Азаттық құсы аспанда самғағалы алаш баласының қиялы мұзарттармен беттесті. Өнердің керегесі кеңейіп, қаламгер болсын, қылқалам шебері болсын ойын еркін жеткізіп, түйсігін тереңнен тартты. Оған осы картина дәлел бола алады.
Тәуелсіздік жайлы сөз қаузалса Елбасы, Елбасы жайлы әңгіме айтсақ, Тәуелсіздік сөзіміздің тұздығы болатыны анық. Егемендікке қол жеткізгелі бері қазақ даласында бейнелеу өнерінің майталмаңдары жаһандану дәуіріндегі Жаңа Қазақстанның келбетін сыза бастады. Бірі – шексіз ізгілікті құс қанаты талатын ұлан-ғайыр даладан іздесе, бірі – ұлттың тірегі болған тұлғалардан тапты. Мәселен, оқырманға ұсынылып отырған «Елбасы. Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев портреті» картинасы жеке адамның автопортреті емес, ол мұқым халықтың жүріп өткен жолының бояуы. Оны суретшінің өзі де мойындайды.
«1996 жылы Елбасы менің картиналарымды резиденциясына алдырды. Қазақтың маңдайына біткен атақты актер Асанәлі Әшімов екеуміз қабылдауында болдық. Шығармаларымды тамашалап болған соң, қолымды алып, алдағы мақсаттарымен бөлісті. Артынан көмекшілері Елбасының портретін салсақ деген ұсыныс тастады. Бірден іске кірісіп кеттім. Жұмысты аяқтап, сыйлық ретінде жолдадым. Елбасы көріп, риза болған екен. Көмекшілері рахметін айтты», дейді автор.
Суретшіні мемлекеттің дамуына маңызды рөл атқарған тарихи тұлғалар көптен қызықтырған екен. Содан да болар, 2014 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың портретін қайта жазуды қолға алады. Осылайша, екі бірдей туынды салтанатты портрет жанрында жазылады. Бұл – екі көзқарас биігінде тұлғаға деген үлкен құрметтің жемісі. Алғашында Ұлт көшбасшысының ұлттың тізгінін енді қолға алған кезеңін берсе, екіншісінде қазақты әлемге танытқан шағын жеткізген.
Бақсаңыз, алғашқы портретте қазақы компонент белсендірек көрсетілген. Заманауи костюмнің үстінен жамылған алтынмен кестеленген қызыл шапан, оюлы кілем, тау етегінде созылған астанамыз әдемі бедерленген.
Ал екінші портретте басқа детальдарды негізге алған. Фигура аспанның таза көгінде қалықтаған глобустың фонында жазылған. Онда шеңберде белгіленген Қазақстан картасы жердің байтақтығын жеткізеді. Сол дарқан даламыздың Нұрсұлтан Назарбаевтай даңқты ұлы бар екенін мақтанышпен баяндайды. Өкінішке қарай, екінші портрет біздің қолымызға түспеді. Оны да суретші Елбасыға сыйлаған екен.