Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев айтқандай: «Қазір креативті экономиканың, креативті индустрияның дәуірі. Бұл елдің дамуы өндіріс пен өнеркәсіпке ғана емес, адамның шығармашылығына, идеясына тәуелді деген сөз. Адам патриот болып туылмайды. Ол тиісті білім мен тәрбие алып, әлеуметтік ортада өзінің азаматтық тұлғасын қалыптастыру арқылы патриотқа айналады».
Дегенмен жастардың тәрбиесіне қатысты мәселелер қазіргі қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызып отыр.
Бас прокуратураның мәліметтері бойынша, елімізде жыл сайын университеттер мен колледждердің 1,5 мыңға жуық студенті қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл – әкімшілік құқық бұзушылықтардың көптеген фактісін санамағандағы көрсеткіш.
2020 жылы 18 жастан 30 жасқа дейінгі 4 207 адам есірткі заттарын пайдаланғаны үшін есепке алынған, олардың арасында білім алушылар да аз емес.
Соңғы жылдары елімізде өрімдей жастардың, соның ішінде оқушылардың өз-өзіне қол салу әрекеті жиі орын алуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, Қазақстан суицидтік көрсеткіштерден әлем бойынша 7-орында тұр.
Білім іздеп, асқақ арманмен келген студент-жастардың діни-экстремистік ұйымдардың құрбаны болып, теріс жолға түсіп кеткені – бәрімізді қатты алаңдататын жағдай.
Оқу орындарында, жатақханаларда студенттердің бір-біріне әлімжеттік жасап, күш көрсетуі, өмірлеріне қауіп төндіретін әрекеттерге баратыны белгілі.
Қазір университеттер басшылары студенттерге «тәрбиеленуші тұлға» ретінде емес, университетке «қаржы түсірудің көзі» деп тым жайдақ қарайды. Анығын айтсақ, жоғары оқу орындарында кадрларды даярлау қарапайым бизнеске айналып кетті. Тіпті университеттерді аккредиттеу жүйесінде студенттердің тәрбие жұмысы толыққанды қарастырылмаған.
Жалпы, біздің тәрбие жүйеміз ұлттық құндылықтарымызға негізделуі керек. Өкінішке қарай, соңғы кезде, әсіресе, халықаралық деңгейдегі кейбір университеттерде батыстық ұстанымдарға еліктеу орын алуда.
Көптеген оқу орнында тәрбиелеу үдерісі формальді сипат алуда. Яғни ол есеп беру үшін ұйымдастырылатын имидждік іс-шаралар деңгейінде қалып отыр. Кураторларға қосымша ақы аз мөлшерде төленгендіктен, педагогтерді жұмыс істеуге ынталандырмайды. Ал кейбір университеттерде олардың лауазымы тіпті жойылып кеткен.
Оқу орындарында психологтер жетіспейді. Егер жастарға дер кезінде қажетті психологиялық қолдау көрсетілсе, жоғарыда аталғандай өзіне қол жұмсау фактілері аз болар ма еді.
Бірқатар университетте кәсіби теолог-мамандар жоқ. Ашығын айтқанда, біз оқу орындарында діни-экстремистік идеологияға қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстардың тиімділігі бойынша артта қалып отырмыз.
Әрине студенттерді өзін өзі басқаратын тұлға ретінде тәрбиелеу қажет. Бірақ бүгінгідей қауіп-қатері басым қоғамда тәлімгерлердің жастарға бағыт беруі, қамқорлық көрсетуі, өздерін мақсатты басқаруға бейімдеуі аса маңызды.
Азаматтық-патриоттық тәрбие – жүйелі, көпқырлы жұмыс. Ол құр ұрандаумен қалыптаспайды. Бұл бағытта жастардың қызығушылығын ескеру қажет.
Мәселен, қазіргі уақытта студент-жастар арасында әскери кафедралардың курсанты болуға сұраныс көп. Сол себепті жастарды отансүйгіштікке баулуда әскери кафедралардың рөлін арттыру қажет. Бұл ретте әскери кафедраларға студенттерді қабылдау квотасын көбейткен дұрыс болар еді.
Жастарды жаппай спортқа бейімдеу өте маңызды. Алайда университеттердің көпшілігінде спорттық базалар жетіспейді. Ал қалалық спорт кешендеріне баруға студенттердің қалтасы көтермейді. Мемлекет бюджетінің қаражатына салынған көптеген спорттық сарай көбінесе бос тұрады. Қарапайым сөзбен айтқанда, олар көрме үшін салынған сияқты. Бұл бағытта Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрліктері әкімдіктермен бірігіп, жастарды жаппай спортқа тартудың кешенді жобасын әзірлеп, спорттық кешендердің қолжетімділігін шешуі керек.
Жоғары мектептің басты міндеті – үйлесімді дамыған жеке тұлғаларды тәрбиелеп шығару. Өкінішке қарай, университеттерде қаражатты үнемдеу мақсатында жастардың өнерін қолдауға, оларды шығармашылыққа ынталандыруға тиісті назар аударылмайды.
Айтылған мәселелер «жоғары білім беру ұйымдарының басшылары тәрбие жұмысына деген көзқарастарын өзгертуі керек» дегенді білдіреді. Нақтырақ айтсақ, тәрбие процесі университеттің қызметін, олардың басшыларының жұмысын бағалаудағы негізгі критерийлердің бірі болуы керек.
Жастарға азаматтық тәрбие беру бағдарламасының тұжырымдамалық бағыттарын Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттар жиынтығында айтып, оның жастар үшін мемлекеттігіміздің даму векторын анықтауда жол көрсетер құндылығын айқындап берді.
Енді осы маңызды бағдарламаны іске асыруымыз керек.
Осыған орай уәкілетті мемлекеттік органдардың еліміздің жоғары оқу орындарындағы тәрбие процесінің жай-күйіне сыни талдау жүргізуі және оны қоғамымыздың қазіргі заманғы үрдістері мен даму басымдықтарына сәйкес сапалы жаңа деңгейге көтеруге қатысты қажетті шаралар қабылдауы маңызды.
Ақылбек КҮРІШБАЕВ,
Сенат депутаты