Коронавирус • 02 Желтоқсан, 2021

«Омикрон» штамы оқшаулайды

711 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматы қаласы соңғы апталарда «жасыл аймаққа» өтіп, ковид жұқтырғандар саны азайғаны осы еді, «омикрон» штамының аты естілді. Осыған орай қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова жаңа штамм дерттің қайта өршуіне әкелуі мүмкіндігіне байланысты той-томалақ, көпшілік орындарға баруды тыя тұруды ескертті.

«Омикрон» штамы оқшаулайды

Ол мегаполистің «жасыл ай­мақта» орналасқанына қара­мас­тан, соңғы аптада коронавирус инфекциясының 641 жағ­да­йы тіркелгенін мәлімдеді. Әлем­де эпидемиялық жағдай на­шар­­лап, қатаң карантин режімі қайта енгізілгенін, Оңтүстік Афри­када қауіпті «омикрон» мутация­сы­ның пайда болғаны туралы ДДҰ мәліметтерін алға тартты. «Омикрон» – патогенді, жұқ­па­лы­лығы «Дельта» нұсқасынан асып тү­седі және ағзадағы анти­де­не­лер­ді айналып өтуге қабі­лет­ті.

– Сондықтан халықты, әсіресе қарттарды, созылмалы аурула­ры барларды, жасөспірімдер мен жүкті әйелдерді вакциналау­ды же­делдету қажет. Алматы тұр­ғын­да­ры елде «омикрон» шта­мы­ның ­пайда болуына және таралуына жол бермеу үшін, әсіресе демалыс және мереке күндері адамдар көп жиналатын орындардан аулақ болу­ға тырысқандары жөн, – деді Ә.Қалықова.

Маман «омикронды» жұқ­тыр­ған оқиғалардың Африканың 8 елінде (ОАР, Ботсвана, Лесото, Нами­бия, Зимбабве, Мозамбик, Эсватини, Танзания), сондай-ақ Бельгияда, Израильде, Гонконгта, Германияда, Чехияда және Ұлы­бри­та­нияда тіркелгенін атады.

«Омикрон» алдыңғы нұсқа­лар­дан көптеген жаңа мутация­лар­мен ерекшеленеді. Оның Қа­зақ­станға кіруіне жол бермеу мақсатында мекемеаралық ко­миссия 3 желтоқсаннан бас­тап Ботсвана, ОАР, Лесото, Намибия, Зимбабве, Мозамбик, Малави, Мадагаскар, Эсвитини, Танзания және Гонконгтан шетел азаматтарының Қазақстанға кіруін шектеу туралы шешім қабылдап отыр. «Омикронға» қатысты КВИ жағдайлары анықталған елдерден келген адамдар ПТР нә­тижесіне қарамастан 7 күнге оқ­шаулануға тиіс. Мысырмен әуе қатынасын тоқтата тұру туралы шешім қабылданды.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымов апта сайын қалалық стационарлардың, емханалар мен дәріханалардың дәрілік заттармен, медициналық мақсаттағы бұйымдармен (ММБ) және жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізетінділігін мәлімдеді.

Бүгінгі таңда стационарларда 2 209 мың дәрі-дәрмек бар. Бұдан басқа, 736 мың дәрілік заттар жеткізіледі. Қала емханаларында 299 мың дәрілік заттар бар, қосымша 199 мың дәрілік зат­тар түсуі керек. Әзірге коро­на­­вирус инфекциясын емдеуде сұранысқа ие дәрі-дәрмектер барлық дәріханадан табылады. Қам­тамасыз ету қоры 85-90%-ды құрайды, қоймаларда 1,3 млн сұранысқа ие препарат бар.

Тұрақтандыру қорының қа­ра­­жаты есебінен 2020 жыл­ғы шілде мен 2021 жылғы қыркүйек аралығында Алматыға жос­пар­лан­ған 40 млн дәрілік заттар мен ММБ-дан 58,8 млн әкелінді, 43,6 млн іске асырылды. Бұл ретте 8 млн мөлшерінде төмендетілмейтін қал­дық сақталды. Айта кету керек, қаланың медициналық ұйымдары, дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың ірі көтерме жеткізушілері, сондай-ақ қаланың бөлшек сауда желілері 2020 жылғы тәжірибені ескере отырып, сұраныстың ықтимал өсуі­не алдын ала дайындалып, қой­маларында қор жасақтап жат­қан жайы бар.

Дәрілік заттар және ММБ тұрақтандыру қоры жұмысының оң тәжірибесін, тұрғындарды вакциналау деңгейін және қаланың фармацевтикалық компанияларында Дәрілік заттар және ММБ қорларының болуын ескере отырып, Алматы әкімдігі айналым кестесі бойынша 3,75 млн бірлік мөлшерінде төмендетілмейтін қорды сақтай отырып, кемінде 9,2 млн бірлік Дәрілік заттар және ММБ жеткізу үшін 2,77 млрд теңге бөлді. Осылайша, қалада екі айлық беріктік қоры сақталады, бұл ДСМ талаптарына сәйкес келеді.

Өз кезегінде Ә.Қалықова ұжым­­дық иммунитетті қалып­тас­­тыру үшін бүгінгі 56,5%-дық көр­­сеткіш жеткіліксіз деп есеп­тей­ді, сондықтан вакциналау өте ма­ңызды.

– Бүгінде біз ұжымдық имму­ни­тет деңгейінің 56,5%-ына жет­тік, ол вакциналанғандардың 48,4%-ынан және ауырып жазыл­ған адамдардың 8,1%-ынан тұра­ды. Бұл ретте вакциналаудан кейін сырқаттанғандардың үлес сал­мағы егу науқаны бас­тал­ған­нан бері небәрі 0,3%-ды –
3 151 адамды құрады. Ал індеттің қайта бас көтеруіне жол бермеу үшін вакциналау арқылы, оның ішінде 9 ай немесе 6 ай бұрын екпе алғандарға екпе қайталануы мүмкін, – дейді Ә.Қалықова.

Вирус жұқтырғандардың ішінде жұмысы бар және жұмыс іс­темейтін азаматтардың үлес сал­мағы – 26,1%, зейнеткерлер – 21,2%, ұйымдар, ЖШС, ЖК қызметкерлері – 20,3%, оқушылар – 13,1%. Әзірге Алматыда Pfizer компаниясының Comirnaty препаратымен 13 248 адам вакциналанды, оның ішінде жүкті әйелдер – 795, бала емізетін әйелдер – 2 803, балалар мен жасөспірімдер – 9 650.

 

АЛМАТЫ