қол жеткізіледі. Мысалы, Ресейдің әлемге әйгілі кәсіби өнер шеберлерінің хореограф Борис Эйфманның «Красная Жизель», «Анна Каренина», «Роден» атты үш бірдей туындысы, қоюшы-режиссер Юрий Григоровичтің «Ұйқыдағы ару» қойылымы, сондай-ақ, М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсының қоюшы-режиссері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының және «Достық» орденінің иегері Юрий Александровтың да бірқатар қойылымдары еліміздің белгілі театрларының репертуарында берік орын алып отыр. Осы тұста Дж. Вердидің атақты «Атилла» операсында дирижерлік еткен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Санкт-Петербургтің Мариин театрының көркемдік жетекшісі Валерий Гергиев туралы да айтып өткен орынды. Өз кезегінде Ресейдің өнер сахналарында біздің де мәдени өнімдеріміздің лайықты орыны бар. Мысалы, белгілі қазақ жазушысы, драматург Дулат Исабековтің шығармалары Ресей театрларының сахналарында қойылуда. 2012 жылы драматургтың жетпіс жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Исабеков әлемі» халықаралық театр фестиваліне Ресейдің Омбы мемлекеттік, Васильевскийдегі Санкт-Петербург, Стерлитамак мемлекеттік Башқұрт драма театрлары қатысып, жазушының шығармалары бойынша сахналанған қойылымдарды қазақстандық көрермендер назарына ұсынды. – Алан Бөрібаев туралы да айтқаныңыз жөн деп ойлаймын. – Айт десеңіз айтайын. Иә, Мәскеудің мемлекеттік академиялық Үлкен театры симфониялық оркестрінің шақырылған дирижеры ретінде Алан Бөрібаев жемісті жұмыс атқарып келеді. Оның дирижерлігімен Үлкен театрдың сахнасында П.И.Чайковскийдің «Евгений Онегин», С.С.Прокофьевтің «Любовь к трем апельсинам», В.А.Моцарттың «Волшебная флейта» шығармалары бойынша қойылған спектакльдер көрермендердің назарына ұсынылуда. Сонымен қатар, Үлкен театрдың симфониялық оркестрі Аланның жетекшілігімен 2012-2013 жылдары Ұлыбритания, Израилде гастрольдік турнеде болса, биылғы жылы Германия, Швейцария секілді алпауыт елдерде өнер көрсетеді. Осындай үлкен жауапкершілікті мойнына алған екі жақтың өнер өкілдерінің еңбектері Ресей мен Қазақстанның мәдени достығының нығаюына септігін тигізеріне сенімдіміз. – Күрделі де қызықты кино саласында осы үрдіс қалыптасқан болар? – Кино өнері бойынша екі ел арасындағы ынтымақтастық жыл сайын күшейе түсуде. Мысалға, былтыр Алматы қаласында өткізілген «Еуразия» халықаралық кинофестиваліне отыз ресейлік кино қайраткерлері қатысып, тоғыз ресейлік фильм көрсетілді. «Шәкен жұлдыздары» кинофестиваліне елуге жуық ресейлік картина қатысып, екеуі өз номинацияларының үздігі атанды. Жыл бойы Орынбор, Астрахан, Омбы облыстарында Қазақ киносының күндері өтті. Қазақ және Ресей киногерлері бірлесіп, бірқатар жобаларды іске асырды. Бұл ретте танымал ресейлік кинорежиссер Егор Кончаловский түсірген «А»-ға оралу» фильмі мен «Cердце мое – Астана» кинофильмдерінің жинағын атап өтуге болады. – Асқар Исмайылұлы, мұрағат, кітапхана ісі бойынша екі мемлекет арасында қандай істер атқарылып жатыр? – Бүгінгі таңда мұрағат, кітапхана ісі бойынша екі елдің мәдени мекемелері мен өнер ошақтары бір-бірімен тығыз қарым-қатынасқа түсіп, өзара нәтижелі жұмыс жасауда. Былтыр қазақстандық архивистер Мәскеуде өткен «Мұрағаттардағы цифрлық технологиялар: қолдану тәжірибесі мен даму аясы» атты халықаралық семинарға қатысып қайтты. Оған қоса екі мемлекеттің архивистері Росархивтің ұйымдастыруымен жүзеге асырылған көпжылдық ірі жоба – «КСРО-дағы ашаршылық» өз қорытындысына жетті. Ендігі кезде ресейлік архивистер қазақстандық әріптестеріне «1941-1945 жылдар аралығында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы КСРО ауыл шаруашылығы» жобасына атсалысуды ұсынып отыр. Былтыр Ресей мұрағаттары мен кітапханаларынан Қазақстан тарихына қатысты құжаттарды іздеу мақсатында Калмыкияның Элиста қаласына бір топ қазақстандық архивистер барып қайтты. Бұл іссапардың нәтижесінде Археография және деректану Ұлттық орталығы қазіргі кезде Қалмақ Ұлттық мұрағатында табылған деректердің негізінде Қазақстан тарихы бойынша құжаттардың жинағын шығаруды қолға алды. Ал кітапхана ісіне келсем, Қазақстан мен Ресейдің гуманитарлық саладағы ынтымақтастық бағдарламасы аясында «Шекарадағы кездесулер» жобасын жүзеге асырып келеді. Жобаның басты мақсаты – бірлескен электрондық ақпараттық ресурстарға Ресей және Қазақстан халықтарының қолжетімділігін қамтамасыз ету. Сөзімді қорытындылай келе, екі ел арасындағы мәдени байланыстар, өзара ынтымақтастық пен достық одан әрі нығайа береді деп сенемін. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.